Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » ТҮРІК ФИЛЬМДЕРІНІҢ АПТАЛЫҒЫ

ТҮРІК ФИЛЬМДЕРІНІҢ АПТАЛЫҒЫ

Оңтүстік Қазақстан облысында «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылына орай түрік фильмдерінің апталығы басталды.

Түркия Республикасы Мәдениет Министрлігі мен ОҚО әкімдігінің ұйымдастыруымен 1-5 қараша аралығында Шымкент қаласындағы «Shymkent plaza» ойын-сауық орталығының кино залында тарихи, драма бағытындағы фильмдер күнгей көрермендерінің назарына ұсынылатын болады.

Түрік фильмдері апталығының салтанатты ашылу рәсіміне Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, Түркия мемлекетінен келген қонақтар – Еуразия Азаматтық Қоғамдық бірлестігінің төрағасы Исмаил Сафи, Түркия Республикасының Еңбек сіңірген қайраткерлері мен режиссерлары Ерхан Байтемур, Кюршат Кызбаз, киноактерлар Тургай Аталай, Ачелья Элмас, Фуркан Палалы қатысты.

Жалпы бұл көрсетілімнің басты мақсаты түркі елдеріне ортақ, мəдениеті мен əдебиетін арқау еткен тарихи фильмдерді насихаттау, кинорежиссерлер мен актерлар арасындағы шығармашылық байланысты нығайту, тəжірибе алмасуға жол ашу болып табылады.

Кино – кез келген мемлекеттің мәдени айнасы екенін айтқан облыс әкімі Ж.Түймебаев ол халықтың тұрмыс-салты мен дәстүрін дәріптейтін құрал болып саналатынын жеткізді.

«Бүгінде бүкіл әлем кино мен телехикая саласына үлкен ден қойып жүр. Біздің елімізде де кино саласына жіті көңіл бөлініп, кеңінен насихатталып келеді. Себебі, кино жай ғана өнер емес, ол қоғамның ұлттық идеологиясын қалыптастыратын негізгі құралдың бірі. Сондықтан да, кез-келген мемлекет өз киноиндустриясының дамуына зор мүмкіндіктер жасайды. Ал кино мен анимация саласы да Оңтүстік Қазақстан облысында да дамып келе жатыр. Кино саласында жүрген азаматтар Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап көрсеткен ұлттық рухты арқау еткен дүниелерді түсіру арқылы өскелең ұрпақтың жүрегінде мақтаныш сезімін оятып, патриоттыққа тәрбиелеуіміз қажет. Осы бағытты мақсат тұтқан облысымыздағы жеке киностудиялардың 40-тан аса көркем фильмдері көрерменге жол таратты», – деді әкім.

Айта кетейік, 1 қараша күні сағат 20.30-да «Спецназ в Сирии» фильмінің көрсетілімі 5-ші залда; 2 қараша күні сағат 18.00-де «120» фильмінің көрсетілімі, сағат 20.10-да «Длинная история» фильмінің көрсетілімі 3-ші залда өтеді; 3 қараша күні сағат 18.00-де «Моя любовь», сағат 19.45-те «Джан» фильмдерінің көрсетілімі 3-ші залда өтеді; 4 қараша күні, сағат 18.00-де «Свет моих очей», сағат 19.35-те «Последнее письмо» фильмдерінің көрсетілімі 3-ші залда өтеді; 5 қараша күні, сағат 19.35-те «Старик пекарь: Секрет любви» фильмінің көрсетілімі және «Түрік фильмдері апталығының» жабылу салтанаты «Shymkent plaza» ойын-сауық сауда орталығының 3-ші қабатында өтеді.

Еске салайық, түрік фильмдері апталығында өтетін барлық кинолар ақысыз.

Өз тілшімізден

Пікір жазу