Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » БӨГЕНБАЙ АҚШАҰЛЫ ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ КЕСЕНЕСІНЕ ЖЕРЛЕНГЕН

БӨГЕНБАЙ АҚШАҰЛЫ ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ КЕСЕНЕСІНЕ ЖЕРЛЕНГЕН

Ақшаұлы Бөгенбай (1678 – 1775) – Жоңғар басқыншылығына қарсы азаттық жорығын ұйымдастырушылардың бірі, атақты батыр, ұлы қолбасшы. Шыққан тегі – Орта Жүздің Арғын тайпасының Қанжығалы руынан, есімдері әуелден елге мәлім болған батырлар әулетінен.


Батырдың атасы Әлдеуік – қазақтың атақты ханы Еңсегей бойлы Ер Есімнің атақты батырларының бірі болған. Ғұмырының дені ат үстінде жортуылмен өткен. Қатағанның Тұрсын ханымен соғыста ерен ерлігі үшін оны Түркістанның әмірі етіп тағайындаған. Өз әкесі Әлдеуікұлы Ақша заманында дұшпанына бет қаратпаған айтулы батыр, айбынды қолбасшы болыпты. Әз-Тәуке ханның сеніміне ие болып, оның 80 мың сарбаздан тұратын әскерін басқарыпты. Үмбетей жыраудың: «Алатаудан Ақшадан, асып тудың Бөгенбай» деуі де, Ақшаның қандай айбынды батыр болғанын танытып тұрғандай.
Бөгенбай батырды халықтың ерекше ардақтап, ғасырлар бойы есімін аялап, есте сақтап келуі – оның ерлік, әскер басылық істеріне байланысты. Оның алғашқы ерлік жолы Еділден өтіп, қазақ ауылдарына шабуылдап, мазасын алып, әбден титықтатып біткен казак-орыстармен шайқастан басталады. Жиырма сегіз жасында 30 мың қолды бастап барып, казак орыстарды дүркіретіп қуып, Еділден әрі асырып салады. Осы кезден бастап, қашан қазақ жері жоңғарлардан азат етілгенше Бөгенбай батыр аттан түспей, Қабанбай, Олжабай, Жәнібек, Малайсары секілді қазақтың аты шулы батырларымен тізе қосып, ел тәуелсіздігі үшін талай шайқастарға қатысады. Осы шайқастардағы көрсеткен ерлігі, жағдайды дұрыс бағалап, тез шешім қабылдап, шабуылды шебер ұйымдастыра білуі – оның даңқын асқақтата көтереді. Шығыс Түркістанға келген қытай әскерімен болған әйгілі Талқы соғысында Бөгенбай батырдың жауынгерлігі қытай әскеріне ойсырата соққы беріп, оларды Үрімжіден асыра қуады.
Қарабалта түбінде қырғыздармен болған шайқаста Бөгенбай батыр 77 жаста болған деседі. Ал жоңғарларға қарсы 100-ден астам шайқасқа қатысқан. «Қазақтың қамал — қорғаны» (Бұқар жырау) баһадүр Бөгенбай қазақ халқының Абылай хан бастаған ұзақ жылдарғы ұлт бірлігі үшін күресінің ұйытқысы болды.
1710 жылы Қарақұмда өткен үш жүз қазақтарының құрылтайында бүкілқазақтық жасақ құрып, жоңғар шапқыншылығына тойтарыс беру жоспары талқыланды, бұл жиында көшіп кеткен жан сақтауды ұсынғандар да болды, бірақ «сол кезде ерлігімен әйгілі болған рубасы Бөгенбай мұндай әрекеттердің бәрін тыйды». Осы құрылтайда Бөгенбай батыр үш жүздің бас сардары болып сайланды. Сонымен бірге, Бөгенбай батыр Жайық, Ойыл, Жем өзендері бойы мен Ерементау, Қарқаралы, Аягөз, Түркістан, Шу бойы, Жетісу өңірі, Қырғыз жерлеріндегі, т.б. шайқастарда қол бастаған.
Бөгенбай батыр жасы ұлғайған шағында ауырып қайтыс болған. Мәйітін Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи мешітіне жерлеу үшін батырдың денесін арулап, былғарыға орап, қыс бойы сөреге қойып сақтаған. Абылай ханның жарлығы бойынша 1776 жылы /кейбір деректерде 1778 жылы/ көктемде баласы Тұраналы мен қанжығалы Айтбай Аткелтірұлы бастаған елдің бастаған елдің игі жақсылары батырдың сүйегін нарға теңдеп, Түркістанға жеткізіп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерлеген. Бөгенбай батырдың денесі сөреге қойылған жер бүгінге дейін Ерейментау өңірінде «Бөгенбай сөресі» деп аталады.

 

Яссауи мұралары

Пікір жазу