Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Болашақ » 16 КООПЕРАТИВ МҮШЕЛЕРІН ҚАРЖЫЛАНДЫРДЫ

16 КООПЕРАТИВ МҮШЕЛЕРІН ҚАРЖЫЛАНДЫРДЫ

Арыс қаласында өңір кәсіпкерлерін бірігіп жұмыс жасауға шақыратын «Бірлік түбі – береке» атты ақпараттық түсіндіру акциясы өтті.

«ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығы ұйымдастырған акцияның мақсаты өңір шаруаларын барынша бір кооперативке біріктіріп, облыс экономикасын дамыту. Осы уақытқа дейін кәсіпкерлерді бірігіп жұмыс жасауға шақыру, оларды қолдау мақсатында компания аудандар бойынша тұрақты түрде көшпелі жиналистар мен семинарлар өткізіп келген. Дегенмен бұл жолы насихаттау, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді аталған орталық жаңаша тәсілмен қолға алды.

Акция барысында «Авто-мотофедерация Шымкент» қоғамдық ұйымымен бірлесе отырып мото-флэшмоб ұйымдастырылды. 20 дан аса кәсіпкерлермен ұйымдастырылған кездесу, еркін бейресми түрде өткізіліп, барлық қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарды кез келген уақытта қою мүмкіндігіне ие болды.

Шара барысында «ОҢТҮСТІК» АИО Басқарма төрағасы Қуаныш Байтөре кооперативтерді қаржыландыру шарттары және оларға ұсынылатын жеңілдіктер туралы түсіндірді. Сондай-ақ, кооперативтерге арнайы жеңілдетілген, яғни кооперативтерден кепілдеме және аванстық төлем талап етілмейтін қаржыландыру механизмі жасалынғанын, кооперативтер инвест-субсидия алу арқылы бизнесті жарты құнына құру мүмкіндігіне ие болатындығын жеткізді. «Біз мемлекеттің ақшасын халыққа үлестірушіміз. Сондықтан жобаның негізгі мақсаты елдің тұрмысын түзеп, қосалқы жұмыс орындарын ашу болып табылады», – деді Қ.Байтөре.

Акция аясында «ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығы арқылы қаржыландырылған «Synergy agro-trade» ауылшаруашылық кооперативінің Арыс қаласында атқарып жатқан жұмысы үлгі ретінде көрсетілді. «Synergy agro-trade» ауылшаруашылық кооперативі биыл қаржы орталығынан несие алып, 6 трактор мен 8 аспалы құрал-жабдықтар сатып алған. Бүгінде сол техникалар арқылы ауылшаруашылық өнімдерін өсіріп баптаумен айналысатын шаруаларға қызмет көрсетуде.

Айта кету керек, «ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығында кооперативтерді қаржыландыру лизинг формасында төмендетілген пайызбен (8 пайызбен) 84 айға дейін беріледі. Төлемнің демалыс мерзімі 24 айға дейін.

2017 жылы «ОҢТҮСТІК» АИО және оның еншілес мекемесі «Ырыс» микроқаржы ұйымы бірлесе отырып 279 млн. теңгені құрайтын 16 кооператив және оның мүшелерін қаржыландырған. Оның ішінде 77 млн. тенгені құрайтын 3 жоба ауыл шаруашылық техникасын алуға, 45 млн. теңгені құрайтын 2 жоба құс шарушылығына, ал 156 млн. теңгені құрайтын 11 жоба мал шаруашылығы саласына бағытталған.

Сонымен қатар, компания тек Шымкент қаласының өзінде 242 млн. теңгені құрайтын 9 кооперативтің жобасын қаржылай қолдап отыр.

Бүгінгі таңда Орталық арқылы 10 кооперативтің жалпы 290 млн. теңгені құрайтын жобасы мақұлданып, қаржыландыру сатысында. Олар, сүт қабылдау бекеті, сүт тасымалдау автокөлігі, рефрижератор, құрама жем өңдеу цехы, мал сою бекетін жабдықтау сияқты құрал жабдықтарды алып, жұмыстарын жүргізбек.

Өз тілшімізден

Пікір жазу