Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Болашақ » ЭКСПО – 2017: Опера жұлдыздарының кезегі келді

ЭКСПО – 2017: Опера жұлдыздарының кезегі келді

Астана төрінде өтіп жатқан Оңтүстіктің күндері аясында облыстық опера және балет театрының 100-ден астам өнерпазы астаналықтарға қазақ ұлттық және әлемдік операларының үздік шығармаларын ұсынды.

Бұл жинақ – театр ұжымының өз туындысы, режиссер Қайрат Құлыншақов дайындаған «Інжу-Маржан» қойылымы.

Аталған қойылым ұлттық опера тарихының жарқын беттерінен алынған Ахмет Жұбанов, Латиф Хамидидің «Абай», Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек», Еркеғали Рахмадиевтің «Қамар сұлу», Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» және әлем классиктері Дж.Вердидің «Травиата», «Риголетто», Гаэтано Доницеттидің «Махаббат сусыны», Петр Масканьидің «Сельская честь», Дж.Бизе «Кармен», Франц Легар «Страна улыбок», Петр Чайковскийдің «Евгений Онегин» операларының үзінділері енген. Бір жарым сағатты қамтитын спектакль қазақ шежіресі мен тарихын ғана көрсетіп қоймай, жан-жақты қойылымдардың жинақталуымен және әлемдік үздік классиктер туындыларының да енуімен ерекшеленеді. Қойылым – басты кейіпкерлердің партияларынан және танымал хор әндері мен балет билерінен тұрады.

Құрмалас шығармада театрдың оркестр ұжымы, хор әртістері және жеке дауыстағы вокал әншілері мен балет хореографтары өнер көрсетті. Халықаралық көрме қонақтарына бар жақсысын көрсету үшін опера ұжымы үш ай бойы үздіксіз дайындалды. Үміт ақталса, келер жылы 10 жылдық мерейтойын атап өтетін өнер ордасына бұл үлкен жетістік болмақ.

«Інжу-маржан» шығармасын қоюшы режиссер Қайрат Құлыншақов, бас дирижері Қуаныш Исмаилов, көркемдік жетекшісі Ерлан Жандарбай.

Облыстық опера және балет театры 2008 жылы ашылып, күнгей өлкенің жұртшылығына өнер тартуын арнап келеді. Күні бүгінге дейін театр репертуарында 13 опера, 3 балет қойылымы сахналанған.

Өз тілшімізден

Пікір жазу