Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Болашақ » ЖАҢА СЕРПІЛІСТЕРГЕ ЖЕТЕЛЕЙТІН ҚАДАМ

ЖАҢА СЕРПІЛІСТЕРГЕ ЖЕТЕЛЕЙТІН ҚАДАМ

Қазақстан Республикасы өз тарихында тұңғыш рет қолданыстағы әліпбиін жоғары жақтың нұсқауымен емес, өз еркімен, өз қалауымен, өз таңдауымен, өз ыңғайына қарай ауыстыруға бет алғаны – құптарлық іс екенін сезіне:

  • елімізді экономикалық дағдарыстан қиындықтарға ұрындырмай алып шығудың сара жолын ұсынған;
  • аласапыран кезеңде халықты ауыртпалықтан құтқарып қана қоймай, әрі қарай өсуді, реформалауды, дамуды көздеген;
  • барша қазақстандықтарды жұдырықтай жұмылдырып, Отанымыздың гүлденуіне үлес қосуға шаршамай шақырып жүрген;
  • «Мәңгілік ел» болуға бағыт алып отырған халқымызды асыл мұраттарға үндеген;
  • индустриалды-инновациялық технологияларды кеңінен пайдаланып, елдің қарқынды дамуын жаңа серпілістерге жетелейтін бағыт сілтеген –

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы ұстанымдарды толығымен қолдайтынымызды білдіре отырып, Ұлы даланың тарихында орын алған теңдессіз басқосулардың киелі мекені – алдымен үш жүздің, одан кейінгі тарихымызда бауырлас үш елдің Президенттерінің басын қосқан қасиетті Ордабасы тауындағы Тутөбеде арнайы құрылтайға жиналған «Алтын алқа» баспасының бас директоры Әсет Әссанди, «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Бақтияр Тайжан, NARtv арнасының директоры Ерсұлтан Әмірбек, «Ел бірлігі» газетінің негізін қалаушы Мұхтар Мұхамбетжан, «Уақыт» газетінің бас редакторы Талғат Балтабаев, AGRO business tv телеарнасы директорының орынбасары Дәурен Дүйсебаев және «Ордабасы оттары» газетінің бас редакторы Ғалымжан Зиябек мемлекеттік тіліміздің латын әліпбиіне көшу мәселесін жан-жақты талқылап, заманның талап етіп отырған өзекті ұсынысына қолдау білдірді. Бірінен соң бірі сөз алған алқалы жиынға қатысушылар латын әліпбиіне көшу бастамасын бірауыздан қолдайтынын және жан-жақты насихатталуын қамтамасыз етуге үлес қосатынын жарыса айтты.

Жиын соңында Тутөбеде бас қосқан журналистер арнайы Үндеу қабылдады.

«Алтын алқа» баспасы

PS. Республикалық «Алтын алқа» баспасы осы игі шараның іске асуына жан-жақты жәрдем көрсеткен Оңтүстік Қазақстан облысының Мәдениет басқармасына және басқарма басшысының міндетін атқарушы Ғалия Шарафиеваға, Ордабасы ауданы әкімдігіне және аудан әкімі Рашид Қайыпжановқа, «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығының ұжымына және оның директоры Бахадыр Исматқа, «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясына және оның меншікті тілшілері Бақтияр Тайжан мен Ғалымжан Елшібайға, «Ontustik tv» арнасына және оның директоры Уәли Қыдырға, NARtv арнасына және оның директоры Ерсұлтан Әмірбекке, AGRO business tv арнасына және оның директорының орынбасары Дәурен Дүйсебаевқа, «Ел бірлігі» газетінің редакциясына және оның негізін қалаушы Мұхтар Мұхамбетжанға, «Уақыт» газетінің редакциясына және оның бас редакторы Талғат Балтабаевқа, «Ордабасы оттары» газетінің редакциясына және оның бас редакторы Ғалымжан Зиябекке, «Жанубий Қозоғистон» газетінің редакциясына және оның бас редакторы Алишер Сатвалдиевке, Ордабасы аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкерлері және басшысы Құрманәлі Жылқыбайға алғыс айтады.

Пікір жазу