Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » ОҚО жаңалықтары » ШАРДАРА: ЕЛБАСЫНЫҢ ҚОЛЫНАН МАРАПАТ АЛҒАН ДӘРІГЕР

ШАРДАРА: ЕЛБАСЫНЫҢ ҚОЛЫНАН МАРАПАТ АЛҒАН ДӘРІГЕР

Шардара ауданының әкімі Елбасының қолынан марапат алған шардаралық дәрігерді қабылдады, деп жазады аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz.

Өз білімі мен қарым-қабілетінің арқасында есімдері дүйім елге танылып жүрген дарынды жастар аз емес. Соның бірі – шардаралық Нұрбек Нәдіров. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығының дәрігер-травматолог, ортопед, вертобролог болып қызмет атқарады. Бала кезден дәрігер болуды армандаған жас талап ауылдағы орта мектепті бітірген соң Қарағанды Мемлекеттік Медициналық академиясына оқуға түсті. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша Ақмола облысының Аршалы аудандық орталық ауруханасында травматолог-ортопед болып еңбек еткен жерлесіміз Ресейдің Санкт-Петербург қаласында білімін одан әрі жетілдірді. Әлемнің білікті мамандары шоғырланған үлкен ортада қызмет істей жүріп, медициналық біліктілігін одан әрі шыңдай түскен Нұрбек Нәдірұлы 2017 жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығында еңбек етіп келе жатыр.


2019 жылы Нұрбек Нәдіров медицина саласында ашқан жаңалығы үшін Елбасының қолынан арнайы марапат алды. Атап айтар болсақ, балалар омыртқасының деформациясын жөндеуге арналған методиканы өмірге әкелгені үшін Елбасы қорының арнайы сыйлығын жеңіп алды. Талантты жастармен кездескен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев білім, ғылым, медицина саласында үздік шығып, жаңалық ашқан азаматтардың қатарында жерлесіміз Нұрбек Нәдіровті де тамаша жетістігімен құттықтаған еді.
Бүгін туған жерге ат басын бұрып келген Нұрбек Нәдіровті аудан әкімі Қайрат Жолдыбай арнайы қабылдап, медицина саласындағы үздік жетістігімен құттықтады. Оған «Алғыс хат» пен Шардара ауданының құрылғанына 55 жыл толуына орай шығарылған мерекелік медальді салтанатты түрде табыс етті.


Мұнан соң Нұрбек Нәдіров мектеп оқушыларымен кездесу өткізді. Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Нұрғали Молдаханов екеуі «Болашақ» білім орталығында оқып жатқан үздік оқушылармен кездесіп, өзінің өмірінен сыр шертті. Оқушылармен емен-жарқын пікір алмасқан Нұрбек Нәдіров оларға мамандықты дұрыс таңдай білу керектігі жөнінде ақыл-кеңес берді. Білімді жасқа барлық жерде жол ашық екенін айтқан жерлесіміз оқушыларға сәттілік тіледі.

 

Пікір жазу