Басты бет » Құқық » Жастар тәрбиесі – жалпыға ортақ

Жастар тәрбиесі – жалпыға ортақ

Біздің халқымыз қашанда өскелең ұрпақтың тәрбиесіне баса көңіл бөлген. Атаның ақылымен, ананың ақ сүтімен дарыған қасиет елімізде талай дарындарды, алып таудай тұлғаларды қалыптастырды. Бүгінгі жаңару ғасыры осы ұлттық-дәстүрлі құндылықтарымызға кері әсерін тигізіп жатқандай. Олай дейтініміз, сөз ұқпайтын, әлімжеттік секілді келеңсіз жағдайларға жол беретін жастар қатары көбейгендей. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» деген еді. Бұл сөз күні бүгінге дейін құндылығын жоймады. Бүгінгі мақаламыздағы сұхбатта — Түркістан облысы бойынша кәмелет жасына толмағандар арасындағы қылмыстардың алдын алу, болдырмауға, бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі мен міндетіне, ұрпақ тәрбиесіндегі ескерер маңызды жайттарға арналмақ. Бұл жайлы толығырақ Түркістан облысы Полиция департаменті ЖПҚБ-ның Ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Ахметов Бегімхан Төреханұлы айтып беретін болады.

— Жалпы, киелі топырақ Түркістан облысының жастарының қылмыстық ахуалы қандай? Тәрбие жағынан не айта аласыз? Өткен жылы жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында қандай жұмыстар атқарылды?

— Мен Түркістан облысы Полиция департаментінің жасөпірімдерге қатысты саласына келгеніме енді 1 айдан астам уақыт өтті. Дегенмен, Ішкі істер органында еңбек етіп жүргеніме 20 жыл уақыт болып қалды. Сондықтан қай сала болмасын, мұндағы жағдай таныс. Жастардың арасындағы қылмыстарды болдырмауда облыстық полицейлер күні-түні қызмет етуде. Жалпы, Түркістан облысы аумағында 800 000-нан астам жасөспірімдер тұрады, бұл облыс халқының 42,5 пайызын құрайды. Жалпы білім беретін мектептер саны – 907, онда 514 мыңнан астам оқушылар білім алады. Ал, арнайы орта оқу орындарының саны – 66, онда 48 мыңға жуық студент оқиды.
Түркістан облысы Полиция департаменті бастығы полиция генерал-майоры Қ.Дәлбековтың басшылығымен, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиісті іс-шаралар қабылданып, іске асырылуда.
2019 жылдың 12 айында облыс көлемінде құқық бұзушылықтың алдын-алуға бағытталған 191-ден астам профилактикалық іс-шаралар өткізіліп («Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Түнгі рейд», «Қауіпсіз қала», «Тұрмыс» т.б), нәтижесінде жергілікті қалалық, аудандық полиция бөлімдеріне әр-түрлі себептермен – 6000-нан астам жасөспірім жеткізілген. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі бөлімшесіне – 700-ге жуық жасөспірім профилактикалық есепке алынған. 2019 жылдың 12 ай қорытындысымен облысымызда
• Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар 4,5%;
• Кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар 7,4%-ға төмендеді.
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев «Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер білімінде. Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, досынан. Әсіресе олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады» деген.
Сондықтан жас ұрпақтың тәлім тәрбиесіне барлығымыз ерекше көңіл бөлуіміз тиіс, сол кезде біздің жастарымыз бәсекеге қабілетті, Отанын сүйетін елге қызмет ететін ұрпақ болары сөзсіз дегім келеді.

— Мұнымен айтпағыңыз, көбіне жасөспірімдер арасындағы қылмыс ата-аналарының бала тәрбиесіне немқұрайлы қарап, қараусыз қалдыратыны салдарынан болатындығы ма?

