Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ЖЕРДІҢ ТӨРІ – ТҮЛКІБАС

ЖЕРДІҢ ТӨРІ – ТҮЛКІБАС

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген. Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз» деген еді.


Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданында қазақтың қасиетті жерлері өте көп. Түлкібасты алғаш көрген әрбір адамның «Асан қайғының іздеген Жерұйығы осы емес пе?» деген ойға келетіні рас. Әрі қазақтың көрнекті жазушысы Шерхан Мұртазаның: «Тұлпарлар туған жер, сұңқарлар қонған жер» деп анықтама беруі тегін емес. Сөз зергерінің, қаламы қарымды қайраткердің үнемі түсінде Ақсуын аңсап жүретіні тағы бар. Тіпті Шерхан атаның Түлкібасын Түркібасы атауымен аталғанын қалайтынын да жақсы білеміз.
Белгілі жазушы Мархат Байғұт Шерағаң туралы жазбасында осылай дейді: «Түркі қағанаты да алауыздықтан, дүниеге таластан тоз-тозы шыққан. Сыртқы жауларға сыр алдырғандықтан сөйткен. Түркі қағанаты тара­мағанда мынау айдаһар да, анау аю да басынбас еді. Көкбөрі бәрінен биік тұрар еді. Түлкібас – Түлкібас емес. Түркібасы күйінде қалар еді».
«Бабалар сөзінде» Түлкібас атауына қатысты мынадай деректер айтылады. Онда: «О баста бұл жер Май­лыкент аталған екен. Осы Майлыкент өңі­рінде Түлкібас деген әулие кісі өмір сүріпті. Кезінде елге көп жақсылығы тиген, әртүрлі ауруларды емдеп жазыпты. Өзінің әулиелігіне қарамай, ол кісі өте қарапайым болғанға ұқ­сайды. Бірақ ел ішінде оған сенбейтін, күле қа­рай­тын адамдар да бар екен. Бірде Түлкібас әулие Қосемшек деген төбенің етегіндегі өзенге түйесін суғармақ болып жетелеп бара жатады. Сол кезде оған сенбейтін, сол ауыл­дың біраз адамы артынан әжуалай қарап, күліп тұ­рады. Бұған шыдамаған Түлкібас әулие артына қарап, әлгі адамдарға түкіріп қалыпты. Сол сәтте олар езіліп кетіп, барлығы он екі адам бір-бір бастауға, бұлаққа айналған» делінген.
Қалай десек те, Түлкібастың тап-таза бастауы, қайнар бұлағы мың ауруға ем, қасиеті мол екенін жергілікті жұрт ерекше айтып отырады. Оған Түлкібасқа барған сапарымызда көзіміз жетті.

Грейг қызғалдағы неге «Қызыл кітапқа» енді?

