Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Руханият » Рамазан – қайырымдылық айы

Рамазан – қайырымдылық айы

Айлардың сұлтаны Рамазан – Алла тағаланың пенделеріне нәсіп еткен шексіз мейрімінің бір айғағы. Бұл айда Аллаға мойынсұнған жұмыр басты пенделерге сауап жинаудың өте көп мүмкіндіктері берілген. Бұл туралы Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің мүбәрак хадистерінің бірінде: «Мұсылмандар үшін бұл айдан қайырлы ай жоқ», – дейді. Міне, осы хадисте айтылғандай, Рамазан айында шексіз мейрімді Жаратушы Жаппар Иеміз жасалған игі істердің сауабын еселеп беріп, Өзінің жомарттық сипатын айдай әлемге паш етеді.

Айталық, осы Рамазан айындағы бір ғана Қадір түнінің өзі, мұсылмандарға жайшылықтағы мың айдан көп сауап сыйлайды. Бұл жайлы Құран кәрімде Алла тағала былай дейді: لَيْلَةُ الْقَدْرِ خَيْرٌ مِّنْ أَلْفِ شَهْرٍ «Қадір түні мың айдан да қайырлы». Көріп отырғанымыздай, Алла тағала қасиетті Қадір түнінің мың айға татитын артықшылығын баян етіп, пенделеріне мың айлық сауапты бір түнде жиып алуға мүмкіндік беріп қойған. Мұның өзі Алла тағаланың бізге берген шексіз нығметі мен мейірі екені анық. Рақымды Алла тағала бізге мейірімін төгіп, жыл он екі айдың бірін рақым айы етіп қойды. Әрине, құлдарым тәубеге келсін, сауап жинасын, қайырым жасап, қиямет күніне қамдансын деп, жасаған салихалы, сауапты істеріміздің қарымтасын еселеп қайтаратынын сүйіншілеп, жақсылық пен жомарттық жасауға ынталандырды.

Рамазан айының қадір-қасиетін бір уағыз көлемінде айтып тауысу мүмкін емес. Сондықтан, бүгін тек осы айда қайырымдылық істерді молайтудың артықшылығы жайлы ғана сөз етпекпіз. Имам Байхақи риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): مَنْ تَقَرَّبَ فِيْهِ بِخَصْلَةٍ كَانَ كَمَنْ اَدَّى فَرِيْضَةً فِىْ مَا سِوَاهُ وَمَنْ أَدَّى فَرِيْضَةً فِيْهِ كَانَ كَمَنْ أَدَّى سَبْعِيْنَ فَرِيْضَةً فِيْمَا سِوَاه «Кімде-кім Рамазанда Алла үшін кішкентай бір жақсылық жасаса, басқа айларда парыз өтегендей сауап алады. Ал, осы айда бір парыз өтеген адам басқа айларда 70 парыз өтегеннің сауабындай сауап алады», – дейді. Жамандықтан тыйып, жақсылыққа жетелейтін осы бір ұлық айда садақамыздың сауабын сан еселеп, қылған құлшылығымызды құзар шыңға көтеріп, сансыз сауап сыйлаған Құдыретті Құдайым құлдарын құзырына шақырып, рақым қылушы құлына рақым қақпасы – Райанды айқара ашып, албастының аяғына кісен салып, ақыреттік азығымызды жинауға мұрсат берді. Міне, бұл түсінген адамға берілген телегей-теңіз, көл-көсір қазына. Ақиқатында, ізгілік істеп, Алланың алдында абыройға ие болудан асқан қазына болмас, сірә!

Имам Тирмизи жеткізген тағы бір хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): إِنَّ الصَّدَقَةَ تُطْفِئُ غَضَبَ الرَّبِّ ، وَتَدْفَعُ مِيتَةَ السُّوءِ «Шынында, садақа Алланың азабының жалынын өшіріп, жаман өлімнен сақтайды», – дейді. Мінеки, Ақыретте Алланың азабын жеңілдетіп, жәһәннамның жалынын өшіретін садақаның сауабы қандай керемет десеңізші!!! Иә, мүминдерге мейірім құшағын ашқан Алла тағала, қателіктері үшін кешірім-тәубе тілеп, құлшылық етіп, қол қусырған пендесіне пейіліне қарай пейішті де уәде етті. Тек, шалыс басып, шайтанның шырғалаңына шырмалмауға, шариғат шеңберінен шықпауға шақырады.

