Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » ТАРАУИХ НАМАЗЫНЫҢ ҚАСИЕТТЕРІ

ТАРАУИХ НАМАЗЫНЫҢ ҚАСИЕТТЕРІ

Айлардың сұлтаны болып саналатын қасиетті рамазан айының адамзатқа рухани және әлеуметтік, медециналық жағынан пайдасы бар. Бұл айда күндіз ораза тұтқаннан кейін, кешкісін құптан намазынан соң 20 ракат тарауих намазы оқылады. Тарауих сөзі «дем алу, демалыс» дегенді білдіреді. Оны барлық мұсылмандар топ-топ болып, жамағат болып, біргелікте оқиды.

Тарауих намаздың үкімі

Қасиетті Рамазан айында құптан намазының 4 ракат парызы және 2 ракаттан кейін ер және әйел кісі жиырма рәкат тарауих намазын оқуы — сүннет муәккәдә. Яғни бектілген сүннет амал болып саналады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) тарауих намазын сүннет болу мәселесіне қатысты: «Хақ тағала сендерге оразаны парыз, тарауих намазын сүннет етті. Шын иман және ықыласпен Рамазан оразасын ұстаған және тарауих намазын оқыған адам күнәдан анадан жаңа туған нәрестедей пәк болып тазарады», – деген.

Тарауих намазын мешітте жамағатпен оқудың үкімі

Кез келген елді мекендердің тұрғындары тарауих намазын өздеріне қарасты мешітте жамағат болып оқуы — сүннет кифая. Осы себептен бір мешітке қарасты жамағаттың бірі де тарауих намазын мешітте оқымаған жағдайда жамағаттың барлығы сүннетке қайшы әдепсіздік еткен болады. Жалғыз оқыған адам әдепсіздік етпегенімен, жамағаттың сауабынан құр қалады.

Тарауих намаздың уақыты

Тарауих намазының уақыты – құптан намазы мен таң атудың аралығында. Осы себептен құптан намазынан бұрын оқылған тарауих тарауихқа жатпайды. Тарауих намазын оқудың ең абзал мезгілі – түннің үшінші бөлігі кіруден бұрын. Сонымен қатар тарауих намазын құптан намазы оқылғаннан кейін үтір уәжіп намазынан бұрын оқылады. Осы себептен имам тарауих намазын оқып тұрған болса, мешітке кешігіп келген адам алдымен құптанның парызын оқып, кейін тарауих намазына тұрады. Бұл жағдайда құптан намазының сүннетін тарауих намазының отырыстары арасында оқыса болады. Оқымаса, соңынан үтірден бұрын оқып алады.

Тарауих намазының тасбихы:

Тарауих намазы кезінде осы тасбих оқылады. Оқылуы: “Субхаанә зил-мүлки уәл-мәләкүүт. Субханә зил-иззәтә уәл-азамәти уәл-құдрати уәл-кибрия-и уәл-жәбәруут. Субханәл-мәлики-хаййл-ләзи лә йәмуут. Суббуухун құддуусұн раббүна уә раббүл-мәләәикәти уәррууһ. Ләә иләәһә иллаллаһү нәстәғфирұллааһ нәсәлүкәл жәннәтә уә нә узү бикә минәннар”. Мағынасы: “Патшалық және мүліктер иесі Алла пәк. Үстемдік, ұлылық, құдірет, үлкендік және өктемдік иесі Алла пәк. Өлмейтін (мәңгі) тірі (патшалардың) патша Алла пәк. Өте пәк, тым кіршіксіз Раббымыз, әрі періштелердің Раббы, әрі Жәбірейілдің Раббы, Алладан басқа ешбір Тәңір жоқ. Алладан жарылқау тілеймін. Я, бір Алла! Сенен жәннат тілеймін және тозақ отынан сақта деп саған сыйынамын”.

Тарауих намазының батасы:

Оқылуы: “Аллаһүммә салли ала Мұхаммәдин уә ала әли Мұхаммәдин уә сәллим. Аллаһүммә заййна бизинәтил-имани, уә шәррифнәә бисиями шәһри рамадан. Уәрзұқнал-жәннәтә уәлғұфран. Уә тәқаббәл миннә тарауихана я сүбхан. Уәстәжиб дұғаәнә я Ханнан, бифадликә уә жүдикә я Мәннән. Бирахмәтикә я әрхамар-рахимиин”.

Мағынасы: “Уа, бір Алла! Мұхаммедке (с.ғ.с.), әрі үй ішіне игілік ет және есендік бер. Уа, бір Алла! Бізді иман сәнімен сәнде және бізді туралықпен, танымның сыйымен сыйла. Рамазан айымен құрметте. Бізге жәннатты жарылқауды нәсіп ет. Уа, пәк Алла! Біздің тарауих намазымызды қабыл ет. Уа, игілік етуші Алла!”

Міне, Рамазан айынндағы оқыған тарауих намазымыздың барша жақсылықтарын нәсіп етсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Әмин!

Мұхамеджан Естеміров,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша
өкіл имамының орынбасары, дінтанушы

Пікір жазу