Басты бет » Көкейтесті » МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

Қазақстан мен Өзбекстанның ғасырдан бері жалғасқан достық қарым-қатынасы жанданған іскерлік жиында ОҚО кәсіпкерлері мен өзбекстандық бизнесмендер арасында сауда-экономикалық туралы 7 ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Сондай-ақ, Қазақстан бойынша құны 1,2 млрд АҚШ долларын құрайтын бірнеше келісімдер түзілді. Сондай тиімді келісімдердің біріне еліміздегі 200-ден астам дәрі-дәрмек шығарумен айналысатын «Химфарм» акционерлік қоғамы қол жеткізді. Елдегі осы саладағы жетекші кәсіпорын бұған дейін көрші Қырғызстан Әзербайжан, Түркіменстан, Монғолия сынды елдерге өз өнімдерін экспорттап келген болса, енді міне Өзбекстанға өз өнімін шығармақ.

Айта кетейік, жыл басынан бері Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев көрші елмен қарым-қатынасты күшейту мақсатында бірқатар келіссөздер жүргізіп, іскерлік жиындар өткізді. Мәселен, Елбасының тапсырмасына сәйкес трансшекаралық Өгем өзенінен суды бірігіп пайдалану мақсатында Өзбекстан мемлекетімен келіссөздер жүргізіліп, ауыз су бөліп алуға келісім жасалды. Нәтижесінде, алдағы бес жылда Оңтүстік Қазақстан облысының 700 мыңға тарта халқы бар үш ауданы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.

Өзбекстан күнгей кәсіпкерлері үшін 32 миллиондық тұтынушысы бар ең жақын нарық. Сондықтанда тауар айналымын арттырып, кәсіпкерлікті бірлесе дамыту мақсатында наурыз айында Ж.Түймебаев бастаған оңтүстікқазақстандық делегация Өзбекстанға ресми сапармен барған-ды. Нәтижесінде мамыр айында Ташкент тауар өндірушілерінің көрмесі Шымкентте ұйымдастырылып, оған 200-дей кәсіпорын өз өнімдерін ұсынды.

Екі елдің қарым-қатынасын жақсарту мақсатында наурыз айында «Алматы – Ташкент» және «Самарқанд – Ташкент – Астана» бағытындағы алғашқы пойыз жолға шықты. Бұдан бөлек, шілде айында Ташкент – Термез автожолы мен «Сырдария» өткізу бекеті ашылды.

Өз тілшімізден