-Баланың айналамен қарым-қатынасына, өмірге деген көзқарасына, санасының және мінез-құлқының қалыптасуына бірінші кезекте ата-ананың тәрбиесінің рөлі зор. Мемлекетіміздің заңдылығында ата-ананың балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісті дәрежеде орындамағаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік көзделген. Алайда, бұл шара жасөспірімдермен құқыққа қарсы іс-әрекет жасалып болған соң қолданылады.
Одан бөлек, қазіргі таңда бізді алаңдатып отырған бірінші мәселе, қылмыстарды бұрынғыдай жайсыз отбасыларынан немесе басқа да әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан жасөспірімдер емес, басым көпшілігі-толық, материалдық жағдайы қанағаттанарлық отбасында өскен кәмелетке толмағандармен жасалуында. Мәселен, өткен жылы полиция органдарында «құқық бұзушылық жасауға бейім» деген есебінде тұрған 567 жасөспіріммен бірде-бір қылмыс жасалмаған. Керісінше, жоғарыда атап өткендей, отбасылық жағдайы жақсы жанұяда тұратындармен жасалған. Осының алдын алу мақсатында әкімдік, мектеп, полиция тарапынан жасөспірімдерді тәрбиелеу, оларды қадағалау, құқыққа қарсы іс-әрекеттерге бармау бойынша тиісті профилактикалық шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Екінші мәселе, облыстағы елді-мекендерде орналасқан көптеген ойынхалар мен компьютер клубтары балалардың тәрбиесіне теріс әсер етіп, қатігездік, пайдакүнемдік қасиеттерді қалыптастыруы. Олардың негізгі жұмыс уақыттары шектелмегені де біршама қиындықтар тудыруда. Заңмен жасөспірімдерге тек түнгі сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орталықтарына бармау қарастырылған, алайда көбіне оқушы-студент жастар сабақтан кейінгі уақытта осындай жерлерге баруға талпынады. Үйде қадағалап отырған ата-ана жоқ. Сосын балалар қыдыру үшін қажет ақшаны ұрлыққа түсіп, басқа жасөспірімдерден ақша, ұялы телефондарын тартып алу сияқты қылмыстарға жасап табатыны да жасырын емес.

— Бүгінгі таңда облыста қаншама ойын клубтары бар, осы жерлерде отыратын балалардың ата-аналарына көрілген шаралар жайлы айтып өтсеңіз?

— Негізінде қала, аудан, елді-мекендердегі ойынханалардың жұмыстарын реттеу бойынша тиісті жұмыстар жасалуда, әлі де болса атқарылар жұмыстар көптеп қажет деп есептеймін. Сонымен қатар, бұл жағдайда балалардың мұндай орындарға баруын қадағалау, шектеу бірінші кезекте ата-ана тарапынан болуы тиістігін атап өткім келеді. Негізінде облыс аумағында 100-ге жуық компьютер ойынханалары мен интернет-клубтары бар. 2019 жылдың 12 айында жасөспірімдердің түнгі уақытта көңіл көтеру орындарында болуына жол бергендері үшін 78 мекеме иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал жасөспірімдердің түнгі уақытта үйден тыс жерлерде ересектердің қарауынсыз жүргендері үшін 4846 ата-ана Әкімшілік кодекстің 442 бабымен жауапкершілікке тартылды. Балаларының тәрбиесіне салғырт, немқұрайлы қарағаны үшін — 366 қолайсыз отбасы тізімдік есепке қойылған. Бала тәрбиесіне және олардың білім алуына көңіл бөлмей, өздерінің ата-аналық міндеттеріне салғырт қарап, оны орындамай жүрген – 243 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сонымен қатар, 27 ата-ана, ата-аналық парыздарынан орындамағаны үшін ата-аналық құқығынан айырылды.

— Дұрыс-ақ, ата-аналардың баланы жақсы етіп тәрбиелеуде алатын орындары ерекше. Осы тұста мектеп әкімшілігі тарапынан қандай жұмыстар атқарылуда? Оқушылардың қауіпсіз болуы үшін барлық жағдайлар қарастырылған ба?
Мектеп инспекторлары жеткілікті ме деген сауал туады?