Жақсылық жасауда өзгеге өнеге болған тақуалар туралы ауыздан-ауызға таралып, заманымызға жеткен бір қиссада былай баяндалады: Ибраһим пайғамбардың (ғ.с.) бойындағы тамаша да тартымды қасиеттерінің бірі – жомарттығы мен қонақжайлылығы болатын. Ол кісі танысын, танымасын әр күні дастарханынан қонақ үзілмеуін қалайтын. Осы қалауы орындалса, төбесі көкке жеткендей қуанатын. Хазреті Ибраһим (ғ.с.) бойындағы осы бір жақсы қасиетіне орай тарихта жомарттық және қонақжайлылықпен аты қалған адам. Алла тағала да оның дастарханына толы дәм беріп, еңбегіне қарай береке нәсіп еткен. Бірде хазреті Ибраһимнің (ғ.с.) үйіне жасы жетпістен асқан, ұзын сақалды, белі бүгілген, бұрын-соңды көрмеген бейтаныс бір адам қонақ болады. Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар да бәз баяғы әдетінше қонағын ерекше ықыласпен күтіп, бәйек болады. Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар әлгі адамды әңгімеге тартып, екеуі бір-біріне алма-кезек сұрақ қоя отырып, әңгіме дүкеннің тиегін ағытады. Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар әңгіме барысында қонақтың пұтқа табынатынын байқайды да, біраз тосылып қалады. Аз-кем үзілістен кейін әңгімесін сабақтап, былайша өрбітеді: «Әй, бауырым! Мен – Алланың жіберген елшісімін. Адамдарды Аллаға құлшылық жасауға шақырамын. Сені қонақ еткенім үшін менің дінімді қабылдауың керек», – дейді. Қонағы оған қарсылық көрсетіп: «Ренжімеңіз, мырза! Маған бір күн тамақ бергенің үшін, жетпіс жыл бойы ұстанып келген дінімді тәрк ете алмаймын», – деп сөзі бітер-бітпестен үйден шығып кетеді. Көп өтпей Алла тағала Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарға Жәбрейілді (ғ.с.) жібереді де: «Ей, Ибраһим! Үйіңде бір күн қонақ еткеніңді міндетсініп, оған дініңді өзгерт деп неге шарт қоясың? Маған құлшылық етпесе де, Мен оған жетпіс жыл бойы рызық беріп келемін», – дейді. Ибраһим (ғ.с.) жасаған қателігіне қатты қайғырады. Дереу үйінен шығып, әлгі кісінің соңынан қуып жетеді де: «Саған ешқандай шарт қоймаймын, дініңді өзгерт дегенім үшін кешірім өтінемін», – деп оны үйіне қайта шақырады. Әлгі адам Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың аз ғана уақыт ішінде өзгеріп шыға келгеніне таң қалып, неге бұлай өзгергенін, не себепті қойған шарттарынан бас тартқанын сұрайды. Сонда Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар: «Раббым, саған шарт қойғаным үшін маған ескерту жасап: «Сен менің жетпіс жыл бойы тамақтандырып келген адамыма бір күн тамақ беріп, дініңді өзгерт деп шарт қойғаның қалай?» – деді. Мен істеген ісіме қатты ұялдым», – дейді. Бұл жағдай әлгі кісіге қатты әсер етеді. Сөйтіп ол: «Рас айтасың ба? Раббың мен сияқты қарапайым бір адам үшін саған ескерту жасаған болса, Ол нағыз Тәңір екен. Мен сенің дініңді қабылдадым» – деп, Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың өтінішін қабылдайды да, оның құтты қонағы болады. Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың басынан өткен осы бір хикая бізге қайырымдылық қылушы қарымтасыз қалмайтындығын түсіндіргендей.

