Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Руханият » РУХАНИЯТ: ХАНТАҒЫ

РУХАНИЯТ: ХАНТАҒЫ

Хантағы ауылы орныққан өзен арнасының күншығыс жақ жыра беті сонау ерте кезден-ақ «Ханның тағы» деп аталып келеді. Кейінгілер айтылу ыңғайына қарай «Хантағы» деп кеткен.
Кентау қаласынан басталатын соқпақ Хантағы кордонына дейін 12 шақырымды, ал кордоннан ханның тағына дейінгі арақашықтығы 800 метрді құраса, Хантағына шығу жолы – 320 метр. Хантағы орналасқан аймақ теңіз деңгейінен 646 метр биіктікте орналасқан. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 31 желтоқсан 2009 жылғы №2340 қаулысы бойынша ҚР Туризм Министрлігінің 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік стратегиялық жоспарында Хантағы кордоны туризм аймағы болып қабылданған.


Ел арасындағы аңызға қарағанда, ертеде қол астындағы халықтың мұқтажымен санаспаған, қатыгез, мейірімсіз хан өмір сүріпті. Елдің жағдайын ойлап, олардың тұрмыс-тіршілігіне көңіл бөлетін ешкім болмаған соң, жұрт аштыққа ұшырап, адамдардың арасында жұқпалы ауру тарапты. Аурудан қорыққан хан бірде балшы шақыртып, өз тағдыры туралы сұрайды. Сонда балшы ханға: «Өміріңіз сән-салтанатты, мәнді болады екен. Сізге өлім жұқпалы аурудан емес, қарақұрттан келеді екен», — деп, жұлдызға қарап пал ашып, болашағын болжаған көрінеді. Осы кезде әміршінің құлағына: «Ойбай, хан ауылына қарақұрт қаптап келеді!» деген хабар жетеді. Көп ұзамай елді қарақұрт басып, малды да, адамды да қарақұрт шағып өлтіре бастайды. Сонда хан «Қайтсем ажалдан аман қаламын?» деп ақылшы, кеңесші, уәзірлеріне сөз салады, қатты сасады. Олардың әрқайсысы түрлі ақыл ұсынады. Айтқандары көкейге қона қоймайды. Бір уәзірі: «Қарақұрт судан қорқады. Өз жайыңызды сулы, айналасы қарақұрт келе алмастай тегіс және айналаңыз анық көрініп жататындай жылтыр бір жайды мекен етсеңіз қорғанар едіңіз»,- деп кеңес береді.

Бұл көңіліне ұнап, биік жотадан өзіне арнап тездетіп тақ салуға бұйрық береді, тастан тақ ойдырады. Тақ әзір болған кезде өлімнен қатты қорыққан хан жасағын сайлап, тау басына шығады да, төменге күзет қояды. Тау басына ханға ең сенімді деген жалғыз даяшыдан басқа ешкім қатынамайтын болады. Сөйтіп, келе жатқан пәледен құтылудың амалын таптым деп ойлаған хан емін-еркін өмір сүруге кіріседі. Ел басқару жиындарын да сол жерде, тас тақта отырып өткізетін болады. Қарауыл жасақтары күндіз-түні көз ілместен ханды аса сақтықпен «қарақұрт» атты тажалдан қори бастайды. Осылай жаз өтеді, күздің күні суыра соққан жел үш күн, үш түн дамылсыз соғып, сақшылардың да есін шығарады.


Әлгі хан ажалдан бәрібір құтыла алмапты. Сарайдан үш күн бойы шықпай қойған хан желдің басылғанын байқап, жиын өткізу мақсатында сыртқа шығып, тау басындағы тас тағына келеді. Хан тағына отыра берген заматта жел айдап әкелген қарақұрттың баласы ханды шағып өлтіріпті. Бұхарадан бөлініп, өзінше жан сауғаламақ болған ханның ажалы осылай жеткен деседі.
Әміршінің тағы тұрған әлгі жер кейіннен «Хантағы» аталып кетіпті.

 © Түркістан Туризм Орталығы

 

Пікір жазу