Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Облыс жаңалықтары » ТҮРКІСТАН: САЛА БАСШЫЛАРЫНЫҢ ЕСЕБІ ТЫҢДАЛДЫ

ТҮРКІСТАН: САЛА БАСШЫЛАРЫНЫҢ ЕСЕБІ ТЫҢДАЛДЫ

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат отырысында бірқатар шенеунікке сөгіс жаряиланып, тәртіптік шара қолданылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында өңірлердегі кемшіліктерді атап, бірқатар сын-ескерту айтқан болатын. Айтылған мәселелер аппарат отырысында ортаға салынып, жауапты сала басшылары есеп берді.
Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2020 жылғы қорытындылары мен алдағы жоспары талқыланған Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сатып алудағы жергілікті қамтуды ұлғайту жөніндегі жұмыстар бойынша берілген тапсырма қанағаттанарлықсыз орындалғанын атап өтті. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жергілікті қамту үлесі, яғни облыстың құрылыс алаңдарының отандық тауарлармен қамтылуы 64%-ды құраған. Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев бақылау, қадағалау жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізілмегені үшін облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Үсіпәлиевке сөгіс жариялады.
Президент аталған жиында жайылым мәселесіне де ерекше тоқталған болатын. Аппарат отырысында ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы тиіс жерлердің тапшылығы Түркістан облысында да тіркелгені айтылды. Облыс әкімі пайдаланылмайтын жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары аудан, қала әкімдіктерінде ұзаққа созылып, тиісті деңгейде жүргізілмейтінін айтты. Облыс әкімі облыстық басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне екі апта уақыт берді.
Пайдаланылмай жатқан жайылым жерлерді мемлекеттік меншікке қайтарудың қадамдық алгоритмін әзірлеп, ұсынуды тапсырды. Аймақ басшысы ауыл шаруашылығы жерлеріне ғарыштық мониторинг жүйесін негізгі тетік ретінде қарастыру керектігін айтты. Сондай-ақ Өмірзақ Естайұлы бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруды жыл соңына дейін толық орындауды тапсырды.
Жиналыста Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева тұрғындарды жұмыспен қамту бойынша соңғы ақпараттарды ортаға салды. Үкімет отырысында мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмысқа орналасқан кей азаматтардың міндетті зейнетақы жарналары аударылмағаны айтылған болатын. Бұл орайда облыс әкімі басқарма басшысына облыстық кіріс департаментімен бірлесіп, тексеру жүргізуді тапсырды. Тексеру қорытындысы бір апта ішінде дайын болуы тиіс. Олай болмаған жағдайда, жауапты мамандарға тиісті шаралар қолданылатын болады. Аппарат отырысында көрсеткіштері төмен Түркістан мен Кентау қалалық әкімдіктің әлеуметтік бөлім жетекшілеріне тәртіптік шара қарастырылды.

@DIDARBEK.KZ

 

Пікір жазу