Байқап қарасақ, Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар қонақжайлылықпен, қайырымдылықпен қонағын құрметтесе де, пенделік қателікке бой алдырып, қонағына жетпіс жыл ұстанып келген дінін тәрк етіп, өз дінін қабылдауды бірден ұсынды. Нәтижеде, қонағы ат-тонын ала қашты. Алайда, Рақымды Алла Ибраһимнің (ғ.с.) қайырымдылығының қарымтасына оның қонағын тура жолға салып, Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарды қонағының хидаят табуына себепші етіп қойды. Бір адамның, жетпіс жыл бойы санасына сіңіп, жүрегінен орын алып келген жалған дінінен қайтып, хақиқи дінге қадам қоюына себепші болудың бақыты бұйырды. Атам қазақ айтқан, «қолы ашықтың – жолы ашық» деген осы болар, бәлкім».

Бәріміз бір адамның баласымыз,
Жігіттер бір-біріңе қарасыңыз.
Өмір деген бес күндік кетер өтіп,
Атаң барған орынға барасыңыз, – деп Ыбырай Алтынсарин атамыз айтпақшы, мұқтаждарға қайырымдылық жасап, қолымыздан келген көмекті аямасақ, «береген қолым алаған» деп бабаларымыз айтқандай, берген садақамыздың есесіне ақыреттің азығы боларлық сауап аларымыз анық. Ендеше, ағайын, жасаған жақсылығымыздың жанымызды Жәннатқа жетелейтінін ұмытпайық. Алла тағаланың мейірі мен нұры төгілген қасиетті қайырымдылық айында қанжығамызды қампайтып, қоржынымызды томпайтар сауаптан салымсыз қалмайық.

Әл-Жәмиус-Сағирде келген бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.а.у): إِنَّمَا يَرْحَمُ الَّهلُ مِنْ عِبَادِهِ الرُّحَمَاء «Алла тағала өзгелерге рақымды пенделерін Өз рахметіне бөлейді», – десе, имам Ахмад жеткізген тағы бір хадисінде: ارْحَمُوا مَنْ فِي الأَرْضِ يَرْحَمْكُمْ مَنْ فِي السَّمَاء «Жер бетіндегілерге рақымдылық етсеңдер, көктегілер сендерге рахымдылық етеді», – дейді. Халқымыздың дара да дана тұлғаларының бірі, алты алашқа аты шыққан атақты абыз атамыз Бұқар жырау Қалқаманұлы өзінің өнегелі өлең-толғауларының бірінде былай дейді:

… Айтқан сөзге түспеген,
Жаман емей немене?
Сұрағанда бермеген,
Сараң емей немене?

Кісі ақысын көп жеген,
Арам емей немене?
Іштегі сыр Аллаға мағлұм,
Сыртындағы құлығы,
Амал емей немене?

Сусағанда берген су,
Шекер емей немене?
Һимматсізге біткен мал,
Бекер емей немене?

Бұқар жырау бабамыз: «Сұрағанға бермеген, сараң емей немене», – деп, сықсаң су шықпайтын сараңдықты сынға салып, түрпі тілімен түйреп отыр. «Кісі ақысын көп жеген, арам емей немене?» деп, қолындағыға қанағат қылмай, өзгеге өңмеңдеген өлермендікті, яғни, адамдық ардан аттап, басқа біреудің ақысына аранын ашып, ауыз салатын ашкөздікті айыптайды. «Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпес» деп атам қазақ айтқандай, Бұқар бабамыз да: «Сұрағанда берген су, шекер емей немене?» – деп, қажет кезінде берген қара судың қаншалықты қымбаттығын, шөлдегенде шекер татитындығын шебер тілмен түйіндеген. Тоқсан ауыз сөзді тобықтай етіп түйе білген бабаларымыздың осындай орамды оймен өрілген өнегелі сөздері, жылағанды жұбатып, жетімді жебейтін жайсаңдығы, жомарттығы жүрегімізге орнаса, Алланың разылығына бөлену жәннатқа кіруге де мол мүмкіндік болары анық.

