Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ШЫМКЕНТ: ОРТА МЕКТЕПКЕ САБЫР РАХЫМОВТЫҢ ЕСІМІ БЕРІЛДІ

ШЫМКЕНТ: ОРТА МЕКТЕПКЕ САБЫР РАХЫМОВТЫҢ ЕСІМІ БЕРІЛДІ

Үшінші мегаполистегі №53 мектеп енді генерал Сабыр Рахымовтың есімімен аталады. Салтанатты іс-шара 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында өтті.
«Ұмытылмас ерлік» атты іс-шараны Шымкент қалалық білім басқармасы ұйымдастырды. Барлық санитарлық талаптар сақталып өткен мерекелік жиынға Абай ауданы әкімдігі аппаратының басшысы Димаш Дәуренбеков, Абай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ұлықпан Бәшенов, Қарулы күштер ардагерлері ұйымының төрағасы Серікбай Омбаев, Шымкент қалалық білім басқармасының әдіскері Бақытжан Нұсқабаев және мектеп жетекшілері, зиялы қауым өкілдері, ата-аналар мен оқушылар қатысты.
Жиында Отан үшін жан қиған бабаларымыздың ерліктері мен оны өскелең ұрпаққа дәріптеу жайы айтылды. Ал оқушылар өздері әзірлеген концерттік бағдарламаны көпшілікке ұсынды. Мектеп қабырғасына Батырдың аты жазылған тақтайша ілініп, салтанатты түрде лентасы қиылды.
Айта кетейік, Сабыр Омарұлы Рахымов 1902 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысында ерлігімен, қолбасшылығымен көзге түскен. Кеңес Одағының батыры.
Сонымен қатар, Кеңес Одағының Батырына арналған «Генерал Рахымов» атты көркем фильм түсірілген. Данқты генералға Өзбекстан, Польша елдерінде ескерткіш қойылып, мектеп, көшелерге есімі берілген. Ал Шымкент қаласындағы «Жеңіс» саябағына батырдың құрметіне ескерткіш қойылған.

Пікір жазу