Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Болашақ » БАСПАНА КЕЗЕГІН АЗАЙТУ КЕРЕК

БАСПАНА КЕЗЕГІН АЗАЙТУ КЕРЕК

Шымкент қаласының маңынан өндіріс орындарын көптеп ашу қажет. Бұл өз кезегінде халықты жұмыспен қамтып, шаһардағы сабылысты азайтуға сеп болады. Сондай-ақ қалада көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын  жүргізіп, газбен қамтамасыз ету мәселесіне мән берілуі тиіс.  Бүгін бұл туралы Шымкенттегі бірнеше әлеуметтік нысандағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысқан Оңтүстік Қазақстан облысының  әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті.

Аймақ басшысы ең алдымен Бозарық шағын ауданындағы 900 орындық мектепке атбасын бұрды. Мұндағы құрылыс жұмыстары мамыр айында басталған болатын.  Жобаның жалпы құны 1 млрд 200 млн теңгені құрайды. Нысанның бас мердігері «Тұр-Ахмет и компания» ЖШС-гі құрылыс – монтаждау жұмыстарына жоғары қарқынмен кірісіп, мектепті 2018 жылдың сәуір айында ел игілігіне береміз деп отыр.  Алайда  оқу, спорт және асхана блоктарының жұмыстары өндірістік кестеден 20-30 күнге кешігіп жүргізілуде. Облыс әкімі құрылыс жұмыстарын кестеге сай жүргізуді қатаң тапсырды.

Мұнан соң өңір басшысы Бекжан базары маңындағы жол айрығының құрылысына аялдады. Бас мердігер – «ЖБИ-С» компаниясы нысанды 2018 жылы пайдалануға бермек. Жол айрықтың жалпы құны 1 млрд 737 млн теңгені құрайды.

Әкім назарынан Темірлан тас жолы – Мангельдин көшелері қиылысындағы жер үсті өткелі мен Қожанов көшесіндегі құрылыс жұмыстары да тыс қалған жоқ. Мұндағы жөндеу жұмыстары 2015  жылдың 1 тамыз күні басталған.  Жансейіт Қансейітұлы өткелдің құрылысына  қажетті 51 млн теңгені тездетіп бөліп, жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды. Айта кетейік, мұндағы құрылыс монтаждау жұмыстарының жалпы құны 219 млн теңгені құрайды. Мердігер мекеме – «НурКаз Констракшн» ЖШС.

Облыс әкімі күтпеген жерден Бәйдібек би және Қонаев көшесінің қиылысында орналасқан «Қазбек» әмбебап базарына соқты. Саудагерлермен тілдескен әкім базарды жыл соңына дейін Бозарық шағын ауданы маңында салынып жатқан жаңа базарға көшіруді тапсырды.

Қала аралау барысында облыс әкімі   Байтұрсынов көшесіндегі жылу магистральды  құбырларын алмастыру барысын да көріп шықты.  Мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Байтұрсынов-Сапарбаев-Рысқұлов көшелеріндегі магистралды жылу құбыры ауыстырылуда.  Бұл мақсатта 888,4 миллион теңге бөлінген.  Мердігер — «Сити-строй» ЖШС.  Жөнделетін учаскенің жалпы ұзындығы — 5,2 шақырым. Қазіргі таңда жұмыс 4 шақырымнан астам жерде жүргізілген. Әбден тозығы жетіп, шіріген құбырлар қапталған жаңа құбырға ауыстырылуда. Олар тат баспайды және жарық пен тесік пайда болған жағдайда хабар беретін құралмен жабдықталған.

«Облыс орталығындағы негізгі мәселелердің бірі баспана. Сондықтан қала орталығында көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын көптеп жүргізуіміз қажет. Екінші мәселе – газбен қамтамасыз ету. Қазіргі таңда қаланың 70 пайызын жеке әрі жер үйлер орналасқандықтан олардың инфрақұрылымдық қажеттіліктермен қамтамасыз ету  аса көп шығынды талап етіп отыр»,- деді Жансейіт Қансейітұлы.

Облыс басшысы әкімшілік іскерлік орталығындағы коммуналдық арендалық тұрғын үйлер мен 1200 мектептің құрылысымен де танысып шығып, атқарылған шаруаларға оң бағасын берді.

Мұнан соң облыс басшысы Астана даңғылының құрылысы жүріп жатқан аумаққа келді. Мұндағы құрылыстың бірінші тармағы биыл аяқталады. Яғни, Астана даңғылы Арғынбеков көшесіне қосылуы тиіс. Ал келесі жылы құрылыстың екінші кезеңі жүзеге асырылады: Ол кезде Астана даңғылы Өтегенов көшесіне дейін созылады.

Өз тілшімізден

Пікір жазу