Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » ОҚО жаңалықтары » ОРДАБАСЫ – МЕКЕНІМ… Бала кезден білген едім, қасиетті екенін!..

ОРДАБАСЫ – МЕКЕНІМ… Бала кезден білген едім, қасиетті екенін!..

Киелі топырақ қасиетті ұл-қыздарды тудырады. Ордабасыға ат басын бұрған әр азамат бұның рас екеніне көзін жеткізетіні шүбә келтірмесе керек. Осы елдің осындай қасиетті ұлдарының бірі –
 
ТӨРЕКЕЛДІ СЕРІКБАЙҰЛЫ БАЙТАСОВ.
 
Төрекелді туралы айту да, жазу да қиын-ақ… Қиын болатыны – ол көтерілген биікке, ол шыққан шыңға қазіргі «заңғар жазушылармыз», «алып ақындармыз», «жүйрік журналистерміз», «кәсіби мамандарымыз» деп жүргендердің бірі де көтеріле алмай әлек боп келеді… Шексіз еңбекқорлық, таусылмас тапқырлық, сарқылмас шешендік, таңқалдырар сауаттылық, керемет кішіпейілдік, аласапыран шыншылдық, асқан адамгершілік… қарапайым бір адамның бойынан осыншама оң қасиеттердің бұлақ боп атқылап тұратынына талайымыз тәнті болатынбыз…
Төрекелді екеуміз алғаш сонау 80-жылдардың безілдеп ағып таусылып келе жатқан тұсында танысқан болатынбыз. Қазақ даласының «қайта құру» кезеңінде қанатын кең сермеген даналарының бірі осы екен ғой деп балаған едім Төкеңді тұңғыш көргеннен-ақ. Қателеспеппін. Оңтүстік өңірінің адал ұлдарының бірі ретінде туған елін, кіндік қаны тамған жерін әлемге паш етуге ұмтылған қазақ қыраны ЮНЕСКО-дан бір-ақ шыққаны әлі де есімізде. Қасқабастардың бірінің ойына да кіріп шықпаған шаруаларды Төкең батыл қолға алып, жер-жаһанды жаулаған «Жібек жолы» журналын дүниеге келтірді, оны жерлестерімізге ғана емес, шетелге танытып үлгерді. Құр танытқан жоқ, ЮНЕСКО-дай беделді халықаралық ұйым да журналдың биік дәрежесін, тарихи маңызын мойындауға мәжбүр болды.
Көп ұзамай талай талантты танытқан, Оңтүстік түлектерінің жазарын шыңдай түскен «Жібек жолы» баспасы қақ алдымыздан жарқ ете қалды да, жүректеріміздің төрінен лайықты орнын алды. Ұлттық-этнографиялық, тарихи-танымдық ұстанымды қолдан бермеген баспа, еліміз қиын-қыстау заманды басынан кешіріп жүрген жерде жазбагерлердің қалтасына қол сұқпай, дүниелерін жарыққа тегін, баспа қаржысына (яғни, Төкеңнің жеке қаражатына) шығарып жүрді.
Ел басына күн туғанда, нағыз ер өз бойын көрсететіні секілді, қазақ даласына «меценат», «демеуші», «спонсор» деген ұғымдар келе қоймаған кезде, нағыз меценаттық қасиет те Төрекелдіге жат болмай шыққаны мына бір мысалдан байқағанымыз бар. 70 жылдан астам уақыт қылышынан қаны тамып жүрген Кеңес Одағы ыдыраған тұста, экономикалық дағдарысқа бұрынғы одақтас 15 республика ішінде Қазақстан да ұшырағандығы естен кетпейтіндей жадымызға таңба болып басылғаны бар. Мемлекеттік мекеме қызметкерлері өз жалақыларын айлап-жылдап ала алмай жүрген сол бір заманда, талай қоғамдық ұйымдар тарап, жабылып жатты. Бұл келеңсіздік Қазақстан Жазушылар Одағын да шалып өтпей қоймады. Қалам ұстаған қауымға жанашырлығын танытуға асыққан Төкең бұл шығармашылық ұйым қызметкерлеріне де қамқорлығын көрсетіп, оларды қанатының астына алып, өз қаржысынан ұзақ уақыт жалақы төлеп жүрген кездері де болды.
Жанашырлық демекші, «қазақ вальсінің падишасы», сүйікті сазгеріміз, белді шенеуніктер тарапынан қыспаққа алынған Шәмші Қалдаяқов ағамызға да алғаш қолұшын созып көп жәрдемін тигізген де осы Төкең. Билік тұтқасын берік ұстаған сол кездегі ағаларымыз сөз жәрдемін қимай жүрген аласапыран жылдарда, Төрекелді Серікбайұлы Байтасов Шәмшінің жанынан дер кезінде табыла білді, оның ұлылығын тани алды, оған шынайы көмек көрсете жүрді.
Төкеңмен оның өмірінің соңғы жылдарында тығыз байланыста болып, бірге біраз жұмыстарды атқарғанымыз бар. Абзал аға, шын жанашыр, адал әріптес бола білген ол кейде бір сыр тартатыны бар-ды. Көп нәрсе айтатын, көп нәрсе айтып үлгермей кетті. Айтқандарынан алыптың қуаты есіп тұратын. Сол алып: «Шәмші аға – менің рухани ағам!» – деп қалғаны бар. Алыпты алып алыстан танитыны рас-ақ. Шәмші әндері ел аузында кең таралғанымен, ол кезде баспа түрінде жарық көрмеген болатын, көптеген әндері халық әні аталып та жүрді. Түн ұйқысын төрт бөліп, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан бас тартуға дейін бел буған Төкең, шенеунік атаулы естігісі келмеген Шәмші әндерін барынша жинақтап, қағазға түсіріп, елімізде алғашқылардың бірі болып өнерсүйер қауымға сыйға тартты. Ерлік емей не!
«Өмір мен өнер – егіз. Олардың еншісі – мәңгілік деген өлшем. Өмір – әке, өнер – оның нақсүйер ұлы. Байлық – баянсыз, өнер мен ғылым – баянды. Олай болса байлық та, түрлі дәрежедегі игілік те, билік те өнерге қызмет жасау керек», – деген ұстаным Төкеңнің қысқа ғұмырын жұлдыз іспетті жарқырата түсті. Бұл ойынан ол соңғы деміне дейін айныған жоқ.
1997 жылы менің орыс тіліндегі «Белая лебедь» деп аталатын жыр жинағым ұлы замандасымыздың өзі ашып, өзі басқарған «Жібек жолы» баспасының 100-ші кітабы болып жарыққа шықты…
 
Әсет Әссанди

Пікір жазу