Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Руханият » ЛАЛА БИБІ (ГҮЛБИБІ)

ЛАЛА БИБІ (ГҮЛБИБІ)

Сыр бойы топырағы әулие-әмбиелердің ауазына қанық. Бір аңыз әңгімелерде Лала бибінің шын аты Гүлбибі екен дейді. Өлгенде қабірі басына әдемі гүл шыққан көрінеді. Бұл жердегі халық әлі қазақ, өзбек болып бөлінбеген тұс болса керек. Олар қызғалдақ гүлін Лала деп атаған, кейде Дана бибі дейді. Тағы бір аңыз әңгімеде Қожа Ахмет Ясауи Сыр бойына келгенде бірінші Лала бибіге сәлем беріп, содан кейін басқа әулиелерге барады екен. Лала бибі өзі өте ақылды, елін ақылмен билеген, көріпкел ана болса керек. Өзінің жеңімпаз ақылдылығымен елін үнемі сыртқы жаудан қорғаған жан болған дейді. Әлі күнге халық ана басына зиярат етіп, қысылғандар медет, рух тілеп, барып тұрады. Лала бибі мазары Жаңақорған ауданы Мәшбек қонысының дария жақ бетінде орналасқан. Мазар сырты оршалғанымен, ана қабірі сондағы ұрпақтарының ұқыпсыздығынан әлі толық жөнделмей келеді.
Тағы бір аңызда Қожа Ахмет Ясауи бір келгенде қасына қырық шақты серіктерімен осы Лала бибіге соқпақ болғанда қасындағы кісілері: «Лала бибінің күркесіне сыймаймыз, қалай болар екен?» – деп, тоқталып қалады. «Неге Хорасанға кете бермейміз?» дегендер де табылады. Хазірет өзі бастап Лала бибінің үйіне келеді. Тар үйіне кісі біртіндеп кіргенде құданың құдіретімен үй қабырғасы кеңейіп, бәрі де еркін сыяды. Қажетті тағамдарды пейіштен алдырып, бәрі ауқаттанып шығады. Сонда әлгі кісілер еріксіз бас шайқап, мұның Қожа Ахметтің әулиелігімен болған іс екенін іштей сезсе де ештеңе айта алмаған екен деседі.

© «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі».
(«100 аңыз» кітабынан)

Пікір жазу