Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Болашақ » ОҢТҮСТІК ЖАСТАРЫН ОҚУҒА ШАҚЫРАДЫ

ОҢТҮСТІК ЖАСТАРЫН ОҚУҒА ШАҚЫРАДЫ

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Қостанай облысындағы Рудный индустриялық институтының ректоры, профессор Әбдірахман Найзабековты қабылдады.

Кездесуде тараптар еліміздегі білім беру жүйесі мен оған мемлекеттен жасалып жатқан қамқорлық жайын сөз етіп, осы мәселер аясында жүзеге асырылып жатқан түрлі бағдарламалар туралы әңгімелесті. Әсіресе, облыс басшысы өңіріміздегі жастарды «Серпін-2050» бағдарламасы аясында Солтүстіктегі өзі басқаратын оқу орнына шақыра келген қонақтың ұсынысын құп көріп, оны жүзеге асырудың жай-жапсарын талқылады.

Тарихы ХХ ғасырдың 50 жылдарынан бастау алатын Рудный Индустриалдық институты бүгінде техникалық ғылым саласында инфрақұрылымы дамыған заманауи ғылыми-білім кешені болып табылады. Институт құрамында – 3 факультет (тау-металлургиялық факультет, энергетика және ақпараттық жүйелер факультеті, экономика және құрылыс факультеті) пен 7 кафедра бар. Студенттерді оқыту жалпы орта, техникалық және кәсіби, жоғары білім базасында күндізгі, кешкі және сырттай оқу нысаны бойынша мемлекеттік және орыс тілдерінде 18 бакалавр мамандықтары бойынша жүргізіледі.

Институт оқытушылары «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша соңғы 2 жылдан бері шалғай ауылдардан талапкерлерді қабылдап, бүгінге дейін 250 студентті (оның 200-ге жуығы ОҚО-дан) маман атандырып отыр. Жоғары оқу орны ректорының айтуынша, биыл тағы 130 студент біздің өңірден Рудныйға аттанып, білімін жалғастырады деп күтілуде. Оқу орнын бітірген түлектердің 95-98 пайызы мамандығы бойынша жұмысқа орналасатынын жеткізген профессор онда жастар үшін барлық жағдайдың жасалғанын мәлімдеді.

Әкіммен өткен басқосудан соң Ә.Найзабеков Шымкенттегі Жастар орталығында бірқатар талапкерлермен кездесті. Ректор жастарды Солтүстікте білімін жалғастырып, сонда жұмысқа орналасуға шақырды.

Айта кетейік, «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша, 2014 жылы 1000 грант бөлініп, күнгейлік 326 жас оқуға түссе, 2015 жылы 34 колледжге 1200 грант бөлініп, 359 талапкер білімін жалғастырды. Былтыр 31 колледжге 1000 грант бөлініп, өңірімізден 244 жас оқуға түсті. Жалпы соңғы 3 жылда Оңтүстіктен «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша ЖОО-нда 4698 студент, колледждерде 929 жас білім алуда.

Ал 2017 жылы «Серпін-2050» бағдарламасы аясында ЖОО-на 3793 мемлекеттік грант, ал колледждерге 720 грант бөлініп отыр. 23-31 шілде аралығында мемлекеттік грант иегері атануға өңіріміздің жас түлектерінен «Серпін» жобасына 7849 құжат тапсырылған-ды.

Өз тілшімізден

Пікір жазу