Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қала тынысы » «ЖОЛ КАРТАСЫМЕН» ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫНА 3 198 АДАМ ТАРТЫЛАДЫ

«ЖОЛ КАРТАСЫМЕН» ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫНА 3 198 АДАМ ТАРТЫЛАДЫ

Шымкент қаласында жол құрылысына Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 3 198 адам жұмылдырылмақ.

Жол саласындағы жұмыстар негізінен қайта құрылымдау мен жөндеу болып бөлінеді. Биыл Шымкент қаласында 10 нысан – 13 шақырым жол, 3 көпір, 1 оң жақ өткел қайта құрылымдаудан өтеді деп жоспарланып отыр.

Бұлардың қатарында А-2 автожолы мен Темірлан тасжолының қиылысындағы көлік өткелдері, А-2 автокөлік жолының бұрынғы қоқыс полигонынан Ынтымақ шағынауданына дейінгі бөлігін жөндеу, Жібек жолы, Төреқұлов, Адырбеков, Бадам өзеніндегі автокөлік көпірлері мен Сайрам су өзеніндегі Леңгір бағытындағы көпірді қайта құрылымдау жұмыстары бар. Бұған қоса 50 шақырым жол мен 2 көпір толық жөнделіп, 308 шақырым жол орташа жөндеуден өтеді.

– Биыл жалпы, 223 нысан пайдалануға берілсе, 2 нысан 2021 жылға өтпелі. Осы мамыр айының соңына дейін 136 нысан, ал маусым-тамыз айларында 75 нысан ашылады деп күтілуде. Күзде тағы 5 нысан пайдалануға берілмек. Ал Республика даңғылы мен Рысқұлов көшесін орташа жөндеуден өткізу 2021 жылға өтпелі, – дейді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары А. Тұрханов.

Басқарма мамандары тек жолдар мен көпірлерді жөндеп қана қоймай, тұрғындарға қызмет көрсетілуін бақылайды. Мысалы, қалаға қарасты 4 аудандағы жалпы ұзындығы 90 шақырым жолды қамтып, жол сызықтарын, жол қозғалысын реттеуді күтіп-ұстауды басқарма мамандары атқарады.

– Бұл шаруаларға жергілікті тұрғындар көптеп тартылуда. Әсіресе, жұмыссыз азаматтарды еңбекпен қамту басты назарда тұр, – дейді басқарма өкілдері.

Мысалы, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында биыл 3 198 адам жұмылдырылмақ. Оның ішінде 1 621 адам жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыссыз азаматтардың қатарынан алынады.

© DIDARBEK.kz

Пікір жазу