Басты бет » ОҚО жаңалықтары » ТҮРКІСТАНДАҒЫ КӘСІПОРЫНДАРДА ЖАЛАҚЫ КӨБЕЙЕДІ

ТҮРКІСТАНДАҒЫ КӘСІПОРЫНДАРДА ЖАЛАҚЫ КӨБЕЙЕДІ

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Түркістан облысындағы 88 кәсіпорында айлық жалақы көтеріліп, ең төменгі жалақы көбейеді. Бұл туралы бүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Елбасы Жолдауы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру және Түркістан қаласын дамыту барысы» тақырыбында Орталық коммуникациялар қызметінің Түркістан қаласында тұңғыш рет өткізген көшпелі баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырамын. Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтиды. Бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35 пайызға өседі. Осы мақсаттарға 2019-2021 жылдарда республикалық бюджеттен жыл сайын 96 миллиард теңге бөлу керек», деген болатын.

Осыған байланысты, облыс әкімі ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы бойынша Түркістан облысында атқарылып жатқан шараларға тоқталды.

Аймақ басшысы баспасөз жиынында Түркістан облысының білім саласына енгізген JUMYS.SITCEN.KZ жүйесін Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі республикада ең үздік жүйе ретінде таңдағанын айтып, қазір басқа өнірлерге тарату мәселесі қолға алынғанын жеткізді. Нәтижесінде, жаңартылған білім беру мазмұнымен сабақ беретін 32 532 педагогтың айлық жалақысына қосымша 30% қосылған. Бұдан бөлек, ол осы жылдың қыркүйек айынан бастап жаңа формат бойынша 4 200 педагогтың айлық жалақы санаттарына қарай 30-50 пайыз үстемақы төленіп жатқанын да мәлімдеді (1 млрд. 67 млн. теңге қаралған).

Облысымызда 468 197 оқушы қамтитын 902 орта білім беру ұйымы жұмыс істейді. Білім беру ұйымдарында жалпы 60 555 педагог кадрлар қызмет етеді (2017 жылы – 55147), өткен жылмен салыстырғанда 5 408-ге өсті.

Сондай-ақ, отырыста облыстың медицина саласындағы жаңалықтар да жария етілді. Яғни, алғашқы медициналық санитариялық көмек (АМСК) деңгейінде басымдықты және негізгі ауруларды басқаруды қамтамасыз ету мақсатында Түркістанда облысында Ауруларды басқару бағдарламасы (бұдан әрі — АББ) енгізілуде. Ағымдағы жылы Түркістан облысының 23 алғашқы медициналық санитариялық көмек (АМСК) ұйымдарында үш нозология бойынша ауруларды басқару бағдарламасы енгізілген.

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Бағдарлама аясында медицина қызметкерлерін оқытып, сертификат алғандарға жалақысына 20 пайыз қосымша ақы төлеу арқылы кезең-кезеңімен өсіру жоспарлануда.

Айта кетейік, облыста жалпы 38 медициналық ұйымның барлығы электронды құжат айналымына өткен (100%). Ал, 121 медициналық форманың 74 электронды форматқа өткен (61,1%). Сонымен қатар, өңірде 1 768 871 электронды денсаулық паспорты құрылған.

 

«DIDARBEK.KZ» – ақпарат»

Пікір жазу

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*