Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Руханият » ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ ҒҰЛАМАСЫ

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ ҒҰЛАМАСЫ

Есімі дүние жүзіне мәлім болып, ғылыми және мәдени мұралары ғасырлар бойы ардақталып, ұрпақтан–ұрпаққа өтіп келе жатқан ардагер азаматтар тарихта аса көп емес. Тарих жобасында, халықтың рухани қазынасында айтулылардың айтулысы, жүйріктердің жүйрігі ғана мәңгілік. Мың жылдан артық уақыт өтсе де, аты ауыздан-ауызға жатталып, еңбектері уақыттың, мезгілдің қатыгез сынынан мүдірмей өткен тарих перзенттерінің бірі – Әбу Насыр Әл – Фараби. Ол Отырар қаласында туылған.

Әбу Насыр Әл- Фараби оқуды өте ерте бастаған. Бастапқы білімді ол туған қаласы Отырарда алады, одан соң Хорасанға барады. Кейінірек білімін одан сайын толықтыру мақсатында араб мәдениетінің орталығы Бағдатқа келді. Ғылым-білімге өте құмартқан зерек Әбу Насыр Әл-Фараби мұсылман бола тұра, тіпті кәпірлерден сабақ алудан тайсалмады. Мәселен, тәуіптік өнер (медицина) мен логиканы христиан Юханна ибн Хайланнан, ал жаратылыстану ғылымдары мен грек тілін атақты аудармашы Әбу Башар Маттадан (ол да христиан) үйренеді. Фараби түркі, араб, парсы, грек және басқа тілдерді жетік білген. Кейбір деректер бойынша тіпті ол 70 тіл білген деп айтылады.

Фараби ғылымды көбінесе өз бетінше меңгеріп, аса зор табандылық көрсеткен, орасан мол табыстарға жеткен адам. Бір аңыз бойынша, ол Аристотельдің «Жан туралы» дейтін еңбегін жүз рет, «Табиғи гармониясын» қырық рет, «Риторикасын» екі жүз рет оқыған көрінеді. Міне осылай Фараби әлемге оқымысты болып, дүниежүзінің ұстазы деген дәрежеге көтерілді. Ол алғашқы кезде Бағдатта істейді, кейіннен Дамаскіде, содан кейін Алеппода (Сирия) әмірі Сайф әд Дауланың қарамағында болады. Фараби өз бетінше ғылыммен үзбей шұғылдана берген.

Фарабидің шығыс және батыс үшін де, тарих және болашақ үшін де жасаған ғылыми еңбектері өте көп. Сондықтан да шығыс философтары оны «Ал муаллим ас-сани» яғни екінші ұстаз деп атаған. «Бірінші ұстаз» – «ал муаллим аууал» деп Аристотельді атаған. Фараби Аристотель еңбектерін барлық қырынан зерттей отырып, өзі де жаратылыстану ғылымдарымен көп айналысқан. Ол ғылым күшін барынша насихаттап, адам ақыл-ойының дүние танудағы құдыретін дәріптейді. Ол музыка жайлы күрделі зерттеулер жүргізді, математикада үлкен жаңалықтар ашты, астрономия жайлы кесек еңбектер қалдырды, физика ғылымын жаңа идеяларымен байытты, медицина, химия, минерология тәрізді жаратылыстану ғылымының маңызды салалары бойынша еңбектер жазды. Ертедегі дүние оқымыстыларының пікірлеріндегі озық және тозық қағидаларды талдады. Фарабидің метафизика, тіл ғылымы, логика, психология, география, этика т.б. ғылымдар жайлы жазғандары өз алдына бір төбе.

Тарихты білмей тұрып қазіргінің қадіріне жету, болашақты болжау қиын дейтін ғылымның өз қағидасы бар. Өміріміздің даму барысын дұрыс түсініп, ғылымның бүгіні мен ертеңін танып, бағдарлап отыруда ғылым тарихы маңызды орын алады. Осы кездегі өркені өскен сан салалы ғылым мен мәдениетті жасауға талай елдің таңдаулы өкілдері қатысты. Орта ғасырларда адамзат білімінің молайып, ақыл-парасатының жетілуіне орасан зор еңбек сіңірген ғұламаларының бірі – мұсылман әлемінен шыққан, түркі дүниесіне ортақ топырағынан шыққан данышпан перзент Әбу Насыр Әл-Фараби.

Ағымдағы жылы шығыстың екінші ұстазы, ұлы ғұламасы Әбу Насыр Әл -Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейтойы республика көлемінде тойланғалы жатыр. Көптеген мәдени іс-шаралар, ауқымды семинарлар, ғылыми жұмыстар жоспарланып, атқарылуда. Әл – Фараби бабамыздың аты 1000 жылдан асса да өшкен жоқ. Себебі, оның артында қалдырған білімі, үлкен ғылыми мұрасы бар. Сондықтан, адамның байлығы да, бақыты да, атақ- даңқы да, ол – білім. Білім – таусылмайтын байлық.

Зәуре ТӘЖІБАЕВА,

тарихи-мәдени этнографиялық орталықтың ғылыми-әдістемелік бөлім меңгерушісі.

 

Пікір жазу