Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Тұлға » Қажымұқанның фотолары қалай табылды?

Қажымұқанның фотолары қалай табылды?

Алдағы жылы күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 150 жыл тола­ды. Қа­зақ тарихында орны зор тұлға жайлы әлі зерттелмей жатқан дүние көп. Атап айт­қанда, балуан атамыз қатысқан ресми чемпионаттар мен ресейлік және шетелде­гі цирк алаңдарында көрсеткен өнері жайлы тек аузыекі әңгіме не­ме­се шына­йы­лықтан алшақ әдеби нұсқадағы көркем деректерді малданып жүр­міз.

Қазіргі таңда Еуропа мемлекеттері, Ресей Федерациясы ХХ ғасырдың басы 1904 жылдан бастап тұрақты өткізіліп келе жатқан грек-рим күресінің кестесін жарыққа шығарды. Айталық, алғашқы чемпионат 1904 жылы Вена (Аустрия) қаласында өткен болса, 1910 жылы Дюссельдорфеде (Германия), 1911 жылы Хельсинкиде (Финляндия), 1912 жылы Бреслауда (Германия), 1920 жылы  Венада (Аустрия), 1921 жылы Хельсинкиде (Финляндия), 1922 жылы Стокгольмде (Швеция) жалауын көтерген.

Осы жарыстарға қай елден, қандай балуан қатысты барлығы хаттап-шоттаулы интернатта тұр. Осы тізімінен жүлдеге ілінген бірде-бір патшалық Ресейдің спортшысын кезіктіре алмайсыз. Демек, Қажымұқан атамыз бастатқан Ресей балуандары қайда жүр? Бұл сұраққа спорт тарихын зерттеуші маман-ғалымдар жауап бере жатар, біздікі тек қоғамға ой тастау.

Десек де, балуан атамызға қатысты фото-құжат жәдігерлер табылып жатыр. Оны тауып көпшіліктің көзайымына ұсынып жүрген зерттеуші-журналист Серікбол Хасан деген жас азамат. Қазірдің өзінде бұған дейін белгісіз болып келген 9 фотоны әлеуметтік желі арқылы айналымға жіберді. Осы орайда, журналист бауырымызға «Бұл жәдігерлерді қалай, қайдан таптың?» деген сұрақ қойып,  жауап алған едік.

– Осыдан 5 жыл бұрын «Айқын» газетінде қызмет істеп жүрген кезімде Қажымұқан атамыздың туған жылына байланысты деректер іздестіре бастадым. Сол кезде Петербордағы Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар архивінің электронды қорынан 1912 жылы сол заманның атақты фотографы Карл Булла түсірген Қажымұқанның жас кездегі суреттерімен таныстым.

1912 жылы Петерборда классикалық күрестен (бүгінгі грек-рим күресі) халықаралық чемпионат (?) өтті. Бұған әлемнің ең мықты балуандары қатысқан екен. Жарыс барысын Карл Булла суретке түсірген. Ол аздай балуандарды өзінің Петербордағы фотоательесіне шақырып, жеке-жеке суретке тартыпты. Кейін осы суреттерін пайдаланып «Русские богатыри» деген фоторепортаж жариялапты.

Осы фоторепортажда Қажымұқан атамыздың жеке суреті және чех балуаны Карл Пошпешилмен бірге күрес әдістерін көрсетіп жатқан бірнеше суреті жарияланыпты. Бірінде Пошпешил Муханураны (Қажымұқанды) көтеріп алса, тағы бірінде Муханура Поспешилдің белінен қысып ұстап тұр. Тағы бір суретте Поспешил Муханураны жамбасқа лақтырғалы тұр, енді бірінде Муханура Поспешилдің мойнынан қылғындырып алған. Суреттердің бәрі де Петербор Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар архивінде сақталыпты.

 – Сіз жоғарыда өзіңіз айтқан фотолардың бес түрлі нұсқасын желіге жариялалап, бұлардан басқа тағы бірнеше суретті жарыққа шығардыңыз? Соған тоқтала кетсеңіз?

– Қажымұқан атамыздың жақында желіге жарияланған фотосуреттері осыдан біраз жыл бұрын Алматы циркінің әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған болатын. Менің бір жерден көне сурет көрсем, оның түп-тамырын қуалап, індетіп кететін әдетім бар. Солай іздестіре келгенде бұл екі суреттің қайдан шыққаны белгілі болды.

Қажекеңнің бұл екі суретін алғаш рет жариялаған бүгінде Бакуде тұратын цирк фотографы, коллекционер Лев Кварц деген кісі екен. Челябинск циркінің қызметкерлері цирк артисі, балуан Федор Коровко-Бесарабовтың чемоданын тауып алып, сол чемоданда сақталған топтама суреттерді коллекционер Лев Кварцқа сыйлапты. Осы суреттердің ішінде Қажымұқан атамыздың бірнеше фотосы бар болып шықты.

Әрбіріне жеке-жеке тоқталар болсақ, біріншісі, Қажымұқанның жеке тұрған фотосуреті. Бұл сурет 1918 жылы Омбыда түсірілген екен.


Екіншісі, сол замандағы белгілі эстон балуаны Карл Томбергпен бірге фотосалонда қолына арнайы бутафориялық аксессуарлар (шарап, стақан т.б) ұстап отырып түскен бейнесі.


Үшіншісі, сақалын жіберіп, үстіне ала шапан киіп түскен фотосы.

Осы үш сурет те Бесарабовтың чемоданынан шыққан көрінеді. Суреттер Бесарабов қайдан, қалай жетті, ол жайлы мәлімет жоқ. Бірақ зерттей түссек, тамырын табуға болатын секілді.

Ал Қажекеңнің 1910 жылы Томскіде күресіп жатқан бейнесі әлі біраз зерттеуді қажет етеді. Ол сурет жайлы мүлдем дерек жоқ. Томск қаласының тарихи сайттарының бірінен тауып алдым. Жалпы архивімде Қажымұқан атамыздың әйгілі балуан Лурихпен бірге түйе ұстап түскен, басқа да фотосуреттері бар. Оларды уақыты келгенде, толық дерегі белгілі болғанда арнайы мақала жазып оқырманға ұсынбақ ойым бар.

 

Пікір жазу