Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » ОҚО жаңалықтары » Өнерді қуған Хамит!

Өнерді қуған Хамит!

Оңтүстік – дəстүрі көпке өнеге, мəдениеті өркендеген облыс. Күнгейдің топырағынан қаншама өнер адамдары, қоғам қайраткерлері, спортшылар, танымал тұлғалар шыққаны баршаға аян. Осы ізбен келе жатқан жастар да көптеп кездеседі. Бойдағы қабілетін, ерекше өнерін көпке көрсете алмай жүргендер де кездеседі… Алайда, өлкеміздегі танылмаған таланттар қатарындағы ең озаты, белсенді жастың бірі деп Хамит Муталиевті айта аламыз.

Өнер жолын таңдаған кейіпкеріміз жастайынан түрлі салада өзін көрсетіп келе жатыр. Ол шығарған кино туындылары Республикамыздың барша аймақтарына тарап, өз көрерменін жинаған. Жан дүниесі комедияға жақын Хамиттің алғашқы «Қортықтың махаббаты» атты туындысы көптің көзайымына айналып үлгерді. Əзілге толы комедияның əлеуметтік желілерде көрсетілімі күннен-күнге көбейіп келеді. Оқиға желісінде жастардың махаббаты, оған жету жолындағы күрестер ерекше суреттелген. Бұл туынды республикалық «Жас дидар» байқауында жоғары бағаланып, өткен жылы облыстық «Жастар көзімен» қысқаметражды фильмдер байқауында «Қортықтың махаббаты – 2» фильмі бас жүлдені иеленген. Ал, Шымқаламызда өткен «Алтын сақа» балалар кинофестивалінде «Қаһарман» атты киносы 2-орынға лайық деп танылған.

Жас режиссердің туындыларына осы фестивальге қазылық еткен тележүргізуші, продюсер Лəйла Сұлтанқызы мен «Шаншар» театрының актері Жүсіп Ақшора қызығушылық танытып, жоғары бағалаған. Өнер адамы болғандықтан, үнемі ізденісте жүретін режиссер бос уақытында фотограф ретінде суретке түсіруді хоббиіне айналдырған. Былтыр өткен облыстық Ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған «Облыстың дамуы фотограф көзімен» атты фотографтар байқауында «Тəуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның суреттері» номинациясын жеңіп алуы – əуесқой ізденуші үшін үлкен жетістік екені дау келтірмейді. Сонымен қатар, биыл өткен «Түркістан жəне тарихи ескерткіштер» фотобайқауында ол Бас жүлдені иеленді. Міне, ізденістің арқасында қол жеткізген жеңіс тұғыры. Қазіргі жастар арасында мұндай талапшыл азаматтар сирек кездеседі.

«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, Хамиттің тағы бір қыры – əлеуметтік желінің белсенді пайдаланушысы. Қоғамда болып жатқан саяси жəне мəдени ақпараттарды ғаламторға салып, көптің назарына ұсынады. Былтыр өткен «Қазыналы Оңтүстік» журналистер мен блогерлерге арналған байқауда өңіріміз туралы жазылған керемет мақалалары үшін «Оңтүстік мəдениеті» номинациясы бойынша марапатталған. Мақала жазуда қарапайымдылықты ұнататын талант иесінің көптеген мақалалары облыстық басылымдарда жарық көріп, оқырмандардың қызығушылығын оятуда. Кейіпкеріміз алдағы уақытта жемқорлық туралы тағы бір туындыға кіріспек. Бұл туынды арқылы жемқорлықтың қоғамға, болашақ жастарға зиян екенін кеңінен ұқтыруды басты мақсат еткен.

Қазіргі таңда Хамит облыстық мəдениет жəне халық шығармашылығы орталығында режиссер қызметін атқарады. Облысымызда өтіп жатқан мəдени іс-шараларды ұйымдастырушы топтың құрамында. Талапшыл жастың алға қойған мақсаттары жеткілікті. Бос уақытын тиімді пайдаланатын осындай жастарды көріп қуанасың. Жастардың арасында сирек кездесетін осындай азаматтар көп болсын деп тілейміз!

Асхат Әсетұлы

Пікір жазу