Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Облыс жаңалықтары » ҚАЙТҚАН МАЛДЫҢ ҚАЙЫРЫ БАР

ҚАЙТҚАН МАЛДЫҢ ҚАЙЫРЫ БАР

Түркістан облысы полицейлері жайылымнан сиыр жымқырып жүрген жас жігіттерді ұстады, деп жазады ТО ПД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған DIDARBEK.kz.

Шардара АПБ-не жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша жайылымға шығарған 3 бас сиыры, кешкісін қайта келмеген. 1 күн бойы өздері іздеп таба алмаған соң, аудандық полиция бөліміне хабарлаған. Аталмыш дерек Шардара АПБ-не тіркелді. Тұрғынға келтірілген шығын көлемі 700 000-ге жуық теңгені құрады.

Жоғалған сиырларды табу мақсатында тәжірибелі тәртіп сақшыларынан арнайы жедел-тергеу тобы құрылып, шұғыл әрекетке кірісті. Полицейлер көрген-білгендерден жауап алып, жақын аймақтарды аралап шықты.

Бірнеше сағатқа жалғасқан жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде полицейлер күдіктілердің ізіне түсті. Жинақталған ақпарат көздеріне сәйкес, ұрлықты жасаған 3 жас жігіт болып шықты. Олардың екеуі жергілікті тұрғын болса, біреуі көрші ауылдың тұрғыны екені анықталды.

Тергеу барысында анықталғандай таныс жас жігіттер, сиырларды «Газель» автокөлігіне артып алып кетеді де, 60-70 шақырым қашықтықта орналасқан көрші ауылға апарып, ауыл шетіндегі мал қораға қамап қойған. Осылайша мал ұрлап сатпақшы болған жас жігіттердің ойы іске аспай, тәртіп сақшыларының қырағылы арқасында ұсталды. 3 бас сиыр айғақты зат ретінде алынып, заңды иесіне қайтарылды.

Одан бөлек, полицейлердің кәсіби шеберлігінің арқасында, күдіктілердің тағы осындай 3 мал ұрлығына қатысы бары анықталды. Күдіктілердің айтуынша, 2019 жылы жайылымнан 3 тұрғынға тиесілі 6 бас сиыр ұрлап, алыпсатарларға әрқайсысын 160 000 теңгеден сатып жіберген. Осылайша өздері кінәларын толық мойындады. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Екі күдікті қамауға алынса, ал үшіншісі «қолхатта». Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-1-бабымен тіркелді.

Өз кезегінде жәбірленуші әйел: «Полицейлерге ризашылығымды білдіремін! Себебі, олар бір күн болмай, жедел іздестіріп, жоғалған сиырларымды тауып берді. Мал ұрыларын да ұстады. Алғыс айтамын, жұмыстарына табыс тілеймін» — деп өзінің алғысын жаудырды.

Түркістан облысы полицейлері азаматтарға малдарыңызды қараусыз қалдырмаңыздар деп ескертеді. Сондай-ақ, уақытылы ен-таңбаларын салдыртып, қора-жайларыңызды мықтылап бекітіңіздер деп кеңес береді. Егерде, сіздің малыңыз жоғалып немесе ұрланса тез арада полицияның «102» нөміріне хабарласыңыздар.

© DIDARBEK.kz

Пікір жазу