Түлкібас ауданына табан тіреген кез келген жан Ақсу-Жабағылыға соқпай кетпейді. Түлкібастың жерұйығы да, жәннаты да – осы. Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы – ­ең алғаш ашылған қорықтардың бірі. Ең қызығы, қорықты құру бастамасын көтерген ғалым, гидробиолог А.Бродский. Бұл жерге 1920 жылы алғаш рет ғалымның табаны тиген екен. Қорық теңіз деңгейінен 1300 метрден 4200 метрге дейінгі биіктіктегі таулы аймақты алып жатыр. Бұл жерден жоғалып бара жатқан сирек кездесетін жан-жануарларды, «Қызыл кітапқа» енгізілген өсімдіктерді тамашалай аласыз. Ақсу-Жабағылының емдік қасиеті мол, тау ауасы, қарасаң көз тоймайтын ерекше табиғаты, бұлақ сулары, өсімдіктер мен жануарлар әлемі ерекше сезімге бөлейді. Әрі бұл қорықтан Африканың, Орталық Азия елдерінде кездесетін жан-жануарларды табасыз. Өсімдіктер әлемі өте бай. Емдік қасиеттері мол дәрілік шөптерді де қорықтан кездестіруге болады. Қорықтың ең басты символы – грейг қызғалдағы. Кәдуілгі таудың жабайы қызғалдағы. Оның неге Грейг атауын иемденгені тарихи деректерден белгілі.
Бүгінде грейг қызғалдағы Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Табиғат жанашырлары қызғалдақтың жойылып кету қаупі бар екенін айтып, жиі мәселе көтеріп жүр. Қорықтағы ең көп өсетін гүлдердің
бірі – осы қызғалдақ. Жылына бір-ақ рет небәрі 10-15 күн ғана гүлдейтін қызғалдақтар көктем келіп, тіршілік жаңарған тұста бүкіл алқапты қызыл кілемге орандырады. Қызғалдақпен көмкерілген төбешіктер көрген жұртты да есінен тандырады. Қызғалдақтың да тарихы қызық. Жергілікті жұрт жиі айтатын аңыз-әңгіменің бірі – жаугершілік замандарда бабаларымыздың қаны тамған жерге кейін қып-қызыл қызғалдақтар жайқалып шыққан деседі. Қан майданда төгілген қызғылт дақтар қызғалдаққа айналыпты. Әр аңыздың түбірінде бір ақиқат болады. Кім білсін, мүм­кін қызғалдақтар бабаларымыздың қан май­дан­дағы ерлігін паш ететін бір белгі шығар?!.
Грейг қызғалдағын «жауқазындар королі» деп те атайды. Бұл гүлдер Қаратау, Алатаумен шектесіп жатқан Қазығұрт, Төлеби, Түлкібас, Бәйдібек өңірлеріндегі таулы аймақтарда жиі кездеседі. Бокал тәрізді гүлінің ұзындығы 8 сантиметрге дейін жетеді. Әрі жапырақтары да өте ірі.
Қызғалдақтың негізгі отаны Қазақстан екенін әлем ғалымдары мойындап қойған. Ғалымдардың айтуынша, қызғалдақтың тұқымы Ұлы Жібек жолы арқылы Қазақ­станнан Түркияға, одан ары қарай Голландияға жеткен секілді. Табиғаттың өзі сыйлаған қызғалдақтар бүгінде Голландияда өсіріліп, өзімізге экспортпен қайта келіп жатыр. Ендігі қорқыныш – жабайы қызғалдақты жоғалтып алмаймыз ба? Келешекте грейг қызғалдақ­тарының тұқымы жоғалып кетсе, не істейміз? Мамандар қызғалдақтарды түбімен қазып алып, сатып пайда таппақ болғандардың кесірінен гүл падишасы мүлдем жойылып кете ме деп қауіптенеді.
Ақсу-Жабағылы қорығы – өсімдіктерге өте бай. Одан бөлек қорықта 11 түрлі жорғалаушылар мен 3 түрлі амбифия бар. Оның үш түрі Қазақстанның «Қызыл кіта­бы­на» енген. Қар барысы, Менэбир суыры және қазіргі кезде жоғалудың аз-алдында тұрған арқардың эндемиялық түрі сирек кездеседі.

Тау пістесін өндіруге бола ма?

