Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » БІРНЕШЕ ҮЙ ШАТЫРСЫЗ ҚАЛДЫ

БІРНЕШЕ ҮЙ ШАТЫРСЫЗ ҚАЛДЫ

Түркістан облысы Арыс қаласында 5 маусым күні екпіні қатты жел болып, тұрғындарға қауіп төндірді. Секундына 20 метр жылдамдықпен соққан желдің салдарынан Байтоғай ауылындағы жалпы ауданы 653 шаршы метрді құрайтын 14 ғимарат шатырсыз қалды. Олардың қатарында жеке тұрғын үй мен кәсіпкерлік нысандары да бар. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті оқиғадан зардап шеккендер мен адам шығыны болмағанын ресми түрде мәлімдеді.

Сала мамандары осыған байланысты дауылды жел тұрғанда қорғаныс шараларын қалай қолға алуға болатынын айтып, тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
«Жел кенеттен тұратындықтан кейде қауіпсіздік шараларын қолданып үлгеру өте қиын болады. Сондықтан желдің күшеюі кезінде азаматтар ғимараттан шығып кетпеуі керек. Сондай-ақ, балаларды қараусыз қалдырмай, оларды ерекше бақылауға алуды қаперде ұстаңыздар. Егер қатты жел кезінде көшеде жүрсеңіз, жерасты өткелдерінде немесе ғимараттардың кіреберістерінде болыңыз. Дауыл соққанда үйдің қабырғаларын паналап тұру қауіпті.
Себебі, мұндай жағдайда үстіңізге шатырлар мен балкондардан әртүрлі заттар құлап кетуі мүмкін. Мұндай сәтте аялдамалар мен жарнама тақтайшаларының және құрылыс жұмыстары аяқталмаған ғимараттардың, ағаштардың ығында тұруға болмайды. Желді ауа райы кезінде өрт қауіпсіздігіне аса мұқият болу керек. Дауыл түрғанда электр желісіндегі кернеудің ауытқуы болуы мүмкін, сондықтан тұрмыстық техникаларды электр тоғынан дереу ажыратып қоюды ұмытпаңыз», – деді төтенше жағдай қызметкерлері.
ТЖД қызметкерлері 6 маусым күні Түркістан облысының кей жерлерінде шаңды дауыл болуы мүмкін екенін ескертеді. Мамандардың болжамы бойынша жел шығыстан секундына 15-20 метр жылдамдықпен соғуы ықтимал.

© Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Пікір жазу