Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » ӘКІМ АҚЫН ШАХАНОВПЕН КЕЗДЕСТІ

ӘКІМ АҚЫН ШАХАНОВПЕН КЕЗДЕСТІ

Биыл ақын, аудармашы, қоғам қайраткері Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Шаханов 75 жасқа толып отыр. Осы даталы мерекеге орай Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ақынмен арнайы кездесіп, мерейлі мерекесімен құттықтап, сый-сияпат көрсетті.

Кездесу барысында өңір басшысы халық жазушысының қазақ әдебиетіне қосқан сүбелі үлесін ерекше атап өтті.

«Сізді өткен ғасырдан жақсы танимыз. Біз сіздің өлеңдеріңізді оқып өстік. Әлі есімде 1986 жылы Мәскеуде өткен шығармашылық кешіңізге де куә болған едім. Сол жылдары Мәскеудің төрінде жеке кеш өткізуіңіздің өзі үлкен ерлік еді. Одан кейінгі жылдары желтоқсан оқиғасына байланысты талай бастамалар көтеріп, қазақтың мұң-зарын жеткізіп жүрдіңіз. Бұл сіздің тек ақынгдығыңыз ғана емес, адами отансүйгіштік қасиетіңіздің айқын көрінісі. Сіз Оңтүстіктің мақтанышысыз, біз сізбен мақтанамыз, қазақ әдебиетінің абызы ретінде өнеріне орасан зор еңбек сіңіріп келесіз», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Мұхтар Шахановтың қазаққа сіңірген еңбегі ұшан теңіз. Арал теңізі, желтоқсан мәселесі, қазақ тілін қорғау, жаһандану, кешегі қазақстандық ұлт мәселесі, тағы басқа ұлттық мүдделер үшін жан аямайтын күрескер ретінде Мұхтар Шахановты қалың қазақ жақсы біледі. Жазушы шығармаларының негізгі тұғырнамасы – адамдықты, адалдықты, әділдікті, тазалықты асқақтату, ездікті, арамдықты, зұлымдықты адамзат баласының өмір болмысына қарсылықты қасиеттер ретінде әшкерелеу болып табылады.

Қазақ әдебиеті мен өнерінің дамуына сүбелі үлес қосқан ақынның «Эверестке шығу», «Жалын», «Достық өлкесінің заңы», «Өркениеттің адасуы», «Шыңғыс ханның пенделік құпиясы» атты шығармалары рухани-адамгершілік құндылықтар тұрғысынан еліміздің таза ұлттық рухынан тыныс алған күрделі туындылар ретінде әлем әдебиетінің қатарына қосылды.

Айта кетейік, бүгін сағат 15:30-да Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында ақынның 75 жылдық мерейтойына орай «Әлем таныған ақын» атты шығармашылық кеші ұйымдастырылмақ. Театрдың фоэсіне Мұхтар Шахановтың 75 жылдық мерейтойына арналған «Әлем таныған ақын» атты көрме ұйымдастырылып, ақынның кітаптары мен ақын жайындағы зерттеулер, естеліктері мен мақалалары қойылады.

Өз тілшімізден

Пікір жазу