Басты бет » ОҚО жаңалықтары » ТҮРКІСТАНДЫ ДАМЫТУҒА ІСКЕР ӘЙЕЛДЕР ДЕ ҮЛЕС ҚОСАДЫ

ТҮРКІСТАНДЫ ДАМЫТУҒА ІСКЕР ӘЙЕЛДЕР ДЕ ҮЛЕС ҚОСАДЫ

Бүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Қазақстандағы іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Сәрсембаева мен қауымдастықтың Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы өкілдіктерінің жетекші ханымдары Құралай Бекенова, Инара Намазбаева, Эльмира Созақбаева сынды бірқатар іскер әйелдермен кездесті. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz хабарлайды.


Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымдарымен болған басқосуда жаңа Түркістанның болашақтағы кескін, келбеті, алдағы жоспарлары туралы кеңінен сөз болды. Нәзік жандылар қауымы осынау жауапты да тарихи сәттерде бас бола білген өңір басшысын жан-жақты қолдайтындарын, тіпті оны одан әрі көркейтуге өз үлестерін қосуға әзір екендіктерін жеткізді.
Барша іскер әйелдер қауымының атынан сөз алған Раушан Біргебайқызы Түркістан облысының әкімдігімен бірге бірлескен жобалар жасауға ұсыныс айта келіпті. Атап айтқанда, іскер ханым бүкіл түркі тілдес халықтардың ата жұрты — Түркістандағы қызмет көрсету сапасын халықаралық талаптарға сай етіп ұйымдастыруға атсалысқысы келеді. Туристер көп келетін орталықтағы сервис мәселесін арнайы мамандармен оқыту арқылы дамытып, шешуді мақсат тұтқан нәзік жандылар, сонымен бірге, кәдесый жасау орталықтарын да көптеп ашып, жұмысты жолға қоюды мақсат етіп отыр. Өңірімізде бұл салада талантты азаматтардың жеткілікті екенін алға тартқан Р.Сәрсембаева олардың басын қосып, оқытып, ұйымдастыруда қауымдастық күшіне сенімді. Әйелдер қауымдастығының түрлі салаларда тәжірибеге бай екенін айтқан іскер ханым Түркістан шаһарының сыртқы келбетіне де отбасы, ошақ қасының ұйытқысы бола білген әйелдер қауымының — нәзік жандылардың қуаты мен күшін жұмсауға ниеттенгені артықтық етпейтінін білдірді.


Жиынға қатысушы қыз-келіншектердің ұсыныс-тілектерін мұқият тыңдаған облыс әкімі Ж.Түймебаев аталған жобаларды бірлесе әзірлеуге дайын екенін, алдағы уақытта түрлі жұмыстарды біріге атқаруда қолдайтынын жеткізді.

 

«DIDARBEK.KZ» – ақпарат»

Пікір жазу

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*