Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » ХАЛІҢ ҚАЛАЙ, ҰБТ?

ХАЛІҢ ҚАЛАЙ, ҰБТ?

Шымкент қаласы әкімдігіндегі актив жиналысында қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева ҰБТ туралы толық айтып берді. Биыл қаладағы жалпы орта мектептеріндегі 11-сыныпты 7431 окушы тәмамдайды. Шымкентте жалпы саны 129 мектеп бар болса, солардан 5059 оқушы ҰБТ тапсырып көруге ниет білдіріп отыр.

– Биыл 254 оқушы алтын белгіге үміткер, 173 түлек ерекше улгідегі аттестат алуы мүмкін. Айта кетейік, 2017 оқу жылы жаңа форматпен аяқталады. Нақты айтқанда, барлық түлектер алдымен мектепте емтихан тапсырады. Содан соң биыл ЖОО-на оқуға түсуге ниетті окушылар ҰБТ тапсырады.

Шымкенттің бас педагогы ҰБТ тапсырылатын әр орында 13-тен 44-ке дейін аудитория әзірленетінін атап өтті. 80 тестілеу пункті ұялы байланысқа кедергі келтіретін құралдармен жабдықталады. Мұнымен қоса, 4G жүйесін бәсеңдететін заманауи 18 құрал сатып алынды. Тестілеу орындары металл-өткізгіштермен, бейнебақылау жүйесі және желдеткіштермен де қамтамасыз етіледі.

ҰБТ биыл 20 маусымнан 1 шілдеге дейінгі аралықта өтеді.

– ҰБТ мәселесін ушықтырмау – бүгінгі күннің ең маңызды мәселесі, – деді Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов. – Олар біздің перзенттеріміз. ҰБТ тапсыра алмаса, өмірлері бүлінеді деп қорқытудың қажеті жоқ. Емтиханның өзі олар үшін күйзеліс, ал біз оларды қолдауымыз тиіс.

Бос үрейлер белең алмас үшін әкім мектеп түлектері мен олардың ата-аналарына кеңінен түсіндіруді тапсырды. Буған қоса перзенттерін қолдауға келген ата-аналар үшін барынша жағдай жасау қажеттігін қадап айтты.

Білім бөлімінің басшысы мен қала әкімінің әр сөзінен өскелең ұрпақ үшін бас ауыртатындықтары сезіліп-ақ тұрды. ҰБТ мәселесі жан-жақты айтылып болған соң, алдағы жаз мезгіліндегі балалар демалысы да талқылаудың басты тақырыбына айналды.

Биыл 43 мыңнан астам бала жазғы лагерьде демалады екен. Жазғы демалыспен барынша көп баланы қамту үшін мектептерде қосымша алаңшалар ашу мүмкіндігін қарастыру, қала сыртындағы және мектептердегі барлық лагерьлерде қауіпсіздік шараларын күшейту жолдары да қарастырылды. Биыл 363 жетім бала, 940 жартылай жетім, көп балалы отбасынан 1437 бүлдіршін және аз қамтылған отбасылардан 1460 балғын қалалық бюджет есебінен қала сыртындағы лагерьлерге жіберіледі. Әлеуметтік көмекке мұқтаж педагогтардың 600 баласы кәсіподақ қаржысы есебінен демалады. Ал 31565 бала мектептердегі лагерьлерле жазғы демалысын өткізеді деп жоспарлануда. Мысалы, Сайрам ауданындағы «Ақсу» лагеріне – 1200 бала, ал «Арман» және Үшбұлақ» лагерьлеріне – 4011 бала жіберілмек екен.

Өз тілшімізден

Пікір жазу