Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » КҮДІКТІЛЕР ҚЫЛМЫС ҮСТІНДЕ ҰСТАЛДЫ

КҮДІКТІЛЕР ҚЫЛМЫС ҮСТІНДЕ ҰСТАЛДЫ

Түркістан облысында мал ұрлығымен айналысқан күдіктілер қылмыс үстінде ұсталды, деп жазады ТО ПД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған DIDARBEK.kz.
Қазығұрт АПБ-не жергілікті тұрғын арызданып, түнде сиырын ұрламақ болған ұрылардың көлігі жол бойында бұзылып тұрғанын көріп, хабарлама түсіреді. Жәбірленушінің айтуынша түнгі уақытта белгісіз екі тұлға ауласына жасырын кіріп, қорасындағы сиырын ұрлап дарбазадан шығып бара жатқан жерінен көріп қалып айқайлағанында, әлгі ұрылар сиырды тастай салып, келген көліктерімен оқиға орнынан қашып кеткен көрінеді. Ұрылардың көлігін, оның нөмірін көріп қалған қырағы тұрғын, таңертең жол бойында бұзылып тұрған ұрылардың көлігін бірден танып, полицейлерден көмек сұраған.
Аталған мал ұрлығы жайтына байланысты күдіктілерді анықтау, ұстау мақсатында полицейлер көрсетілген мекен-жайға тез арада жетеді. Осылайша, өзгенің қорасына түсіп, малын жетектеп алып шықпақшы болған жігіттерді полицейлер 1 сағат ішінде ұстайды. Тергеу барысында бұл қылмыстық топ құрамында жергілікті тұрғындар, яғни 5 жігіт болғаны белгілі болды. Олардың кейбірі ағайынды болса, келесілері достар болып шықты.
Күдіктілер тергеу жұмыстары кезінде Қазығұрт ауданында бұдан басқа 3 мал ұрлығына қатысы бар екендіктерін мойындады. Ұрылардың айтуынша, олар тұрғындардан ұрлаған сиырларды сойып, ет күйінде өткізіп отырған. Одан бөлек Сарыағаш ауданында ет комбинатынан ет ұрлағандары да анықталды. Жалпы, Сарығааштан 3 жайт шықты. Қазығұрт ауданындағы тұрғындарға келтірілген шығын көлемі 2 миллионға жуық теңгені құрады.
Аталған жайттар Қазығұрт АПБ-де ҚР ҚК-нің 188-1-бабымен тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі таңда күдіктілердің 2-еуі қамауда, 3-еуінің бас шарасы «қолхатта».
Түркістан облысы полицейлері азаматтарға төрт-түліктеріңізге сақ болыңыздар деп ескертеді. Қора-жайларыңызды мықты материалдармен бекітіп, аулаңызды жарықтандырыңыздар. Малдарыңызға уақытылы ен-таңбаларын салдыртыңыздар деп кеңес береді. Сонымен қатар, үй жануарларын жайылымға қараусыз жібермеу керектігін естен шығармаңыз. Мал ұрлығын болдырмау, алдын алу мақсатында сенімді адамдардан бақташы жалдаңыздар.

©️ DIDARBEK.kz

Пікір жазу