Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ҚАСІРЕТТІ ЖЫЛДАРДАН ҚАСТЕРЛІ КҮНГЕ ЖЕТТІК…

ҚАСІРЕТТІ ЖЫЛДАРДАН ҚАСТЕРЛІ КҮНГЕ ЖЕТТІК…

ҚҰРМЕТТІ ҚАУЫМ!
ҚЫМБАТТЫ САЙРАМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ!

Бүгін – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Ұлтымыздың біртуар, аяулы ұл-қыздарын, жазықсыз жапа шеккен құрбандарды еске алатын қасіретті де, қастерлі күн.

1929-1933 жылдары қазақ елі бүкіл әлем тарихында сирек болған алапат демографиялық шығынға ұшырады. 2 миллионға жуық адам қаза тапты.

«Зобалаң жылдары» Қазақстанда 100 мың жуық адам қуғын-сүргінге ұшырап, 20 мыңнан асамы ату жазасына кесілді. «Халық жауларымен» күрес концлагерьлері құрылып, Қарлаг, Степлаг, АЛЖИР-де зиялы қауымның үрім-бұтағына дейін азапталды. Халықтың 42 пайызы қолдан қасақана жасалған аштықтан қаза болды, миллионнан астам адам ел аумағынан көшіп кетті. Елдің эволюциялық дамуы күрт үзілді.

Алайда, лагерьлер, аштық пен депортация қазақ халқының сол замандағы интеллигенция өкілдерінің өмірін күл-талқан еткенімен, ерік-жігерін мұқата алмады.

Қуғын-сүргіннің зобалаңын қазақтар ғана емес, Қазақстанға еріксіз, күшпен жер аударылып келген 1,5 миллион өзге этнос өкілдері де көрді. Тоталитарлық жүйенің диірменіне түсіп, өзгеше ойлағаны үшін күнәсіз сотталып, қуғынға ұшырады. Туған жерінен аяусыз қуылғандар ГУЛАГ түрмелерінде жазықсыз тоғытылып, бірқатары сонда көз жұмды. Ал көбі қазақ халқының жанашырлығы мен көмегінің арқасында жан сақтап, аман қалды. Біртұтас ел болып, қазақ жеріне сіңісіп кетті.

Біздің халық өз басына туған азапты күндердің қасіретін жете түсінгендіктен, елінен жер аударып келгендермен мұңдас болды. Қолдау көрсетіп, сүйеу болды.

Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңы қабылданды. Ал, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылды – Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ, 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялады.

Егемендік — бізге еркіндікпен бірге тарихымызды қайтарды.
Ұлт Көшбасшысының сындарлы саясатын Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев зор қарқынмен сабақтастырып келеді.

Күні кеше Мемлекет басшысы Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеуінде тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырғанын айтты.

Біртұтас ел ретінде біз тоталитарлық тәртіп пен ашаршылық құрбаны болған жандарды ешқашан ұмытпаймыз. Елдің егемендігін аңсаған «Алаш арыстарының» есімін ұлықтай отырып, оларға тағзым етеміз. Жазықсыз құрбан болған қазақ интеллигенциясының асыл арманын мәңгі сақтауға қызмет ете бермекпіз!

© Сайрам ауданының әкімі
Ұласбек Сәдібеков 

Пікір жазу