Басты бет » Ауыл жаңалықтары » Туған жерге туыңды тік

Туған жерге туыңды тік

Спортты сүймейтін бала жоқ. Кішкентайынан асық ойнап, доп тепкен ауылдың қара домалақтары­ның ең үлкен арманы – спорт кешенінде жаттығу. Іскер азамат ауылдағы ағайынның арманын далада қалдырмай, олардың спорт­пен шұғылдануына ерекше жағдай жасап берді. Оның дәлелі – Есей Баймаханұлы атындағы спорт кешені. Ұзақ жылдар бойы пайда­ланылмай, қаңырап қалған ғима­ратты жекеменшіктен сатып алып, өз қаржысы есебінен қыруар қаржы құйып, зәулім спорт са­райына айналдырды. Спорт ке­шеніне қажетті спорттық құрал-жабдықтармен де қамтамасыз етті. Қазіргі таңда аталған спорт кешені ауданның балансына беріліп, спорттың бокс, волейбол, баскет­бол және еркін күрес түрлерінен үйірме ашылып, жастар мен жасөс­пірімдердің спортпен шұғылданып, бос уақыттарын тиімді пайдала­нуына да мүмкіндік жасап берді.

Спорт кешенінде 80 бала спорт­тың түр-түрімен жаттығып жүр. Сондай-ақ ауыл тұрғындарының да бір мезет футбол, баскетбол, волейбол сынды спорт түрлерімен айналысуына да жағдай жасалған. Кешен ашылғалы бері мектеп спорт­шылары облыстық, респуб­ли­калық және халықаралық тур­нирлерде жақсы нәтижелер көрсе­тіп, биік белестерге жетіп жүр.

Түлкібас жұрты айрықша құр­мет­теп айтатын тағы бір игілікті іс – Мәмбет ата мешітінің қайта жөн­деуден өткізілгені. Мешіт – мұсылман баласының қажетті дұға-тілектерін бір Алла Тағаладан ғана сұрайтын, пенделік қателіктері үшін кешіріп сұрап, тәубеге келетін қадірлі мекені. Мешіт табал­ды­рығын аттаған жанның қадамына сауап жазылады. Пайғамбары­мыздың хадистерінде айтылғандай, мешітке келушілердің оң аяғына сауап жазылып, дәрежесі артатын болса, әрбір басқан сол аяғының күнә-кемшіліктері кешіріледі. Өркен Есейұлы Машат ауылындағы Мәмбет ата мешітіне де демеушілік жасап, жөндеу жұмыстарын жүр­гізіп, шатырын жаңартып берді. Ескі мешіттің жаңарып қалғанына ауылдағы ағайын да дән риза.

Елдегі ағайынның басы ауы­рып, балтыры сыздаса баратын мекені – дәрігерлік амбулатория. Ауыл тұрғындары талай жыл ауыл мен аудан арасында шабылып жүрді. Қазір ауылдық дәрігерлік амбулаторияның өзінің жедел жәрдем автокөлігі бар. Оны сыйға тартқан да – біздің кейіпкеріміз. Одан бөлек, ауылға қажетті бала­бақша ғимаратының құрылысына да қаржы бөліп, ел игілігіне айнал­дырды. Балабақша салынған жер жекелеген адамдардың игілігінде болып, қараусыз жатқан еді. Жеке­мен­шік жерді сатып алып, көр­кейтіп, көгалдандырып, күл-қо­қыстан тазартып, елдің игілігіне айналдырды. Балабақша құры­лысын салуда халық қалаулы­сының інісі Асылбек Кәрібаевтың да үлесі зор. «Інісі бардың тынысы бар» деген – осы. Өркен ағасына қамқорлық көрсетіп, балабақша құрылысының бітуіне қолғабыс тигізді. Бүгінде елу орындықты балабақша халыққа қызмет етуде. Машат ауылындағы «Әулие» бас­тауы да қоршауға алынып, басына белгі орнатылды.

Т.Рысқұлов, Түлкібас, Састөбе елдімекендеріне республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа қо­сымша халық қалаулысының ықпалымен 2,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Бүгінде өзі сайланған өңір­дің әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне ықпал жасап отыр.

Гүлзина БЕКТАС,
«Айқын» газетінің тілшісі

Пікір жазу

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*