Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » КӨК ТУЫМЫЗ КӨГІМІЗДЕ ЖЕЛБІРЕЙ БЕРСІН!

КӨК ТУЫМЫЗ КӨГІМІЗДЕ ЖЕЛБІРЕЙ БЕРСІН!

Құрметті отырарлықтар!

Сіздерді бүгінгі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Тәуелсіздік — алтын күмбез дейтін болсақ, сол күмбезді тіреп тұрған төрт белгі бар. Оның біріншісі – көк байрағы, екіншісі – Елтаңба, үшіншісі – Әнұран, төртіншісі – қазақ тілі», — деп Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, елім, жерім дейтін ұрпақтың намысын оятып, жүрегіне патриоттық сезім ұялататын – осы рәміздеріміз.

Еліміз егемендігін алып, тәуелсіздік туын қуана көтеріп, дүние жүзіне қазақ ұлтын, Қазақстан елін танытқанына отыз жылға жуықтаса, мемлекеттік рәміздеріміздің қабылданғанына биыл 28 жыл толып отыр. Тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан тарихында, 1992 жылғы 4 маусым өзіндік орны өзгеше биік болып қала береді. Себебі, дәл осы күні Тәуелсіздіктің арайлап атқан ақ таңында енді-енді ғана тәй-тәй қадам басқан еліміздің тарихында жаңа Мемлекеттік рәміздер алғаш рет бекітілді. Әрине, бұл оқиға сіздер мен біздерді, барша халқымызды айрықша қуаныш пен шаттыққа кенелткені рас.

Аспан түстес көк туымыз бен ортасында шаңырақ бейнесіндегі алтын сәулелі күн орныққан Елтаңбамыз бүкіл әлемге Қазақстан Республикасы деп аталатын жаңа тәуелсіз мемлекеттің бейнесін жарқырата ашып көрсете білді. Ал, «Жаралған намыстан, қаһарман халықпыз» деп басталатын мемлекеттік әнұранымыз 2006 жылы республика халқының түгелге жуық қызу қолдауларымен ұлы сазгер, жерлесіміз Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнімен алмастырылды. Бүгінде түрлі саладағы жеңімпаздарымыз бен бетке ұстар спортшыларымыздың ерен табыстары мемлекеттік әнұранымыздың әлемнің түкпір-түкпірлерінде әуелеуін қамтамасыз етіп келеді.

Тәуелсіз елімізде 4 маусым — Мемлекеттік рәміздер күні ретінде аталып өтіп келеді. Әрине, бұл мереке біздің қай-қайсымызға болмасын құндылығымен ерекше биік болуы тиіс.
Ендеше сіздерді мерекелеріңізбен құттықтаймын! Баршаңызға зор денсаулық, үлкен бақыт, отбасыларыңызға құт-береке, әрбір игі істеріңізге сәттіліктер тілеймін! байрағымыз биіктен көріне берсін!

Құрметпен,

Отырар ауданының әкімі Әбдіғали Жүнісов

Пікір жазу