Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » БҮЛДІРШІНДЕРГЕ БАЗАРЛЫҚ ТАРАТЫЛДЫ

БҮЛДІРШІНДЕРГЕ БАЗАРЛЫҚ ТАРАТЫЛДЫ

Бүгінде Жетісай ауданында жалпы саны 7 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азаматтар болса оның 1167-сі 18 жасқа дейінгілер. Ал, сол 1167 жанның 340-ы Жетісай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің есебіне алынған. Буыны бекімей жатып денсаулықтың қадірін сезініп, мүгедектіктің қамытын киген бүлдіршіндердің «1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні» мерекесі қарсаңында Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Психоневрологиялық ауытқуы бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларға арналған «Балдәурен» күндізгі болу орталығы» мекемесінде игі іс-шара өтті.

Шараға Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев пен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әділхан Әбжанов, «Tectum Engineering» ЖШС шифер зауытының өкілдері қатысты.
Елдің басына түскен нәубетті сезініп, жұртқа қолұшын созу мақсатында «KUSTO Group PTE.LTD» компаниясы мен «Tectum Engineering» ЖШС шифер зауыты арнайы акция өткізіп, «#Kusto Help» қорын құрған.

«Күніндей көңілі ыстық жетісайлық бүлдіршіндерді айтулы мерекесімен құттықтап, жасап жатқан сый-сияпаттарыңыз үшін сіздерге айтар алғысымыз шексіз. Өмірдің сынына ұшырап, тағдырдың тауқыметін татып отырған бүлдіршіндеріміздің бақытты күлкісін, қуанышты жүздерін көруден, соған мүмкіндік жасаудан артық бақыт жоқ шығар біз үшін» деген аудан басшысы қайырымдылық шарасының демеушісі «Tectum Engineering» ЖШС шифер зауыты басшыларына өз атынан алғыс хаттар табыс етті.

Бұған дейін де Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен қолға алған «Қамқорлық» бағдарламасы аясында «KUSTO Group PTE.LTD» компаниясы мен «Tectum Engineering» ЖШС шифер зауыты жетісайлық 150 отбасыға күріш, май, шай, макарон, ас бұршақ пен түрлі тәттілер, химиялық тұтыну заттары топтастырылған 1 млн 700 мың теңгенің азық-түлік себеттерін үлестірген болатын. Бүгінгі қайырымдылық шарасына да 3 млн 740 мың теңге қаражат қаралыпты.

Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Суреттерді түсірген Бауыржан НАЙМАНОВ

Пікір жазу