Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ЖАМАЛ АПАНЫҢ СЫЙЛЫҒЫ

ЖАМАЛ АПАНЫҢ СЫЙЛЫҒЫ

Елдегі жетімінің маңдайынан сипап, жесірінің қолтығынан демеп қамқорлық көрсету, қайырымдылық жасау – қазақтың қанына сіңген қасиет. Бұл асыл құндылық сонау ықылым заманнан бері халқымыздың салт-дәстүрімен біте қайнасып жасап келеді.
Міне, бүгін де сондай бір қайыры мол қайырымдылық шарасының куәсі болдық.

Жүзіне немесе шыққан тегіне, руына қарамай жарлыларға жақсылық жасауға жаны құмартып тұратын Мырзашөл өңірінің Ақ Анасы атанған Жамал апа Жетісай ауданы, Жылы су ауылдық округіне қарасты С.Сейфуллин ауылынан Надировтардың отбасын қуанышқа кенелтіп, 4 бөлмелі баспана алып берді. Осыдан 7 жыл бұрын қазіргі Мақтаарал ауданының Ж.Нұрлыбаев ауылдық округінен қоныс аударған Сапархан Надиров пен Жанар Түйебағарованың 5 перзенті бар. Бұған дейін құрылыс саласында жалдамалы жұмысшы болып келген отағасы соңғы 4 айда денсаулығына байланысты жұмысқа уақытша жарамсыз. Десе де, жергілікті округ әкімдігі аталмыш отбасыны Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлының бастамасымен қолға алынған «Қамқорлық» бағдарламасына енгізіп, азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр.

Бұған дейін жеке баспанасы болмаған аталмыш отбасы С.Сейфуллин ауылындағы ескі мектептің ғимаратында күнелтіп келген. Ескі мектепте күнелткен арысы Маңғыстау облысы мен берісі Мақтаарал ауданынан келген азаматтармен аудан басшысы Жамантай Бейсенбаевтың өзі де бірнеше рет барып тілдескен, мұң-мұқтаждарын тыңдаған.
«Біздің жағдайымызды ескеріп, кеудемізден итермей осылай көмек беріп жатқан азаматтарға, аудан басшысы мен баспана сыйлап отырған Жамал апамызға айтар алғысымыз шексіз. Енді біздің де өз үйіміз, перзенттеріміздің өз бөлмелері болады» дейді қуанышымен бөліскен Сапархан Надиров.

Аталмыш сауабы мол игі шараның басы-қасында жүрген Жетісай ауданының бас имамы Бекзат Сыздыковтың айтуынша баспананың ағымдағы жөндеу жұмыстары мен жиһаздары, тіпті, жаңа көрпе-төсектері мен есік-терезелеріне дейін ауыстыруды «Нұғман» орталық мешіті назарға алып отыр. Бұл мақсаттағы тиісті жұмыстар басталып та кеткен.

Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікір жазу