Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » ЖАНАШЫРЛАРДЫҢ ЖАҢА ЖОБАСЫ

ЖАНАШЫРЛАРДЫҢ ЖАҢА ЖОБАСЫ

Ана тілі – халықтың жан дүниесінің айнасы, өсіп-өнуіне нәр беретін түптамыры, қолдаушысы барда мәңгі құламайтын бәйтерегі. Арынды өзен бұлақтан бастау алатыны тәрізді, ана тілге деген сүйіспеншілік, құрмет балғын шақтан қалыптасады. Ана сүтімен бірге ана тілдің қадір-қасиетін бойға сіңіріп өскен ұрпақ ел қамын ойлайтын ұлтжанды перзент болып жетілетіні хақ. Өйткені, бүлдіршін халқының мәдени-рухани болмысын ана тілі арқылы ғана танып, біледі.

Осы жәйтті тереңінен ойлаған ел зиялысы, белгілі жазушы Мархабат Байғұт Оңтүстік Қазақстан облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы болып тұрған тұста балабақша тәрбиеленушілері арасында «Ана тілі және отбасы» жобасын қолға алды. Алғашқы байқау 2005 жылы 22 қыркүйек – Қазақстан халықтары тілдері күні қарсаңында өтті. Кейін бұл жоба ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің Тіл комитеті арқылы республикамыздың барлық облыстары мен Астана, Алматы қалаларына тәжірибе әрі бастама ретінде жолданды.

Оңтүстікқазақстандық тіл жанашырларының бұл бастамасы бірқатар облыстар мен қалаларда қолдау тауып, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, халықаралық Калифорния академиясының академигі, Қазақстан мен Қырғызстанның халық ақыны, «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының төрағасы Мұхтар Шаханов қозғалыстың кезекті отырысын «Ана тілі және отбасы» жобасын талқылауға арнап, онда көтерілген мәселелер орынды және қазіргі уақытта өте керек екенін айрықша атап өткен еді. Мұхтар аға бұл жобаға жан-жақты қолдау көрсете отырып, республика бойынша іске асыруды ұсынды. Оның аясында көптеген облыстарда түрлі іс-шаралар, байқаулар, семинарлар өткізіліп, үлкен қозғау туғызғанымен, өкінішке орай, соңғы 5-6 жылдың жүзінде осы бағыттағы жұмыстар аяқсыз қалды.

Шымкент қалалық тілдерді оқыту орталығы аталған жобаны қайта жандандыруды мақсат тұтып, оны 2016-2020 жылдардың жұмыс жоспарына енгізілді. Нәтижесінде «Ана тілі және отбасы» байқауы 2016 жылы 35, 2017 жылы 45 бөбекжай-балабақшада өткізілді.

ЖҰМАНОВА НҰРИЛА СЕРІКБАЙҚЫЗЫ,
Шымкент қалалық тілдерді оқыту орталығының директоры

 

Пікір жазу