Басты бет » Ауыл жаңалықтары » Жетісайлық кәсіпкердің үлгілі ісі

Жетісайлық кәсіпкердің үлгілі ісі

Соңғы екі-үш айда біз Жетісай ауданындағы бірқатар кәсіп иелерінің жетістіктерін жариялауды қолға алған болатынбыз. Ондағы мақсат – мақтау немесе мақтану емес, парақша оқырмандарына яғни жетісайлық тұрғындарға ой қозғау салу болатын. Қолдан келіп тұрса, неге істеп көрмеске, неге ұмтылмасқа? Шағын кәсіпкерліктің «шаңын» қаққандарды үлгі еткеннен неге қашуымыз керек? Бәлкім сіз де өз кәсібіңізді ашуды жоспарлап, ретін таппай жүрген боларсыз? Істің көзін тапқандардың сізге пайдалы кеңесі немесе ой қозғары бар шығар? 


Жалпы, жетісайлықтар өте еңбекқор. Мұнда жоқтан бар жасап, барды ұқшата білетіндер аз емес. Тек мақта, қауын, қарбыз, қырыққабат егуге ғана дағдыланған десеңіз қателесесіз. Бір жылда бір жерден бірнеше өнім алып, өнімдерін сонау Ресей мен Батыс Еуропаға саудалап келіп жатқандар да осы жетісайлықтар. Бұл өзі бөлек әңгіме, бөлек тақырып…
Бүгін біз Ж. Ералиев ауыл округіне атбасын бұрдық. Мақта егуден алдына қара салдырмайтын округ биылғы жылды өте табысты аяқтапты. 14198 халқы бар округте шағын кәсіпкерлікті кәсіп еткендер де жетіп артылады. Бүгінде округте 32 кәсіпкерлік нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 1-мақта түту, 1 көрпе тігу цехы, 17 азық-түлік, 2 тамақтану орны, 1 автобөлшектер, 1 құрылыс материалдарын сату, 1 ағаш өңдеу шеберханасы, 1 дәнеркерлеу, 3 жанар-жағармай құю бекеті, 2 шаштараз халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді.
Бұдан бөлек, Үтіртөбе ауылында үйрек-қаз, күркетауық бағатын үйіргелік шағын ферма жұмыс істеп тұр. Кәсіп иесі Серік Жаманғараев үйрек-қаз бағуды осыдан 2 жыл бұрын қолға алыпты. Алғашында 100 мың теңгеге 15 қаз сатып алған ол бүгінде оның басын 300-ге жуықтатып қойыпты. Жем-шөпті де өзі әзірлейді екен. Биыл 2-3 гектар жерге жоңышқа мен дәндік жүгері егіпті. 


«Алғашында қаздарды ауыл ішіндегі үйімде бақтым. Тез көбейгендіктен улап-шулап кететіні бар екен. Көршілерім арыздана бергендіктен ауыл сыртынан яғни Сырдария өзенінің сағасынан 5 гектар жер сатып алып, осында көшуді ұйғардым. Қазіргі үйім мен қора-қопсым дарияның түбінде орналасқандықтан үйрек-қаз көбінде суда жайылады. Бұл өз кезегінде жем-шөпті үнемдеуге әрі үйрек-қаздардың ерте ет жинауына септігін тигізеді»,- дейді Серік Жаманғараев.
Кеңес заманында Куба елінде теңіз флотында әскери борышын өтеген Серік кәнігі аңшы екен. Осыдан 3-4 ай бұрын ол жабайы көкбас үйректі қолға үйретіп, бүгінде оның санын 21-ге жеткізіпті.
«Қазды 5 мыңнан, үндіктерді 7 мыңнан сатып жатырмын. Жетісай қаласынан бөлек, Шымкент шаһарынан да тапсырыстар түсуде. Алдағы жоспарым – үйрек-қаздардың санын 1 мыңға жеткізу. Егер жобам іске асса, қоражайымды үлкейтіп, үй іргесінен демалыс аймағын ашуды көздеп отырмын», — дейді Серік Жаманғараев. 

 

Өз тілшімізден.

Пікір жазу

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*