Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » АЛАҚАЙ! ҚУАНА БЕР, БАЛАҚАЙ!..

АЛАҚАЙ! ҚУАНА БЕР, БАЛАҚАЙ!..

Мен ауылда өскен қазақтың қара домалақ баласымын. Спектакльдің не екенін, сахнаның не екенін білмей өстім. Бірақ, бала кезіміздегі ақ-қара теледидарынан Сергей Образцовтың қуыршақ театрының қойылымдарын аса қызығушылықпен көретінім бар. Жай, бейнебір ертегі көргендей, тамашалайтыным әлі есімде. Осындай «ертегілердің» ар жағында үлкен шығармашылық ұжымның, актерлар құрамының, режиссерлар мен қоюшылардың, суретшілер мен сценографистердің, жарық берушілер мен киім тігушілердің, қуыршақ жасаушылар мен гримдеушілердің орасан еңбегі жатқанын тіптен сезбейтінмін…

Сонымен не керек, тағдыр қалауымен Мәскеуде студенттік шақтарым өтетін болды. Театрдың не екенін алғаш сол жерде біле бастадым. Мәскеудің өзі маған алғашында театрлардан қаланған қала болып көрінді. Бірінен бірі асып тұрған театрлардың арасында Сергей Образцов жетекшілік етіп жүрген Қуыршақ театрының орны ерекше болатын. «Божественная комедия», «Необыкновенный концерт», т.с.с. спектакльдерді театрдың өз сахнасынан көру мүмкіндігіне ие болдым. Не деген қайта оралмас ғажап уақыт!..

Бүгінде ертегілер әлемі Оңтүстігімізге жайраңдап кіріп келді. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің Мәдениет орталығында «Ортеке» V Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінің салтанатты ашылу рәсімі өткізілді. Яғни, Түркі әлемінің тағы бір мерекесі басталды деген сөз. Төрт күнге созылатын фестиваль аясында Түркістан – Шымкент қалаларының тұрғындары мен қонақтары: М. Жанғазиев атындағы Қырғыз мемлекеттік қуыршақ театры, Абдолла Шаиг атындағы Әзірбайжан мемлекеттік қуыршақ театры, Түркиядан Адана қалалық муниципалдық театры мен және «Қаракөз» театрлары, сонымен қатар Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театры, Маңғыстау облыстық қуыршақ театры, Оңтүстік Қазақстан облыстық Қуыршақ театры және С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театры ұжымдарының орындауында бірқатар қазақстандық және шетелдік авторлардың туындыларын тамашалайды.

«Ортеке» V Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінің салтанатты жабылу рәсімі мен лауреаттарын марапаттау 9-маусым күні Шымкентте өтеді.

Әсет Әссанди

 

Пікір жазу