Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Тұлға » ИМАНЖҮСІПТІҢ ҚАЖЫМҰҚАНДЫ ҚАМШЫМЕН ҰРУЫ…

ИМАНЖҮСІПТІҢ ҚАЖЫМҰҚАНДЫ ҚАМШЫМЕН ҰРУЫ…

Қажымұқан қылшылдап тұрған жас кезінде шетелдік сапарларының бірінен елге оралады. Дүниежүзінде қарсы келер палуан табылмай, атағы дүркіреп тұрған шағы. Халық: «Қажымұқан келді» деп, бір көріп қалуды ойлап, қаумалап маңайынан шықпайтын көрінеді. Қоянды жәрмеңкесінде жүрген сондай қызық күндердің бірінде бір қиқар шал Қажымұқанның алдын кес-кестеп, тілімен шағып алыпты. Қымызға қызып лепіріп келе жатқан балуан жастықтың буымен әлгі шалды өңірінен қаусырып ұстап: «Ей, шал!» – деп киіз үйдің үстіне лақтырып жіберіпті.

Шал киіз үйден домалап түсіп: «Мен бұған көрсетейін», – деп Иманжүсіпке арыз айтып барыпты. Иманжүсіп жас жігіттің өзінен үлкен адамның жағасына қол тигізгенін естіп, қатты ашуланыпты. Халықтың ортасында кетіп бара жатқан Қажымұқанды көріп: «Әй, ит, үлкен адамға неге қол тигізесің?» деп балуанды ту сыртынан қамшымен оқыс тартып жіберіпті. Иманжүсіп те бойы 2 метр, өте алып күш иесі, өгіздің төрт қабат терісін бір тартқанда қақ бөлетін қамшыгер адам болған. Күтпеген жерден осып өткен ащы қамшының екпінінен палуан жерге етпетінен түсіпті.

Кейін қартайған шағында Қажымұқаннан: «Сонда Иманжүсіп сізді қатты ұрды ма?» деп сұраса: «Жоға, қатты ұрса, өліп қалар едім. Ағам болғасын аяды ғой», – деп күліпті. Міне, кішіпейілділік. Ол ешқашан туған халқынан биік болмапты. Жарты әлемді араласа да қазақтың салт-дәстүріне мойынсұныпты. Өз ағаттығын түсініп, жасы үлкенді «аға» деп сыйлаған екен.

Жадыра Нармаханова
(«Ақ желкен», №8. 2014 жыл)
(Тақырыбы өзгертілді) 

Дереккөз: alashainasy.kz

Пікір жазу