Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » 11 МЫҢҒА ЖУЫҚ ПӘТЕР САЛЫП ЖАТЫР

11 МЫҢҒА ЖУЫҚ ПӘТЕР САЛЫП ЖАТЫР

Оңтүстік Қазақстан облысында «Құрылысшылар күні» кәсіби мерекесі аталып өтті. Тамыз айының екінші жексенбісінде тойланатын осынау мейрамда аталған кәсіп иелерін құттықтаған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бұл саланы дамыту бүгінде мемлекеттің өзекті экономикалық және саяси міндеті болып табылатынын жеткізді.

«Құрылыс индустриясының өркендеуі, әлеуметтік маңызды нысандардың салынуы әлемдегі отыздыққа ұмтылған елімізде ерекше орын алады. Соңғы жылдары құрылыс нысандарын салуға арналған инвестициялар көлемі республикалық, облыстық және аудандық бюджеттерден, сонымен бірге жеке компаниялар мен фирмалардың қаржылары есебінен едәуір өсуде. Атап айтқанда білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, тұрғын-үй және инженерлік инфрақұрылымды дамыту сияқты әлеуметтік маңызды салаларға мемлекет тарапынан орасан зор көңіл бөлініп, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламары шеңберінде қарқын алып отыр», – деді өңір басшысы.

Саладағы осынау ақпараттармен бөліскен аймақ басшысы мұнан соң, құрылыс саласында көптеген жылдар еңбек етіп, өңірдегі бірқатар құрылыс нысандарының бой көтеруіне атсалысқан құрметті құрылысшыларды марапаттады.

Атап айтқанда, салаға еңбегі сіңген үш азамат ҚР Индустрия және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің «Құрметті құрылысшы» төсбелгісіне ие болса, бір адам «Құрметті жолшы» төсбелгісін, бес азамат аталған министрліктің Алғыс хатын алды. Он үш сала маманына өңір басшысының Грамотасы берілсе, бес азамат әкімнің Алғыс хатымен наградталды. Жалпы, бұл күні 40-қа жуық құрылыс саласына қатысты азаматтар марапатталып, ел адындағы мерейі үстем болды.

Жалпы, 2017 жылы облыс аумағында 209 әлеуметтік нысан құрылысы бойынша инвестициялық жобалардың іске асырылуына 64,9 млрд.теңге қаралды. Сондай-ақ жыл соңына дейін 116 нысанды пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр. Ұлттық қордан – «Нұрлы жол» Мемлекеттік бағдарламасы аясында 32 мектеп құрылысын жүргізуге 17,4 млрд.теңге бөлінсе, 2016 жылдан өтпелі 19 мектепті биыл пайдалануға беру жоспарланып, бүгінгі күнге 5 мектеп тапсырылды.

Тұрғын үй құрылысы дамуының негізгі факторы – құрылысқа инвестициялық қаржылардың көптеп бағытталуы болып табылады. Баспанамен қамтамасыз ету – халықтың тұрмыс деңгейі дамуының негізгі көрсеткіші. 2017 жылы барлық қаржыландыру көздері арқылы 226 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл дегеніңіз 10 879 пәтер. Жыл соңына дейін 115 үйді (6375 пәтер) пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр.

«Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының барлық бағыттары бойынша 2017 жылдың жеті айында ОҚО аумағында 348,0 мың ш.м. (3154 пәтер) тұрғын үй пайдалануға тапсырылып, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 115,%-ға орындалды. 2017 жылдың жоспары – 550,6 мың ш.м. тұрғын үйді аяқтау жоспарланса, жыл қорытындысымен 700 мың ш.м. пайдалануға тапсырылады деп күтілуде.

Жол құрылысы саласын дамытуға 2017 жылы бюджеттен 29 млрд 445,7 млн. теңге қаралып, 584 нысан немесе 1 570 шақырым жолдар мен көшелер құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылатын болады. Облыстық және аудандық маңызы бар 801,8 шақырым жолда құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жыл соңына дейін 115,4 шақырым жол құрылыыс аяқталады.

Өз тілшімізден

Пікір жазу