Басты бет » Болашақ » ЭКСПО – 2017: Тарихи жәдігерлер

ЭКСПО – 2017: Тарихи жәдігерлер

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков мәлім етті.

Оның айтуынша, Оңтүстік өңірінде 800-ге жуық киелі кешендер орналасқан. Өңірдің әулиелі, тарихи жерлерге бай екендігін таныстыру мақсатында елорда төріндегі айтулы шарада  оңтүстіктің киелі жерлеріне қатысты түсірілген фототуындылардан арнайы көрме ұйымдастырылмақ. Онда өңірдің тарихи, киелі жерлерінен де мол мағлұматтар беріледі.

«Ежелгі тарихымызды, салт-дәстүрімізді дәріптеу мақсатында Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттері салған «Ұлы дала тарихы» сурет галереясын жұрт назарына ұсынамыз. Қазақ күресінің дарабозы атанған Қажымұқан бабамыздың өміріне, палуандығы мен патриоттығына куә болар фотосуреттер, әлемдік сайыстардан жеңіп алған орден-медальдары және 74 жасында Ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлының  100 жылдық мерейтойына киіп барған киімдері, жаттығу кезінде пайдаланған кір тастарын елорда жұртшылығы тамашалай алады», – дейді Ұласбек Сәдібеков.

Сонымен қатар, қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының қылышы да халықаралық көрме қонақтарына ұсынылатын болады.  Темір қылыштың сабы сүйектен және қынабы былғарыдан жасалған.  Оның ұзындығы 70 см, сабы 15 см, жүзінің ені 3-4 см құрайды.

Баспасөз конференциясында мәлім болғандай  2 қыркүйек күні «Қазанат» ипподромында аударыспақ, қыз қуу, жамбы ату, теңге ілу, құсбегілік және ат үстінде өнері көрсетілсе, 3 қыркүйек күні «Этноауылда» қазақ күресі, асық ату, тоғызқұмалақ және көрермендер арасында «Қошқар көтеру» сайысы ұйымдастырылады. Аталған іс-шараға облыстан шыққан белгілі спортшылар Мұхтархан Ділдәбеков, Әлия Юсупова, Мырзағали Айтжанов, Жазира Жаппарқұлмен қатар, 200-ге тарта спорт саласының мамандары мен спортшылар қатысады.

Өз тілшімізден