Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ТҮРКІСТАН: ТАРИФТЕРДІҢ ТӨМЕНДЕУІНЕН ОБЛЫС ХАЛҚЫ 3 МЛРД ТЕҢГЕДЕН АСТАМ ҚАРЖЫНЫ ҮНЕМДЕГЕН

ТҮРКІСТАН: ТАРИФТЕРДІҢ ТӨМЕНДЕУІНЕН ОБЛЫС ХАЛҚЫ 3 МЛРД ТЕҢГЕДЕН АСТАМ ҚАРЖЫНЫ ҮНЕМДЕГЕН

Түркістан облысында 59 қызмет түрі бойынша 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап табиғи монополия субъектілерінің тарифтері төмендетілген. Нәтижесінде халықтың коммуналдық қызметке төлейтін қаражатын үнемдеу шамамен 3 млрд теңгеден асты. Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Қымбат Бейсенов мәлімдеді, деп жазады Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.


Оның айтуынша, 2020 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша облыста 116 қызмет түрімен айналысатын 93 табиғи монополия субъектілері енгізілген. Атап айтқанда, 3-і — электр энергиясын тасымалдау қызметі бойынша; 10-ы —жылумен қамтамасыз ету қызметі; 73-і —сумен жабдықтау қызметі; 15-і — су бұру қызметі; 4-і — газ тасымалдау қызметі; 11-і — кірме жолдары қызметі.


«Бүгінгі таңда облыс бойынша жылумен жабдықтаушы 6 мемлекеттік коммуналды кәсіпорын жұмыс атқаруда. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жылумен жабдықтау тарифтері орта есеппен 3-17 % аралығында төмендеді. Сумен жабдықтау тарифтері орта есеппен облыста 0,1-2% арзандаған. Ал электр энергиясымен жабдықтау қызметі бойынша 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап тасымалдау тарифі 6,64 теңгеден 7 теңгеге көтерілді. Ал табиғи газбен жабдықтау қызметі бойынша 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап тасымалдау тарифі өз деңгейінде өзгеріссіз қалдырылды», — деді Қымбат Бейсенов.
Бұдан өзге, табиғи монополия субъектілерінің 2018 жылғы тарифтік сметаларының орындалуы есебіне жасалған талдаулардың қорытындысымен жалпы соммасы 1 млрд 292 млн 948,4 мың. теңге көлемінде өтемдік тарифтер бекітіліп, халыққа төмендетілген тарифпен қайтарылған.

Пікір жазу