Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » ЭЛЕКТРОНДЫ ДЕНСАУЛЫҚ ПАСПОРТЫ

ЭЛЕКТРОНДЫ ДЕНСАУЛЫҚ ПАСПОРТЫ

Оңтүстік Қазақстан облысында кешенді медициналық ақпараттық жүйе қолданысқа енгізілуде. Бұл жүйені іске асыру үшін 8582 компьютерлік техника сатып алынып, жыл соңына дейін облыстың барлық медициналық ұйымдары компьютермен 100 пайыз жабдықталатын болады. Яғни, мамандар медициналық ұйымдардан науқас туралы электронды ақпарат алмасу үшін бірыңғай сервер арқылы байланысады. Ол ақпарат автоматты түрде жергілікті атқарушы органдардағы ситуациялық орталыққа түсіп отыратын болады.

Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұхан Егізбаев облыстық №4 перинаталды орталықтың жұмысымен танысқан ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев бастаған жұмысшы топқа мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа жүйе қолданысқа енсе, қағаз түріндегі құжат айналымы азайып, науқастардың медицина ұйымдары арасында бостан-бос жүруі едәуір қысқарады. Сондай-ақ, облыс халқы республикада алғашқылардың бірі болып электронды денсаулық паспорттарына қол жеткізбек.

Ал облыстың медициналық ұйымдарын кешенді медициналық ақпараттық жүйемен қамтамасыз ету мақсатында екі кезеңде жүзеге асырылатын іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Бірінші кезеңге сәйкес, жыл басынан бері облыстың 35 амбулаториялық-емханалық ұйымында медициналық ақпараттық жүйе орнатылған. Екінші кезең бойынша осы жылдың соңына дейін 68 денсаулық сақтау ұйымында медициналық ақпараттық жүйе құру жоспарланып отыр.

Атқарылған жұмыстарға оң бағасын берген Үкімет басшысы жедел медициналық көмек қызметін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мақсатындағы жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.

Өз тілшімізден

Пікір жазу