Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » ЖАЛТАҚТАУ ЖӘНЕ ЖАЛПАҚТАУ ЖОЙЫЛМАЙ ЖҮР…

ЖАЛТАҚТАУ ЖӘНЕ ЖАЛПАҚТАУ ЖОЙЫЛМАЙ ЖҮР…

Оңтүстік Қазақстан облысында үш миллионға жуық халық тұрады. Оның 72%-нан астамы – өз қандас бауырларымыз, 18% – өзбек ағайындарымыз, 6%-ға жетер-жетпес – славян этносының өкілдері. Осыдан барып бір емес, көптеген «неге?» туындайды. Мәселен, 2 миллионнан астам қазақ үшін облысымыздың ресми басылымы – «Оңтүстік Қазақстан» газетінің таралымы небәрі 38 мың болады да, жүз мыңнан шамалы ғана асатын орыстілді оқырман үшін «Южный Казахстанның» таралымы 17 мыңнан асып жығылады. Тіпті, жарты миллионға жуық өзбек бауырларымызға арналған «Жанубий Қозоғистон» вилоят ижтимоий-сиёсий газетаси он төрт мың таралыммен («Южный Казахстан» газетінен де кем) жарық көреді. Әділдік қайда?

Енді мына кереметке назар аударғым келеді. Үлкенді-кішілі басқосуларда біз міндетті түрде екі тілде сөйлейміз. Бір тілде де сөйлейтін кезіміз болып тұрады, бірақ ол кезде мемлекеттік тіліміздің бар екенін есімізден шығарып отыратынымыз таң қалдырады. Ал, облысымыздағы жарты миллион тұрғыны бар ұлтты көзімізге де ілмейміз. Өйткені, ана «алты проценттен» зәреміз ұшып отырады. Бұл қалай?

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өткенімізге көп бола қойған жоқ, бірақ тілімізге келгенде тәуелсіз бола алмай қалдық. Бұған кім кінәлі? Әрине, бұл басылымдарға астыртын «разнарядка» жасап отырғандардың еш кінәсі жоқ! Сонда кім?

Ақыры қорқады екенбіз, «Южный Казахстанның» да таралымын «Оңтүстік Қазақстан» газетінің таралымымен бірдей етіп қояйық! Әйтпесе, бұнымызбен әділетсіздік пен өзге ұлтты кемсітушілікке жол беріп отырған жоқпыз ба?! «Жанубий Қозоғистон» газетін қосып, үшеуіне де бірдей, жүз-жүз мыңнан таралым қамтамасыз етейік! Сонда «құда да тыныш, құдағи да – тыныш!» Және өз болашағына «батыл» қарай бастайтын алты пайыз да тыныш болады!..

PS. Облыс орталығының да жағдайы еріксіз жас келтіреді – жарты миллионнан астам қазақ тұратын қаламызда «Шымкент келбеті» газеті 7 мың таралыммен жарық көреді. Тұрғындар саны жүз мыңға да жетпейтіндер үшін «Панора Шымкента» газетінің таралымы 5 мыңға жуықтайды.

Әсет Әссанди

Пікір жазу