Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Руханият » РУХАНИЯТ: ҚОСЫМ БАБА КЕСЕНЕСІ

РУХАНИЯТ: ҚОСЫМ БАБА КЕСЕНЕСІ

Бәйдібек ауданы Шаян ауылының оңтүстігінде, мазар ішінде биіктеу жерге орналасқан.
Кесене жоспарда төртбұрышты болып келген. Бір бөлмеден тұрады, көлемі 3,5 х 3,5 м. Қосым баба кесенесі күйген қыштан қаланған. Төбесі күмбезбен жабылған. Қабырғаларының сырты цемент тәріздес тастың үгінділерімен сыланған. Кесене ауданның сәулет өнерінің дамуы жағынан туристердің қызығушылығын тартады.
Қосым баба (ишан) Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың күйеу баласы Әли (р.а.) мен Бибі Фатимадан тарайтын ұрпақтан шыққан. Өз есімі Сайд Ахмет (Сейдахмет). Кешегі жаугершілік замандарда әскер қосынға бөлініп соғысатын болған. Қосынды басқарушы Сейдахметтің Қосым баба (ишан) аталуының бір себебі осы. Қосым баба XVII-XIX ғғ. өмір сүрген. Жастайынан Хиуа, Самарқанд медреселерінде білім алған. Кейін Шаян өңіріндегі Сіргелі тайпаларының арасына келіп дін уағыздаушы, жастарға білім үйретуші, жұлдызға қарап ауа-райын болжаушы және Құран Кәрімді жатқа оқитын білімдар қари болған. Қарақұрт шаққан адамдарды емдеп жазған. Адамдардың алдағы тағдырын болжап айтатын көріпкел болған. Қоқан ханы Құдиярдың болашақ өмірін дәл болжап айтып берген.
Қосым баба жас кезінде ел аралап келе жатып, биік төбенің басынан қол бұлғап шақырған сары атты, түйе жүн шекпенді, сусар бөрікті адамды көріп, інісі Құлатай екеуі сол төбеге барады. Төбе басында Құран оқып отырған ақсақал мен екі жігітті кездестіреді. Қосым баба да әлгі зиратқа арнап, даланы күңіренте Құран бағыштайды. Құраннан соң Қосым төбе басына шақырған сары аттылы кісіні сұрайды. Әлгі ақсақал: «Ол кісі менің бабам еді. Сіздерге көрініп шақырған сол кісінің аруағы болды ғой» – деп Қосымды үлкен құрметпен еліне шақырып күтеді.
Тарихи маңыздылығы бар ескерткіш туристердің қызығушылығын арттырып облыстың маңызды туристік бағыттарының бірі болып табылады.

 © Түркістан Туризм Орталығы

Пікір жазу