Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ЯСАУИ ХИКМЕТТЕРІ МУЗЫКА АРҚЫЛЫ ТҰҢҒЫШ РЕТ ОРЫНДАЛАДЫ

ЯСАУИ ХИКМЕТТЕРІ МУЗЫКА АРҚЫЛЫ ТҰҢҒЫШ РЕТ ОРЫНДАЛАДЫ

2018 жылғы 30 қараша күні, сағат 19:00-де Астана қаласы «Астана» концерт залында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Астана қаласы әкімдігі, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі және Астана қаласы мемлекеттік филармониясының ұйымдастыруымен тұңғыш рет Қожа Ахмет Ясауидің хикметтеріне қалам тартқан елге белгілі ағайынды композиторлар Серікжан және Әліби Әбдінұровтардың «Әзірет қонған Түркістан» концерті және Ясауи жайлы көрме өтеді.


Концертке Астана қаласы мемлекеттік филармониясының академиялық симфониялық оркестрі, камералық хоры, жеке орындаушылар және Павлодар қаласынан арнайы келген вокалдық квинтет (әншілер тобы) қатысады.
«Хикметтер» симфониялық дастаны ұлы бабамыздың «Диуани хикмет» кітабын оқу барысында туған толғаныстарда және «Мәңгілік» дауыс пен симфониялық оркестрге арналған шығармада сазгер Ясауи ілімінің рухани маңыздылығына, тереңдігіне көңіл бөлінген. «Уа, жаратқан» дауыс пен оркестрге арналған романста Жаратқанның хақ екендігін, күнәларының кешуін, жауапты күннің келетіндігі туралы толғанса, «Қожа Ахмет Ясауи» туындысы ақын және симфониялық оркестрге арналған. Бейт-симфонияда автор жеке орындаушы ретінде ақынды таңдады. Себебі ол ұлы бабаның өз бейнесі іспеттес. Тыңдармандарға ұлы ұстаз, ақын өзі тіл қатып, хикметтерін халқына өзі оқып тұрғандай әсер береді.
Қазақстанда алғашқы рет кәсіби музыка тілімен насихаттайтын, хикметтерімен таныстыратын шығармашылық кеш —  Қожа Ахмет Ясауидің  соңында қалған телегей-теңіз рухани мұрасын насихаттауды мақсат тұтады.
Кеште  Қ.А. Ясауидің хикметтеріне жазылған көптеген шығармалар орындалады. Олардың қатарында дәстүрлі әншілердің орындауында — «Ей, сопы», «Расулдың ризалығы», Павлодар қаласынан келген вокалдық квинтеттің орындауында — «Салауат», «Аш, ей момын көзіңді»,  қылқобызбен — «Диуани хикмет», баянмен — «Арыстанбаб», «Абыз», скрипка аспаптарымен — «Күй-толғау», дауыс және оркестрмен — «Уа, жаратқан», «Мәңгілік», оркестрмен — «Сүйінші», «Балбал», дауыс, флейта және хормен — «Яссы», симфониялық дастан — «Хикметтер», ақын және симфониялық оркестрмен — «Қожа Ахмет Яссауи» шығармалары орындалады.
Қазақстан композиторлық мектебінде  рухани тақырыпқа  алғаш рет қалам тартқан ағайынды композиторлар Түркістан облысының тумалары. Қасиетті Түркістан, Отырар топырағынан нәр алып, саналы шығармашылық жолында Қожа Ахмет Ясауидің рухани ілімін  басты тақырып етіп таңдаған.
Сонымен қатар, Астана концерт залының фойесінде  1 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай «Елбасы және Түркістан» тақырыбында көрме келушілерге қызмет көрсетеді. Үш бөлімге топтастырылған көрме экспозициясына қорық-музей қорынан  60-тан астам жәдігер қойылады.  Көрменің бірінші бөлімінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 1985 жылы Қазақ ССР Министрлер кабинетінің басшысы, егеменді, тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті тұсындағы, бауырлас Түркия Республикасының Президенттері Тұрғыт Озал, Сүлеймен Демирел, Ахмет Сезар, Абдулла Гүл, Реджеп Тайып Ердоған, Өзбекстан Республикасының Президенті И.Каримовпен, 2018 жылғы Түркістандағы ресми сапарларынан сыр шертетін фотосуреттері экспозициядан орын тебеді.