Сайрам-Өгем ұлттық паркі де – Қазақстанның ең көрікті аймақтарының бірі. Бұл – жабайы табиғаттың қайталанбас әсем әлемі. Сайрам-Өгем Батыс Тянь-Шань тау жүйесінің солтүстік-шығыс бөлігін қамтиды және Өгем, Қаржантау, Боралдай, сонымен қатар Талас Алатауының солтүстік батыс бөктерін алып жатыр. Ұлттық парктің территориясынан Өгем, Сайрамсу, қасқасу, Біркөлік, Машат, Даубаба және Көкбұлақ өзендері ағып өтеді. Ұлттық парктің аймағына 7 табиғат зонасы кіреді. Өсімдіктің 1635 түрін, сүтқоректілердің 59 түрін, құстардың 300 түрін табасыз. Мұнда «Қызыл кітапқа» енгізілген өсімдіктердің 240 түрі бар. Қар барысы мен Түркістан сілеусіні де кездесіп қалатынын айтады парк қызметкерлері. Ұлттық парк территориясынан тарихи ескерткіштерді, петроглифтерді, ерте дәуірдегі қоныстардың іздерін көруге болады. Бірақ бұл ескерткіштер әлі күнге толық зерттеліп біткен жоқ.
Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркіне кіретін Тау Пістелі аймағының басты ерекшелігі – тау пістесі. Мұның кереметі – көктемде. Көктемде тау пістесі гүлдегенде, оның хош иісі бүкіл Түлкібас өңірін жайлап кетеді екен. Тау пістесі дегеніміз – фисташка. Кәдуілгі тікенекті бұтада өсетін пісте. Бір ағаштан ары кеткенде екі-үш келі пісте алуға болатынын айтады мамандар. Қыркүйектің ортасына қарай пісте теруге мүмкіндік бар. Жабайы пістенің жайы белгілі. Тау пістесін қолдан өсіруге бола ма? Бізді қызықтырғаны да – осы. Түлкібас ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Марат Қалтаевтың айтуынша, тау пістесін өсіру аса тиімді емес екен. Жаңғақ ағашына қарағанда, өнімді де аз беретін көрінеді. Соған қарамастан, тау пістесін өсіріп бастағандар да бар көрінеді. Оның жемісі қалай болатынын уақыт көрсетеді.
Ұлттық парк аумағында бірнеше шағын көлдер бар. Мақпалкөл, Сайрамсукөл, Сусіңген және Балықтыкөл. Олар екі су бассейініне: оңтүстік-батысы Сырдарияға, солтүстік-шығысы бөліп тұрған Қаратау жотасы арқылы Шуға қарайды. Бірақ Батыс Тянь-Шаньның жоталарынан ағатын көпте­ген өзендердің ішінен тек Арыс пен Келес өзендері ғана Сырдарияның арнасына жетеді. Қалған қаратау жотасының оңтүстік-батыс беткейінен бастау алатын ұсақ өзендердің бар­лы­ғы Сырдария өзеніне қарай бағыттал­ға­ны­мен судың аздығынан дарияға жетпей қалады.

P.S. Сөз басында Шерхан Мұртазаны тектен-тек мысалға келтірген жоқпыз. Шерағаңның: «Парижде болдым – Париж түсіме кірмеді. Мысырда болдым – Мысыр түсіме кірмеді. Қытай, Моңғолстан, Үндістан, Пәкістан, Иран бардым – олар да түсіме кірмеді. Баяғыда Мәскеуде бес жыл оқыдым – оны да түсімде көрмедім…
Түсіме күн сайын Мыңбұлақ кіреді.
Түсімде ылғи Ақсу-Жабағылыны көремін» деп жазғаны бар.
Шерағаңның ылғи түсіне кіретін Ақсу-Жабағылысы бізді де ерекше сезімге бөледі. Мархабат Байғұттың тілімен айтқанда: «Ақсу – арымыз, Жабағылы – жанымыз».
Қорықтың тап-таза, тұп-тұнық бастаулары – жанымыздың дертін емдейді. Ақсу-Жабағылы қорығы, Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркі – Қазақстанға Алланың берген сыйы.
«Мың рет естігеннен бір рет көрген артық». Ақсу-Жабағылы туралы осылай десек, артық емес. Қорықты бір көрген жанның оны ешқашан ұмытпасы анық.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы» дейді.
Түбінде терең тұнық суы бар Түркібасы әулиенің басына соққанымызда, қара жолдың бойында қасқайып тұрған Тұрар Рысқұлов ескерткішіне тағзым еткенімізде бір нәрсеге көз жеткіздік: Түлкібас – жер жәннаты екен. Ендігі мақсат – ұлттық байлығымызды бағалай білгеніміз.

«Айқын»

Пікір жазу

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*