Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » ӘРУАҚ ТЕПКЕН ЖОҚ ПА ЕКЕН БІЗДІ ОСЫ?

ӘРУАҚ ТЕПКЕН ЖОҚ ПА ЕКЕН БІЗДІ ОСЫ?

Бұл тақырыпты қозғау – өте ауыр: түсінетін бар, түсінбей лағып кететін бар. Мәселен, Шымкенттегі балалар темір жолын бұзуға аса мүдделі екенін байқатқан қаланың бұрынғы әкімі Ғабидолла Әбдірахымовты әлеуметтік желі арқылы тоқтатпақ ниетте болып, «АСҚАРОВТЫҢ ӘРУАҒЫ ҰРЫП КЕТПЕСІН!» деп, талай дабыл қақтық. Сол кездегі қала әкіміне жағымпаздық жасағысы келді ме, әлде шынымен де халықтың мұң-мұқтажына қырын қарады ма – ол жағы бізге беймәлім, қалалық мәслихаттың бір депутаты балалар темір жолын бұздыруға қарсы тұрған азаматтар туралы өз пікірін былай білдірген болатын:

Құрметті депутат мырза! Балалар темір жолы бойындағы жерлер жекеменшікке беріліп жатқанда, мен өз басым – Шымкент қаласының емес, сол кезде Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны болатынмын. Өзіңіз сияқты жәреукеленіп жүрген депутаттар сол олқылықтарға жол берген шығар, ол жағын білмедім. Ал, «аңдамай сөйлеген, ауырмай өлетіні» тағы белгілі. «Олай болса, бұлай болады – бұлай болса, олай болады» деп тон пішу – халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүретін депутатқа тән қасиет емес. Және әруақпен ойнауға болмайтынын өмірдің өзі дәлелдеп келе жатқан жоқ па? Ғабидолланы да балалар темір жолын бұзудан тоқтатқан осы Асекеңнің әруағы деп батыл айта аламын!..

 

Әруақ демекші, біз – әруақты сыйлаған, әруақты құрмет тұтқан батыр бабаларымыздың ұрпағымыз. Осыншама кең байтақ жерді ата-бабаларымыз адам санымен емес, найзаның ұшымен, білектің күшімен, бір әруаққа сыйынып, бізге мирас етіп қалдырып кеткен еді ғой! «Әруақ!» деп ұрандап, жауға шапқан сол баһадүрлеріміз ақымақ болмаған шығар? Әлде әлгі депутат айтпақшы, олар да «көлгірсіді» ме екен?

Әруаққа тіл тигізуге, оның тыныштығын бұзуға қазақ халқы қатаң тыйым салып қойған. «Әруақ ұрған – оңбайды!» деген сөз содан қалса керек. Барлықтарыңызға мәлім болар, қаһарлы Әмір Темірдің мазары бұзылып, қабірі ашылып, бетіндегі ауыр көктасы көтеріліп, табыты бұзылғанда – Ұлы Отан соғысы басталып, бұрын-соңды болмаған алапат қантөгіс басталған еді. Әмір Темірдің киесіне ұшырағандар, әлгі депутатымыз сияқты, бұған «жай сандырақ сөз, айта береді, жаза береді» деген көзқарас танытқан болатын. Әрине, өлген Әмірден тірі жүрген әкімге жағымпазданған тиімдірек қой – ең болмағанда, қызмет аласың, дүрдей бір кеңеске төраға боласың. Десек те, «Өлі риза болмай, тірі байымайтынын» кеш те болса, түсінген ел басшылары Әмір Темірдің құлпытасын қалпына келтіріп, кесенесін қайта жаңалап, әруаққа тыныштық бергеннен соң ғана Қызыл Әскердің қанды майдандағы жағдайы күрт жақсарып, бір жеңістен екінші жеңіске қол жеткізе бастаған. Бұл жағдай, әрине, қазіргі ұрпаққа сабақ болмады…

Біз Оңтүстік Қазақстан облысын қақ айырып, Шымкент қаласын – өз алдына республикалық бағыныштағы қалаға айналдырып, Оңтүстік Қазақстан облысына Түркістан облысы деген ат бердік. Одан соң облыс орталығын қасиетті қалаға көшіре салдық. Бар қателік осыдан бастау алды. Облыс орталығы болған соң, бар жын-ойнақ сол жаққа қарай бет алды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің алдына улатып-шулатып концерт қойдық, айналасын аяусыз қаза бастадық, тіпті су кіргізу әрекеті де басталып кетті. Таңның атысы, күннің батысы «абаттандыру» деген желеумен кесененің айналасында құрылыс жұмыстары жүріп, Әмір Темірдің өзі пір тұтқан Әзірет Сұлтаннан басқа 150-ден астам хандардың, сұлтандардың, батырлардың, билердің әруақтарын оятып жіберген жоқпыз ба деген қауіп бар. Әйтпесе, екі жылдан бері облыс халқы бір апаттан екінші апатқа ұшырай беруі неліктен?..

2019 жылы Арыс қаласындағы апат бәрімізді есеңгіретіп жібергені жасырын емес. Үстіміздегі жылы басымызға қауіп төндірген коронавирустың пандемиясы аздай, Мақтааралдағы топансудың қаһарын көрдік. Аққойлыдағы құйын мен Төлебидегі сел де қосымша болып тұр. Ел аузына қақпақ бола алмайсыз, жұртты тыңдасаңыз, осы Шөкеев әкім болып келгелі оңбай келе жатырмыз дейді. Мәселе Шөкеевте емес, XIV ғасырдан бері тыныш жатқан әруақтарды қозғағанымыздан емес пе екен деген ой туады. Қалай болғанда да, Түркістан қаласына рухани орталығымыз ретінде республикалық бағыныштағы қала мәртебесін беріп, облыс орталығын басқа жерге (ол Арыс болар, Темірлан болар) көшіру қажет. Облыс атауы өзгермегені жақсы.
Сонда ғана әруақтар тынышталып, елге апат келуін тоқтатады деген үміт бар…

© Әсет Әссанди,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Пікір жазу