Басты бет » Ауыл жаңалықтары » Жетісайлық кәсіпкер гүл сату ісін өркендетіп отыр

Жетісайлық кәсіпкер гүл сату ісін өркендетіп отыр

Бүгінде кәсіп істеймін деген адамға мүмкіндік көп. Теңгенің тиыннан құралатынын ескерсек, шағын кәсіптің өзінен толағай табыстарға жетуге болатынын дәлелдеп жүргендер аз емес. Солардың бірі – Жетісай ауданы Қазыбек би ауылының тұрғыны Жамшид Нартаев.

Осыдан 10 жыл бұрын Өзбекстаннан Қазақстанға қоныс аударған қандасымыз бүгінде үй іргелік 3 соттық жер теліміне жылыжай орнатып, гүл сату ісін өркендетіп отыр. Бүгінде оның жылыжайында құмыраға отырғызылған гүлдің 20-дан астам түрі өсіріледі. Қарасаң көздің жауын алатын гүлдер негізінен Жетісай қаласындағы базарларда саудаланады екен. Бағасы да аса қымбат емес.
«Жылыжайымыз көмірмен жылытылады. Гүл деген нәзік келгендіктен жылыжай ішіндегі ауа температурасына аса мән береміз. Біздегі гүлдердің ерекшелігі сол – бәрі құмыраға отырғызылады. Яғни, бізде өсірілетін гүлдерді үй ішінде күтіп, баптауға болады. Сұраныс та жаман емес. Жыл он екі айда үш-төрт реттен өнім аламыз», — дейді Жамшид Нартаев.
Алдағы уақытта Жамшид жылыжай көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр екен. Осы мақсатта ол Қазыбек би ауылынан қосымша жер телімін сатып алыпты. Бұдан бөлек, түрлі салаттар әзірлеуді де қолға алған ол жылыжай әзірлеп, қырыққабат, қияр, қызанақ егу ісін де өркендетпекші екен.
Бір қарасаңыз, жылыжай ашып, гүл өсіру аса қиын да іс емес секілді әсер қалдырады. Бірақ Жамшид бұл көзқараспен мүлдем келіспейді. 


«Алғашқы жылдары гүл өсіру ісіне күле қарап, мол табыс әкелетініне сенімсіздік білдіргендер аз болған жоқ. Алайда мен жылдан жылға тәжірибе жинақтап, күтіп-баптау ісіне аса мән бердім. Ізденіс жоқ жерде ісің өрге баспайды. Сондықтан күнделікті ізденіс мені осындай жетістікке жетеледі. Бүгінде Аллаға шүкір өзімнің сүйікті кәсібім бар. Айлық табысымыз бір әулетті асырауға жетеді», — дейді гүл баптаушы Жамшид Нартаев.

Пікір жазу

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*