Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » ОҚО жаңалықтары » ӘЙГІЛІ МУЗЫКАНТ, ДИРИЖЕР ЗУБИН МЕТА ТҮРКІСТАНДА

ӘЙГІЛІ МУЗЫКАНТ, ДИРИЖЕР ЗУБИН МЕТА ТҮРКІСТАНДА

Дирижер ретінде қазіргі заманымыздың әйгілі музыканты Зубин Мета өнер және ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Түркістан қаласында болды.

Танымал музыкант, дирижер Зубин Мета ЭКСПО– 2017 көрмесіне қатысып, Ла Скала театры қазақстандық көрермендердің назарына Ұлы композиторлардың мәңгілік туындылары – Джузеппе Вердидің «Фальстаф» операсын және Л.Бетховеннің симфониясын ұсынуы жоспарланған. Осы мақсатта ТМД елдері арасында тұңғыш рет Астана қаласына табан тіреген Зубин Мета Түркістан қаласында сәулет өнерінің озық үлгісі, рухани мұра Қ.А.Ясауи кесенесін тамашалады.

Белгілі өнер иесін зор қошеметпен қарсы алған түркістандықтар мәртебелі меймандарға ұлттық дәстүрмен өрнектелген жөн-жоралғымен ерекше құрмет көрсетті. Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаев ыстық ықыласын жеткізіп, Зубин Метаға шапан жауып, қазақтың қыл қобызын тарту етті. Сонымен бірге, қалалық «Ақсақалдар алқасының» төрағасы Ж.Әзіретбергенұлы музыка әлемінің көрнекті тұлғасына барша Түркістан халқының сәлемін жолдап, мол шығармашылық табыс тіледі.

Осылайша бастау алған сапар Қ.А.Ясауи кесенесімен танысуға ұласты. Сонау замандардан сыр шертетін кесененің бөлмелерін аралап, ұлттың ұлылығынан ақпар алған Зубин Мета журналистерге берген сұқбатында қазақ халқының дүниетанымына, рухани мұраларға деген құрметі мен қонақжайлығына ерекше таңданысын жеткізді. Сондай-ақ, ол «Елбасыларыңыз Н.Ә.Назарбаевтың ел басқарудағы кемеңгерлігі маған айрықша байқалды. Аз уақыт ішінде сәулеттік келбеті әлемінің өзге қалаларына ұқсамайтын Астанадай қала тұрғызып, жас мемлекетті өркениеті биік, әлеуеті жоғары елге айналдырғаны айқын сезіліп тұр. Қазақстанға оның ішінде Астана қаласына жасаған сапарым маған ерекше әсер берді. Ал, Түркістан қаласы және оның қонақ келсе құшағын кең жаятын дархан пейілді тұрғындарын мен ұмытпаймын. Бұл мемлекет және оның халқы жайлы кең насихат болуы керек деп есептеймін және мен жүрген жерімде қазақ елі туралы айта жүретін боламын», – деп Қазақстанға жасаған сапарын жоғары бағалады.

Әйгілі музыкантпен бірге келген жұбайы Ненси Мета: «Мен Қазақстанға келгенге дейін бұл ел туралы мүлде басқаша көзқараста едім. Міне, осы сапарда Н.Ә.Назарбаев басқаратын Қазақстан мемлекетінің өркендеп өсіп келе жатқанын және оның халқының болашаққа деген сенімінің нық екендігіне көз жеткіздім», – деп пікір білдірді.

Сапарды қорытындылаған ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өз сөзінде: «Қазақстанға сапар шегіп отырған әлемге аты мәшһүр Зубин Метаның келуі үлкен мәртебе. Және де құрметті қонақтың осында келіп қана қоймай ЛаСкала театры қазақстандық көрермендердің назарына Ұлы композиторлардың мәңгілік туындыларын ұсынуы еліміздің өркениетті елдер қатарында айтарлықтай белеске жеткендігін байқатады. Елбасымыздың ұлттық өнерге, мәдениетімізге деген қамқорлығы қонақтарымызды да бей-жай қалдырып отырған жоқ. Себебі, өнердің биік шыңын бағындырған Зубин Мета мырза еліміз жайындағы көз қарасында мәдениетіміз бен аз уақыт ішінде оған жасалған қолдаулардың мол болғандығын пайымдап, ұлтымыздың өнерге деген құрметінің жоғары екендігін жеткізді. Ал, Түркістан қаласына жасаған сапарында ол кісі осындағы құнды мұраларымызға ерекше қызығушылық танытып, халқымыздың дүниетанымының кең екендігіне тағы бір көз жеткізді», – деп атап өтті.

Өз тілшімізден

Пікір жазу