Көрменің екінші бөлімінде әулиелердің Сұлтаны атанған Қожа Ахмет Ясауи мұрасына   арналады. Қожа Ахмет Ясауидің артында қалған баға жетпес мұралары ХVІІІ ғасырға тән «Диуани хикмет» кітабының қолжазба және баспа нұсқалары, ХІХ ғасырда қайта көшірілген «Рисоллә дәр адаби тариқат», «Насабнама» шежіресі, ұлы тұлғаның шәкірттері С.Бақырғанидің «Диуан» қолжазба еңбегі, Шейх Худайдад Таш-Мухаммед әл-Бухаридің «Бустан уль Мухиббиннің» түркі тілінде жазылған қолжазба еңбегі, Ә.Науаидің «Ғазалдары», Софы Аллаярдың «Муслик ал-Муттакин», «Әулиенің өсиеттері» еңбегі, Қожа Хафиздің «Диуаны», Имам Мағрудидің «Қиссалары», Әулие Биделдің «Диуан» еңбектері қойылады.
Көрменің үшінші бөлімінде Түркістан өңіріндегі киелі орындар мен тарихи ескерткіштер жайында фотосуреттер  көпшілік назарына ұсынылады.
Аталмыш шаралар  1 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай ұйымдастырылуда.
Айта кетсек, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен күні кеше ғана жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Алтай мен Атыраудың арасын, Ертіс пен Есілдің жағасын мекендеп, Қаратаудан Ұлытауға дейінгі Ұлы даланы жайлаған ұлтымыздың ұлылығына, бабаларымыздың батырлығына ел тағы да бір мәрте қанықты. Ұлы даланың ұлы есімдерін халық жадында мәңгі сақтау  арқылы ұлы бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасы мен ілімін халық санасында жаңғыртып қана қоймай, қарға тамырлы қазақтың ғана емес түбі түркі дүниесінің рухани тарихының жаңа беттерін тануға жол ашылды деуге толық негіз бар.
Түркістанның рухани орталыққа және облыстық мәртебеге ие болуы Қожа Ахмет Ясауи есімімен байланысты екендігі белгілі. Өз заманында-ақ халықтың ерекше ілтипатына ие болып, «Әулиелер Сұлтаны» атанған, кейінгі ұрпақтың да руханият әлеміндегі бағдарын айқындауда жетекші рөл атқарған Қожа Ахмет Ясауи артына баға жетпес байлық, өшпес мұра қалдырды. Ауызбірлігіне сызат түспей, қандай қиын қыстау жағдайда ниет біріктіре алған қазақ халқының тұтастығы Ясауи сілтеген татулық, мейірімділік жолынан бастау алады. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Түркістаннан тараған аса қуатты рухани сәулемен нұрланған Қожа Ахмет Ясауи Орталық Азиядағы оның ішінде Қазақстанда да, барлық түркі халықтарының ұлттық рухани ілім жүйесін өрнектеп берді» — деуі Әзіреті Сұлтанның рухани тұлғасын айқындай түседі.
Арыстанбабтың Отырардағы кесенесі мен Қожа Ахмет Ясауидің Түркістандағы кесенелері – қазақтың ұлттық руханиятының аса маңызды орталықтары. Ата жолын ардақтаған әулие бабаларымыз да «Хақ Расулдың сүннетін, Қожа Ахметтің міндетін – өшіре көрме жүректен!»  деп біздерге аманаттайды.
Қожа Ахмет Ясауи жалпы түріктік мәдени және дүниетанымдық кеңістіктегі ішкі тұтастықты қалыптап, исламдық құндылықтарға негізделген философиялық-этикалық ар-ождан ілімін жүйелеген рухани тұлға.

 

Өз тілшімізден.

Пікір жазу

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*