Бұған Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына сөздері дәлел. Қабиса ибн Бурда әл-Әсади былай жеткізеді: أَهْلُ الْمَعْرُوفِ فِي الدُّنْيَا هُمْ أَهْلُ الْمَعْرُوفِ فِي الآخِرَةِ وَأَهْلُ الْمُنْكَرِ فِي الدُّنْيَا هُمْ أَهْلُ الْمُنْكَرِ فِي الآخِرَةِ Мен Расулуллаһтың (с.а.у.) жанында болғанымда, Ол кісі (с.а.у): «Бұл дүниеде ізгілік-жақсылықтар иесі – ақыретте де сол ізгілік-жақсылықтардың иесі болады. Ал бұл дүниеде күнә, жамандықтардың иесі – ақыретте де сол күнә жамандықтардың иесі», – деді. Жәбир ибн Абдуллаһтан жеткен басқа бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): كُلُّ مَعْرُوفٍ صَدَقَةٍ «Әрбір игі іс – садақа», – дейді.

Әлемде ислам елдерінің басына қандай қиын-қыстау күн туып отырғаны баршамызға белгілі. Қаншама мұсылман бауырларымыз бір тілім нанға зар болып отыр. Соңғы кезде көп айтылып жүрген Сомалиде әр күн сайын аштықтан 100-ге жуық бала дүниеге келмей жатып көз жұмады екен. Аллаға шүкір, елімізде аштан өліп, көштен қалып жатқан жандар жоқ. Десек те, қайырымдылықты қажетсініп отырған мұқтаж жандар да жетерлік. Имам Муслим (р.а.) риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.): الْمُسْلِمُونَ كَرَجُلٍ وَاحِدٍ إن اشْتَكَى عَيْنُهُ اشْتَكَى كُلُّهُ وَإِنْ اشْتَكَى رَأْسُهُ اشْتَكَى كُلُّهُ «Барлық мұсылмандар біртұтас дене сияқты. Бір көзі қақсаса, барлық денесі қақсайды. Басы ауырса, бүкіл денесі ауырады», – деген екен. Ендеше, құрметті мұсылман ағайын, қасиетті айда қайырымдылық жасап, Жаратқан Иеміздің разылы және жәннатына жетуге амал жасап, мұқтаж жандардың мұңына ортақтасып, қолымыздан келген көмегімізді көрсетейік, бауырлар. Ал басқаға көмек көрсетуге шамасы келмеген жандар, тым болмаса қиыншылықта отырған мүмин мұсылмандар үшін тілек тілеп, Алладан мүминдерге медет сұрасын. Мейірімді де, Қайырымды Жаратушымыз осы Рамазан айының құрметіне сол дұғаларымызды қабыл етер деп сенеміз.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде: الْمُؤْمِنُ لِلْمُؤْمِنِ كَالْبُنْيَانِ يَشُدُّ بَعْضُهُ بَعْضًا «Мұсылмандар кірпіштері бір-бірін сүйеп тұрған ғимарат тәрізді бір-біріне байланып тұрады деп, екі қолының саусақтарын біріктірді»,– делінген. Сөз соңында айтарым, қызылды-жасылды әшекеймен көмкерілген алдамшы дүниенің соңына түсіп жүріп, мәңгілік мекендегі салихалылардың сарайынан құр қалмайық Мұқтаж, міскин, қам көңіл, жетім-жесірлерге қолымыздан келгенше көмек көрсетіп, Алланың алдында жүзіміз жарқын, жүрегіміз тыныштықта, төбеміз көк тірердей керемет күй кешіп, жаратқан Иеміздің Жәннатына кіруге қам қылайық! Алла тағалам баршамыздың ұстаған оразаларымызды, оқыған намаздарымызды, жасап жатқан құлшылық-ғибадаттарымызды, берген садақа, қылған қайырлы істеріміздің барлығын қабыл етіп, сансыз сауап жазып, бақилық дүниеде жанымыздың Жәннаттың төрінде болуын нәсіп еткей! Әмин!

Құлмұхаммед МАХАНБЕТ

Пікір жазу