— Сұрағыңыз орынды. Оқу орындарындағы оқушылардың қауіпсіздік деңгейін арттыру мәселесіне келетін болсақ, облысымызда барлық мектептерде бейнекамералар орнатылған, алайда кейбір мектептерде камералар тиісті деңгейде жұмыс істемеуде.
Мектептерді күзет ұйымдарына өткізу тәртібін ұйымдастыру, турникеттер орнату, сондай-ақ мектепке кіру үшін тыйым салынған заттардың тізімін бекіту қажет. Мектеп аумағында құқықтық тәртіпті сақтау үшін мектеп полиция инспекторлары институты жұмыс атқаруда. Облысымыздағы 907 мектепке бар-жоғы 122 ғана мектеп инспекторлары қызмет жасайды. Тиісті нормаларына сәйкес қосымша 566 мектеп инспекторын енгізу қажет етеді. Яғни, әрбір білім ошағына жеке мектеп инспекторлары бекітілген жағдайда, кәмелетке толмағандар арасында профилактикалық жұмыстарды тиісті деңгейде қамтамасыз етуге болады деп есептеймін. Сондықтан, жергілікті атқарушы органдар осы мәселені шешсе дұрыс болар еді…
— Әрине, болмай тұрған дүниені айтып отыру мәселенің тезірек шешілуіне түрткі болмақ. Осы орайда, менде мынадай сұрақ туындап тұрғаны. Жасөспірімдердің қатысуымен болатын жол-көлік апаттарына тоқталып өтсеңіз?
— Бүгінгі күні жасөспірімдердің қатысуымен болған ЖКО мен өрт апаты, балалардың қараусыз қалған тұрмыстық жағдайларда кездесетін оқыс оқиғалардың алдын-алу маңызды мәселе болып табылады. 2019 жылы облыс бойынша жол-көлік оқиғалары салдарынан жарақат алған жасөспірімдер саны – 200-ден асады.
Кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған ЖКО-ның негізгі себебі жол қозғалысы ережелерін білмеуі және жол инфрақұрылымының жетілдірілмеуінің салдарынан болып отыр. Осыған байланысты, полицейлер оқу жылының басынан көше-жол желісін тексеру жұмыстарын жүргізді. Барлық оқу орындарының жанында жаяу жүргіншілер өткелдері жаңартылып, жол белгілері орнатылды деп айта аламын. Оқушылар мен көлік жүргізушілеріне тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

— Қазіргі таңда өзекті мәселелердің тағы бірі кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын-алу екені даусыз. Бұл бойынша Түркістан облысындағы жағдай қандай?

— Бізде де мұндай жайттар болып тұратыны жасырын емес. Облысымызда кәмелетке толмағандар арасында өз-өзіне қол жұмсау оқиғаларының 80 жайты тіркелген. Кәмелетке толмағандардың өз-өзіне қол жұмсауының ең көп таралған себептері туыстарымен және ата-аналарымен қақтағыстар, сондай-ақ отбасында түсіністіктің болмауы, қоғамдағы жалғыздық сезімі болып табылады.
Өкінішке орай, қазіргі таңда тиісті дәрежеде тәрбие бере алмайтын ата-аналар бар. Ата-аналардың балаларды тәрбиелеудегі өзекті мәселелерді топтық талқылау, өмірлік тәжірибе алмасу және мамандардан кеңес алу үшін мектептер жанынан отбасылық ағартудың біртұтас жүйесін құру қажет деп ойлаймын.

— Сіздің әңгімеңізден Түркістан облысында жасөспірімдер арасындағы қылмысты болдырмауда жүйелі жұмыстар жасалып, бірнешесі едәуір төмендегенін байқауға болады. Бұл да болса, облыс полицейлерінің қарқынды жұмыстарының нәтижесі деп білеміз. Осы орайда, әңгіме арнасын өзіңіздің отбасыңызға қарай бұрсақ. Әке-анаңыз берген тәлімді тәрбиені сөз етсеңіз?

— Мен 1983 жылы қараша айының 14-і күні Шымкент қаласында дүниеге келдім. Әкем – Төрехан Ахметовте осы Ішкі істер органында қызмет еткен. 1980 жылдан қылмыстық атқару жүйесінің мекемесінде жасақ бастығы лауазымында қызметін бастап, 2003 жылы аталған мекемеде бастықтың кезекші көмекшісі болып, полиция майоры шенімен құрметті зейнетке шыққан. Анам- Күлаш Ахметова есепші болды. Өзім үйдің тұңғышымын, артымнан ерген 3 қарындасым-қарлығаштарым бар. Әке-шешем ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, бүгінде немерелерінің алдында жүр. Шүкір етемін, нағыз қазақы тәрбиемен сусындап өстік. Әкемнің форма кигеніне қарап, болашақта кім болатынымды ойланбастан, кішкентай кезімде-ақ шешіп қойған болатынмын. Сол арманға жеттік, мақсат орындалды.

— Түсінікті, «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің»-дегендей, әке жолын жалғастырғаныңыз белгілі болды. Әрине, қазір айтуға оңай. Бірақ осы арманға жету жолында қандай сатылардан өттіңіз?

