Басты бет » Ауыл жаңалықтары » “АДАЛ ЖОЛ” ҰРАНЫМЕН ӨТКІЗІЛГЕН ЖАРЫС

“АДАЛ ЖОЛ” ҰРАНЫМЕН ӨТКІЗІЛГЕН ЖАРЫС

Сыбайлас жемқорлық — мемлекеттің мемлекет болып өркендеуіне, ұлттың ұлт болып қалыптасуына, экономика мен ғылымның дамуын тежейтін, қай сала болса да оның тамырына індет болып таралатын құбылыс. Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесі болып отыр.

Сыбайлас жемқорлықтың жиі бой көрсететін, ең қауіпті түрі — парақорлық. Парақорлықпен елімізде көбінесе қолында билігі бар, шешім шығаруға өкілеттігі жететін қызметкерлер айналысатыны белгілі. Оған себеп болатын факторлардың негізгілері: кейбір қызметкерлердің құқықтық білім дәрежесінің төмен болуы, мемлекет мүддесін емес, өзінің жеке басының жағдайын ойлауы, ұлтжандылық-патриотизм сезімінің өте төмен болуы, яғни елінің болашағын, одан қала берді, өз ұрпағының болашағын ойламауы.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2017 жылы 26 желтоқсанда қазақстандық БАҚ өкілдерімен кездесу барысындағы сыбайлас жемқорлық тақырыбында: «…Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бар. Біз оны бір секундтай тоқтата алмаймыз. Керісінше, біз күштірек күресеміз. Ал, егер біреу пара алып жүрсе, демек біреу беріп жүр деген сөз. Сондықтан, бұл жалпыхалыққа ортақ іс. Біз бұқаралық ақпарат құралдарында бұл жайында хабарлауымыз керек. Пара бермеуіміз керек, сонда оны алмайтын болады»,-деген болатын. Көріп отырғанымыздай параны берген де, алған да парақор. Біз бұны тоқтатуымыз қажет, үйде балаға тәрбиені дұрыс беруіміз керек. Тәрбиені үйрену үлкенге де қажет дегендей, отбасындағы жемқорлық тақырыбындағы жүйе дұрыс жолға қойылуы керек. Қай ата-ана баласының «бірінші нөмірлі» болғанын жек көреді дейсіз? Әрине, жақсы көреді. Бірақ, балаға сондай жетістіктерге «төте» жолмен емес, өз қабілетінің, білімінің, қайраттылығының, іскерлігінің, батылдығының арқасында жете алатынын жастайынан ұғындыруымыз қажет. Халық арасында жемқорлыққа қарсы күресті насихаттау — біздің парызымыз.

Осы мақсатпен Түркістан қаласында «Халықаралық зағиптар күні» қарсаңында спорттың 5 түрінен, атап айтқанда дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ, қол күресі, арқан тарту ойындарынан «Адал жол!» ұранымен Түркістан облысы зағиптары арасында жарыс ұйымдастырылды. Балуан Шолақ спорт кешенінде өткен жарыстың ашылу салтанатында Түркістан қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қуатбек Айдарбеков пен Қазақстан Зағиптар одағы Түркістан облысы бойынша өкілдігінің төраға орынбасары Марат Пірімжановтар құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Атаулы іс-шараға Түркістан, Арыс, Кентау қалаларынан, Бәйдібек, Отырар аудандарынан командалар қатысты. Жалпы командалық есеп бойынша 3-орынды Арыс қаласы қанжығасына байласа, 2-орынды Түркістан қаласы иеленді, ал жеңіс тұғырынан Бәйдібек ауданы көрінді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, медальдармен марапатталды.

 

Өз тілшімізден.

Пікір жазу

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*