Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қала тынысы » Шымкент – Қайырымды қала!

Шымкент – Қайырымды қала!

Қадірлі ағайын, құрметті жерлестер, ғасырлар бойы тіршілігі үзілмеген, заңғары биік, аңғары көркем ғажайып асқар Алатау сілемдерінің күнгейіндегі Шымкент қаласының тарихын танытып, өзіндік бет-бейнесі мен болмысын байқататын уақыт жетті ғой деп ойлаймын. Өздеріңіз тарихтан білесіздер, қазақтың мәуелі, сауда-саттығы дамыған көне қалалары шоғырланған оңтүстік өңір үшін қаншама кескілескен шайқастар өтті. Бұл өңірлерге табан тіреп қалу үшін біздің елден өзге де жұрттар да барын салды. Сол өңір бүгінде Тәуелсіз Қазақ Елінің күннен – күнге гүлденіп, абаттанып келе жатқан аймағы.

Елбасының бастамасымен Оңтүстік Қазақстан Түркі дүниесінің алтын бесігі Түркістан облысы болып қайта құрылып, Шымкент шаһарына ерекше қала мәртебесі берілді. Өйткені, Шымкент бүгінгі күні тек қана Қазақстандағы емес, Орталық Азиядағы сұлу, ғажайып қалалардың қатарына қосылды деп айта аламын. Сол себепті де, Шымкентті көркейткен, онда ғұмыр кешкен әлденеше ұрпақтың осынау әсем қалаға деген сүйіспеншілігі адам айтқысыз. Біз аяулы қаламызды ерекше сүйеміз және ардақ тұтамыз!

Келесі жылы елімізде аталып өтетін атаулы күн, айтулы мерекелердің бірі – Ұлы ұстаз Әбу Насыр әл Фарабидің 1150 жылдығы. Отырар қаласынан тамыр тартып, аты әлемге мәшһүр болған бабамыздың мерейтойы халықаралық деңгейде аталайын деп отыр. Осы орайда мен атақты бабамыздың «Қайырымды қаланың тұрғындары» атты белгілі философиялық еңбегіне сүйене отырып, Шымкент қаласына- «Қайырымды қала» деген балама атау ұсынғым келеді.

Яғни, Шымкент шаһарының анықтамасы, оның халқы – қайырымды қаланың тұрғындары болады. әл Фараби: «Тұрғындары бір-біріне мейірімді, қайырлы, қамқор, еңбекқор, ең бастысы Өздерінің туған қаласын ерекше сүйетін қауымды – Қайырымды қаланың тұрғындары» — дейді ғой. Кейіндері көшпенділікке бет бұрған қазақ халқына берекелі мекен, құтты қоныс болған ұлы далада орта ғасырларда қала мәдениеті кеңінен дамыды.

Ғылыми-білімі мен мәдениеті қарыштаған Отырар қаласынан шыққан әл Фараби «Қайырымды қала тұрғындары» трактатын жазу барысында шығыстың жүздеген көне шаһарларын аралап, көрді. Көне Шам мен дәуірі дүрілдеген Бағдатқа да барады. Сол сапарлар мен көрген-түйгеннің нәтижесінде «Қайырымды қала тұрғындары» атты теңдессіз еңбек дүниеге келді. Сол бабамыздың ойын біз мың жылдан кейін қайта жаңғыртайық деп отырмыз! Қаламыздың көшелеріне әл Фараби трактаттарынан үзінділер жазып, оны жас ұрпақ санасына сіңіруіміз керек! Біз әл Фараби, Абай сынды ұлы тұлғалар еңбектерінің мемлекеттік тәуелсіздікті нығайту, ұлт тұтастығын ұйыстырудың негізі екенін ұмытпауымыз керек.

Келесі жылы 175 жылдығы кең көлемде аталып өтетін Абай атамыз айтпақшы: «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді!». Ендеше, іске сәт «Қайырымды қала мен оның қайырлы тұрғындары!»

Ұлт мұраты, ұрпақ қамы, мемлекет мүддесі жолында жасап жатқан істеріңізге сәттілік тілеймін!
Шымкент – Қайырымды қала!

Ерлан Айтханов

Шымкент қаласының әкімі.

 

Пікір жазу