— Иә, әкемнің өмір жолы, еңбек жолы мен үшін ешбір алтынға айырбастамас сабақ болды. Ала жіпті аттамай, адал қызмет етуді асқар тау әкемнен үйрендім. Сол бағытта жұмыс жасап келемін. 2000 жылы №64 мектепті бітіріп, бозбалалық арманмен Алматы қаласындағы ҚР ІІМ-нің Академиясында «Заңгер» мамандығына оқуға түстім. Студенттік жылдары оқу орнындағы қоғамдық іс-шараларға белсенді қатыстық. Осылайша, 4 жыл өтіп, 2004 жылы жоғарғы оқу орнын бітіріп шықтым. Ең алғашқы еңбек жолым Шымкент қаласы Еңбекші аудандық ішкі істер басқармасында учаскелік полиция инспекторынан бастау алды. Ол кезде полиция-лейтенанты шенінде едім. Содан бері 20 жылға жуық уақыт өтті. Талай қызметтерде жүрдім. Қолдан келгенше қоғамдық қауіпсіздікті сақтауда еңбек еттім. 2018 жылдан бері учаскелік полиция инспекторлары жұмысын ұйымдастыру тобының аға инспекторы қызметін атқардым. 2020 жаңа жылдан бастап, өздеріңіз білетіндей ТО ПД ЖПҚБ-ның Ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторымын, шенім – полиция подполковнигі
— Туып-өскен ортаңызбен таныстық. Одан бөлек шаңырақ көтеріп, екі жарты — бір бүтін болған жарыңыз, жанұяңыз жайлы кішкене ақпарат берсеңіз?

— Өмірлік серігім деп тапқан — Ақерке Жұмамұратовамен 2013 жылы отау құрып, отбасы атандық. Қазіргі таңда 2 қыздың аяулы әкесімін. Бала тәрбиесіне аса мән беремін, жұбайым да қыздарға жақсы тәрбие беруде. Дегенмен қыз бала әкесіне жақын келеді ғой. Бізде бос уақыт көп бола бермейді, ал егер қолым босай қалса, қыздарыммен бірге өткізуге тырысамын.

— Бос уақыт болмайды деп айтып қалдыңыз, десекте қолыңыз қалт еткенде немен айналысасыз? Хоббиіңіз?

— Полицей болғандықтан спортты жанымызға серік еткенбіз. Аптасына 2 күн міндетті түрде денешынықтырумен айналысамын. Әрқашан бірқалыпта жүру үшін жүгіремін. Арасында әдеби кітаптарды оқып қоятыным бар.

— Қыздарыңыз бар екен, егерде осы қыздарыңыздың бірі болашақта полицей болғысы келсе қолдар ма едіңіз?

— Жоқ, себебі полицей болу оңай емес. Ер азаматтардың өзіне кейбір сәттері қиын соғып жатады. Меніңше қыз балаларға тәртіп сақшысы болу тән емес. Ол — болашақ келін, ана. Сондықтан оңайырақ, барған жеріне ыңғайлы салаларды таңдағаны дұрыс деп есептеймін.
— Рахмет, ашық сұхбатыңызға. Түркістан облысындағы жастар арасындағы қылмыстан басталған сұхбатымыз, сіздің өмір жолыңыз, жұмыстағы тәжірибеңізбен аяқталды. Сөз соңында, отбасыңызға амандық тілеймін! Жастарымыз жат қылықтан аулақ болсын, еңбектеріңіз елене берсін дегім келеді!

Қорытынды:
«Тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың хас жауы» дегендей, баланың жақсы болмағы отбасы тәрбиесімен қатар, білім ошағындағы тәрбиеге де тікелей байланысты. Себебі, отбасында тәрбие көрген адам оны алған білімімен ұштастырса, оның жемісі саялы баққа айналмақ. Жастар – таусылмас күш пен сарқылмас қайраттың нышаны. Жас ағашты барынша күтіп-баптасақ, түзу өспек. Сондықтан, бала тәрбиесінде, олардың арасындағы қылмысты болдырмауда жұмыла әрекет етейік! Сонда ғана оң нәтижеге қол жеткіземіз.

Айдана Қанатбекқызы
ТО ПД-ніңбаспасөз қызметі

 

Пікір жазу

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*